«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таңқаларлық есеп!

Таңқаларлық есеп!
ашық дереккөз
Таңқаларлық есеп!

Экс-чемпиондар алғашқы кездесуінде-ақ есеңгіреп қалды

Биылғы әлем чемпионаты қызыққа толы болатын түрі бар. Доп додасының топтық кезеңдерінің өзінде сенсация орын алды. Испания құрамасы алғашқы кездесуінде Голландиядан ірі есеппен жеңілді. Есеп – 1:5. Бұл Испания жанкүйерлері үшін күтпеген жағдай болды. Жанкүйерлер былай тұрсын, мұндай нәтиже экс-чемпиондардың өзін есеңгіретіп тастағаны анық. Негізі, осы кездесудің басты фавориті Испания құрамасы еді. Бірақ, нәтиже басқаша болды. Голландиялықтар жанкештілік танытып, ойын барысын 180 градусқа өзгертіп, матч алдында жасалған болжамдарды теріске шығарды. Бірінші таймның 27-минутында пенальтиден соғылған гол «қызғалдақтар елінен» келгендерді керісінше ширықтыра түскендей. Үзіліске екі минут қалғанда Ван Перси Касильяс қорғаған қақпаға баспен соққы жасап, есепті теңестірді. Футболда жиі қолданылатын «доп-домалақ» деген тіркес тура Испания мен Голландия кездесуіне қаратып айтылған секілді. Осыдан төрт жыл бұрын финалда испандарға тізе бүккен голландиялықтар есе қайтарғандай. Десе де, Хаби Алонсо, Хави, Иньеста, Диегу Коста есімді әлемге танылған ойыншылары тұрғанда Испания топтан шыға алмауы мүмкін емес. Алғашқы матч олар үшін сәтсіз болғанымен, кейінгі ойындарда естерін жинайды деп сенеміз. Топтық кезеңдердегі тағы бір күтпеген жаңалық Коста-Рика құрамасының уругвайлықтармен кездесуінде орын алды. Бастапқыда 1:0 есебімен жеңіліп жатқан «өлім тобындағы» ұпай үлестіруші команда саналған коста-рикалықтар екінші таймда үш гол соғып, алға шықты. Сондай-ақ, жапондардан 1:2 есебімен басым түскен ивуарлықтар да (Кот-д-Ивуар құрамасы) өзгеше мінез танытты. Бұған дейін қос құрама небәрі үш рет кездесіп, екеуінде жапондардың мерейі үстем болған (1993, 2003, 2010 жылдары).

Ардақ Үсейінова,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар