Тегеурінді текетірес
Бапкерлер бәсекесінде шешімді шебер ойыншылар шығарды
Екі апталық үзілістен кейінгі жанкүйерлер асыға күткен матчтардың бірі «Тараз» бен «Қайрат» арасындағы кездесу болды. Себебі айтпасақ та түсінікті. Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко ойын мәнеріне әлдебір өзгеріс енгізеді деп сенді көпшілік. Әсіресе, әулиеаталықтар.
Жамбыл жұртшылығының үміті алдамапты. Яровенко бапкерлер бәсекесінде өзін жақсы қырынан көрсете алды. «Тараз» футболшыларының ойын комбинациясы өзгергені бірден аңғарылады. Турнир кестесінде төртінші сатыда тұрған алматылық «Қайраттың» «қаһарынан» еш сескенген жоқ. Қолда барды ұқсата білді, команданы жеңіске жетуге жігерлендірді.
Барды ұқсатқан бапкердің еңбегі екендігіне ешкім дау айта алмас. Өйткені, негізгі құрамда алаңға шыққандарды алмастырып, ойынға серпін беретін футболшылар «Тараз» сапында жоқтың қасы. Шетелден аттай қалап алдырған легионерлерден әзірге, Десли Уббинк пен Рок Ройдан басқасының еш пайдасы болмай тұр. Әсіресе, жарақатына байланысты біраз уақыт саптан шығып қалған Сигурни Банджардың алаңға қайта оралғанына жанкүйерлер наразылық танытқан. Көпшіліктің күткеніндей болды, сол жақ қапталдағы қорғаныстың әлсіздігін байқаған алматылықтар өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді.
Тоғызыншы минутта «Қайрат» сапындағы тоғызыншы нөмірлі ойыншысы есеп ашқан болатын. Іле артынша оң жақ қаптал арқылы қарымта шабуыл ұйымдастырылып Мұрат Тілешов есепті теңестірді. «Тараз» шабуылшысына әдемі пас шығарып берген Уббинк болды. Жалпы, кешегі ойында тараздықтар шабуылды көбінесе оң жақ қаптал арқылы өрбітіп отырды. Ал, қорғаушы Рок Рой мен жартылай қорғаныстағы Уббинктің өзара түсіністікпен ойнайтыны бір кәдеге жарады.
«Қайраттың» бапкері «Тараз» футболшылары дәл осылай тегеурінді қарсылық көрсете қояды деп ойламаса керек-ті. Екінші таймда Марковичтің соққысына қарымта соққымен жауап қайтарған Схорыхтың голынан кейін Вайстан маза кетті. Тең нәтижеге көңілі толмайтынын аңғартып, ойыншылар алмастырды. «Тараз» сапында да өзгерістер орын алды. Бірақ, Яровенко сенім артқан футболшылар ойынға тың серпін берген жоқ. Қарсыластың осал тұсын табар деген «Қайраттың» экс-ойыншысы Олег Недошковский де түк өндіре алмады. Бапкерлер бәсекесінде шешімді шебер ойыншылар шығарды. Вайстың «Таразға» қарсы дайындаған жоспары өз жемісін берді. 67-минутта Бауыржан Исламхан дубльдің авторы атанды. Есеп 2:3, алматылықтардың пайдасына.
Бірақ, бір шындықты айту керек, Вайс бұрыннан «Тараздың» тас түлегіне көбірек сенім артатын. Әр матчта негізгі ойынқұраушы міндетін Бауыржан Исламханға жүктейтінін айтып жүр.
Ардақ Үсейінова,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Ерлік жолын жеңіспен ұштастырған өрендерӨрнек
- 23 желтоқсан, 2024
Бірқатар нысандар ел игілігіне берілді
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді