«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Актер – режиссердің қолындағы пластилин»

«Актер – режиссердің қолындағы пластилин»
ашық дереккөз
«Актер – режиссердің қолындағы пластилин»

Бүкпесіз әңгіменің бүгінгі қонағы – белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Әлпейісов

«Ол кезде көп кино көрерменге жетпейтін»

11a7a4PjgpE– Әңгімемізді ауылдан бастасақ. Тұрар Рысқұлов ауданына қатысты Луговой ауылында дүниеге келдіңіз. Былайша айтқанда, болат жолдың бойында балалық шағыңыз өтті. Өнер әлеміне қалай келдіңіз, ол жақта мәдени шаралар көп бола бермейді ғой... – Біздің стансаға бірде-бір театр ат басын бұрған емес. Анда-санда қуыршақ театры ғана жолай соғатын. Соны ғана көрдік. Ал былайша спектакльді тамашалап, әншілердің келгенін өз басым көре алмадым. Неге екенін білмедім, бәлкім сол шақта ауылымызда гректер, басқа да өзге ұлт өкілдері көп болғандықтан ба, әйтеуір қазақ театрлары бізді сырт айналып кететін. Өйткені, зал дегенің толмайды ғой. Әйтпесе, стансада тәп-тәуір клуб та бар болатын. Біз тек үнді киноларын тамашалап, соны қызықтап өскен ұрпақ санатынанбыз. Театрды көрмегендіктен бала кезден актер болуды армандадым деп айта алмаймын. Актер болсам деген асыл мұрат жүре келе, есейген кезде пайда болды. Өмірімді өнерге арнасам деген мақсат мені басқа арнаға бұрғызбады. – Өнер жолын таңдауыңызға не әсер етті. Үлкен кісілер өмір жолыңызда жолықты ма? – Негізі менің өмірімнің бәрі кездейсоқ оқиғалардан тұратын сияқты. Алайда, оны шын мәнінде кездейсоқ деп айтайын деп тізбелеп қарасам, кездейсоқтыққа да келмейді екен. Бәрі бір арнаға бағытталған тәрізді. Өнер саласында ешқандай да танысым, үгіттейтін, ақыл айтатын адамым болған емес. Өзім осылай шешім қабылдадым. Бұл бәлкім жүректің әмірі шығар, кім білсін?! Іште «осы сенің қолыңнан актер болу келеді» деген бір ой түртпектеп тұрды. Сол тұнық ойдың жетегінде кете бардым. Мамандыққа адалдықтан шығар, бертін келе жолым ашыла берді. – Балалық шағыңыз, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз. Қандай бала болдыңыз? – Жеңгелерім мені бұзық деп айтатын. Үлкен жеңгем солай ат та қойды. Әйтеуір, бір орнымда отырмайтынмын. Сондықтан солай атаған шығар. Кішкентайымнан елгезек едім, бәрін білгім, бәріне араласқым кеп тұрады. Бір отбасында жеті бала өстік. Мен үйдің бесіншісі болсам да, сүт кенжесі секілді ерке етінмін. Былайынша айтқанда, кенже баланың рөлін осы мен атқарған сияқтымын. Жоқ жерден шатақ шығарып, табылмайтын нәрсені сұрап, сөйтіп, бәрінің миын ашытатынмын. Соным үшін үлкен ағаларымнан таяқ та жедім. Сонда да қоймадым. Кенженің рөлін сомдағаныма қарағанда актерлік ғұмырым бала кезден басталды ма екен (күлді). «Ай, осы баланың мінезін-ай!» деді ғой талайы. Неге екенін қайдам, еркелегім келеді де тұрады. – Әрине, театр және кино актерісіз, көптеген фильмдерде, сериалдарда түрлі кейіпкерлерді сомдадыңыз. Алайда, жұрттың есінде «Қара шегіртке», «Тоғысқан тағдырлар» атты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы телесериалдардағы бейнелеріңізбен қалдыңыз, сол рөлдер арқылы кеңінен танылдыңыз... – Шыны керек, бұл сериалдарға дейін көптеген фильмге түстім. Негізі ең алғашқы түскен фильмім – Серік Апрымовтың «Қияны». Түсіру жұмыстары қасиетті, киелі Семей өңірінде басталды. Сондықтан, семейліктер мені әлі күнге жақсы көретінін сеземін. Жалпы, телевизия арқылы танылу деген бөлек дүние. «Тоғысқан тағдырлардың» 465 сериясы бар. Ел оның бәрін көрмесе де, он шақты сериясын көргені бізге жетеді. Ал осы «Тоғысқан тағдырларға» дейін көптеген фильмдерде ойнағанымды айттым. Алайда, олардың көбісі көрерменге жете бермейді. Мысалы, «Қиянның» өзі мүлде көрсетілмей кетті. Елдің есінен де шығып барады. «Сұрапыл Сұржекей» фильмі де мен үшін өте қымбат. Өйткені, Нұрмұхан Жантөрин сынды ұлы актермен бірге жұмыс істедім. Сол кісінің үзеңгілес партнері болдым. Ол туынды екі сериядан тұратын. Отызыншы жылдардағы қырғын ашаршылық – негізгі тақырып өзегі. Сол бір алмағайып қасіретке толы дәуірде халықтың төрттен бір бөлігі қырылып кеткен жоқ па? Кеңес үкіметі құлашын жайған шақта, елдің қарны тоқ кезде болды ғой мұның бәрі. Әдейі жасалған солақай саясат қаншама қазақтың түбіне жетті десеңші. Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы желісімен түсірілген осы фильм жадымыздан қалай өшсін? Басты рөлде «Тамашаның» тарланы Мейірман Нұрекеев ойнап еді, жарықтық. – Қателеспесем, «Қиянда» сіз жалғыз кәсіби актер болдыңыз. Ауыл адамдарының арасында өзіңізді қалай ұстадыңыз? – Режиссер Серік Апрымовтың алдыма қойған мақсаты да сол болды. «Ауыл адамдарының ортасында жүретін бір актер керек еді. Алайда, ол өзінің актер екенін көрсетпей, оларды жетелей білетін, бағыттай алатын адам болуы керек» деді ол. Мұны кейін сұрағанымда айтты Серік. Оның таңдауы маған түсіпті. Сол кинодан бастау алып кеттік. Серік, суретші Сәбит Құрманбеков бәріміз замандаспыз. Менің театрда жүрген кезім. Түсірілімнің өзі қызықты өтті. Күнде жүздесеміз, талқылаймыз. Бірге отырып, әрбір эпизодты қайтадан ойнап шығамыз. Серік бізден ақыл сұрайды. Біз білгенімізше айтамыз. «Мен мына сахнаны былай көремін, осылай істесек қайтеді» деп отырушы едік. Оның өзі керемет екен ғой. – Ауыл адамдары сіздің рөліңізге қаншалықты сенді. Кәсіби маман екеніңізді білген болар... – Иә, білді ғой. Алматыдан келгенімді естіді. Олармен бірден араласып кеттік. Өзім де ауылда өскендіктен, барлығы таныс жағдай. – Сіз түскен фильмдерді, сериалдарды қарап отырсақ, бірқатарында жағымсыз рөлдерді сомдайсыз. «Жансебілдегі» рөлді алып қарасақ та, Бек образына көз жүгіртсек те соны көреміз. Өзіңізге осындай рөлдер ыңғайлы ма, әлде режиссерлер таңдауы ма бұл? – О, «Жансебілдегі» рөлім – жағымсыздың жағымсызы. Актер негізі – режиссердің қолындағы пластилин. Пластилиннен қандай бейне жасағың келсе, соны істей аласың. Ол енді режиссердің шеберлігіне байланысты. Актердің міндеті – сол пластилин секілді кез келген нәрсеге икемделіп, көну, кез келген ситуацияға дайын тұру, кез келген кейіпкердің образына ене білу. Сол себепті актер бір арналы болмай, неше түрлі образдар жасағаны – өте тиімді. Жалғыз аяқ жолмен жүру актердің өзіне дым қызық емес. «Сені мына қырыңнан көрдік, енді басқаша бағытта көрсек» дейтін режиссерлермен қуана келісетінім рас. Шындап келгенде жағымсыз кейіпкердің рөлін алып шығу үшін ізденетін тұстар өте көп. Мәселен, соңғы жұмыстарымыздың бірі – «Құстар әні». Мұнда өте жағымсыз кейіпкер саналатын директордың орынбасары рөлін ойнадым. Бұл рөлді жаным сүйіп орындадым. Актердің диапазоны неғұрлым кең болса, мүмкіндігі де зор. Неғұрлым әртүрлі рөлдерді сомдасаң, соғұрлым шеберлігіңді шыңдай түсесің. Бұл үлкен плюс. – Иә, театрдан іргеңіз алыстағалы ұзақ уақыт болды. Былайғы жұрт сізді көбінесе кино актері ретінде тануы да заңды. Театр – синтездік өнер. Бәрі көрерменнің көз алдында. Қателесуге қақың жоқ. Сізге қайсысы жақын? – Әрине, алдымен театр. Себебі, екі сағаттық спектакльдегі рөлді басынан аяғына дейін үзбей сомдап шығасың. Одан өзің де керемет рахаттанасың. Онда кейіпкердің образына енудегі процесс үзілмейді, үздіксіз жүреді. Ал кинода мүлде бөлек қой. Кішкентай-кішкентай, бір-екі минуттық эпизодтардан құралып, ол кейін монтаждалады. Театр сонысымен ұтымды. Театр – киноға дейінгі дайындық. Көрерменнің көз алдында болуың бір, екінші – көрерменмен тікелей байланыс. – Театр және кино өнерінің корифейі Асанәлі Әшімов күнделігінде: «Адам бақытты болмайды. Адамның өмірі бақытты сәттерден тұрады» депті. Бұған қалай қарайсыз? – Бұл ретте «Бақыт деген не?» деген сауал туындайтын шығар. Жер бетінде қаншама адам бар? Ендеше, бақыт дегенді әркім әрқалай түсінеді. Асағамның сөзіне қосыла отырып, өмір қуанышты сәттерімен бағалы дер едім. Ал бақыт деген жалпы адам баласының осы өмірдегі қанағатынан, шүкірінен тұратын шығар. Меніңше тәубесі бар адамның бәрі де бақытты.

«Қазір сын айтудан да қаймығамыз»

– Өзіңіз түскен фильм болсын, әлде қазіргі қазақ кинолары болсын, экраннан көріп отырғанда ондағы сценарийден бастап, операторлық жұмысқа, бейнелерге сын көзбен қарайтын кезіңіз болады ма? – Бүкіл жұмысқа сын көзбен қарайтын кез болады. Сценарийден бастап, оператордың, режиссердің, актердің, суретшінің, костюмер, гример жұмысы – бәрі де көзге көрініп тұрады. Сын айту үшін не жайында ой өрбіткелі отырғаныңды білуің керек. Режиссерге сын айтқың келсе оны білуің шарт, операторлық жұмысты көңілің қош көрмесе, оны сынай алатын шамаң болсын. Қысқасы, әр нәрседен хабарың болмаса, сының далбаса. Сондықтан, сын айта салу – оңай емес. Ол намысқа, жеке басқа тимейтіндей болуы керек. Әр адамға әртүрлі сын айтуға тура келеді. Бәрі де нәтижелі болуы үшін. Адамның мінезін де назарда ұстаған ләзім. Мүлде сын көтере алмайтын жігіттер бар. – Демек, мүлде көтере алмайтын әріптесіңізбен ренжісіп қалдыңыз ғой... – Есімі елге таныс әріптесімнің екінші жұмысына түскен соң қалған фильміне түсе алмадым. Бірде ол маған үшінші жұмысын алып келді. Екеуміз бас қосып отырғанда: «Бақытжан, мына жұмысты көрші, сосын өз пікіріңді айтасың», – деді. Көрдім, іркілместен сынымды айттым. Ол бұлқан-талқан болды. Ашуланғаны соншалық, қолын бір сілтеді. Сонда деймін, сынды да төбеден түскендей етпей, әр адамның мінезіне қарап айту керек екен ғой. – Кейін көңілшектікпен өтірік мақтайтын сәттеріңіз болды ма сонда? – Сын деген өте ауыр ғой. Көңілдерге қарап көңілшек те болып кетеміз. Көңілге қараймыз деп, кейде өтірік айтуға тура келеді. Сол дұрыс па? Шынын айтайын, осы қанағаттансыншы деп шын орнына өтірікті талай айтқан кезіміз болды. Құрысын, көңіліне келмесінші деймін. Лажсыз мақтайсың. Ол мақтау күтіп тұрса, басқа амал бар ма?! Оның көзінде: «Мен мақтаудан басқа ештеңені қабылдамаймын» деген ой ойнақшып тұр. Керегін бересің. Үндемей кетуге тағы болмайды. Бір-екі дұрыс режиссеріміз бар еді. Олар сол «сын айтпау үшін» көрмеуге тырысамыз дейді. «Әлі көргенім жоқ» деп құтылады екен. Қызық. Әлгі кісілер ештеңе сұрамаса екен деген ойда жүреді. Сұрай қалса, амал жоқ, өтірік айтады. Өкініштісі, мұндай жағдай жиі кездеседі. Сондықтан, сын нәтиже бермесе, айтудың қажеті бар ма? Түкке қажеті жоқ деп ойлаймын. Одан да «жақсы екен» дей салған тиімді. – «Елбасы жолы» киноэпопеясына түстіңіз. Қаныш Сәтбаевтың рөлін сомдадыңыз. Өмірде болған тарихи бейнелер. Сондықтан, жауапкершілік жүгі ауыр. Қаншалықты қиын соқты? – Жоқ, соншалықты күн-түн ұйықтамай, қиналдым деп айта алмаймын. Қаныш ағаның ауылына барып, деректі фильм түсіріп, оның жүргізушісі болуыма да тура келген. Қаныш аға туралы жинаған материалдар өзімде жеткілікті болатын. Былайынша айтқанда, жинаған қорым бар-тұғын. Туған ауылында болдым. Қаныш аға басқан тауды, жерді бастым. Сол кісі шомылған көлдерде шомылдым. Сондықтан, мен бұл рөлге дайындықсыз келдім деп айта алмаймын. Бір өкініштісі, фильмде Қаныш ағамды үстірт қана көрсетіп өтті. Ал Теміртаумен, жалпы еліміздегі кен орындарымен Қаныш ағамыздың өмірі тікелей байланысты емес пе? Енді оның бәрі сценарий жазған адамға байланысты шығар. – Анығырақ айтқанда, тұлға ретінде сіз қадір тұтатын Қаныш Сәтбаевтың экрандағы бейнесі көңіліңізден шықпады ғой? – Иә, шықпады. Бейне толықпай қалды. Бірақ мен сценарий солай екенін, кішкентай ғана бір жылт еткен сахнада болатынын білдім. Сондықтан, ешкімге ешқандай өкпем жоқ. – Театр, кино, дубляж, түсірілім. Бәріне қаншалықты үлгеріп жүрдіңіз? – Театрды қойғаныма 17 жыл болды ғой. Бір мезеттерде қатты қиналғаным рас. – Иә, театрдан қол үзгеніңізге ұзақ уақыт болғанын білеміз. Десе де, ешқандай рөлдерге шақырмады ма арасында? – Шақырған жоқ театр. Жо-жоқ, өтірік айтамын. Есмұхан Обаев ағам, Асанәлі, Әзірбайжан ағаларым шақырды айтпақшы. Бірақ, бір себептермен кейінге қалдыра бердім. Соңғы рет былтыр ұстазым Асағам: «Әй, Бақытжан, сен көп жүріп қалдың ғой. Келсеңші енді театрға», деп ұсыныс айтқан. «Жарайды аға, ойланамын» дедім. Содан әлі жүрмін. Негізі театрға оралу ойымда бар. Алайда, қазір көптеген сериалдар, фильмдер түсіріліп жатыр. Бара салып қайтадан: «Мен киноға түсетін едім, жіберіңізші» деп сұранған да ыңғайсыз сияқты. Барған соң өміріңді театрға арнайтындай болып барған жөн секілді. – Театрда жүргенде «мына рөлді ойнасам» деген, алайда сомдай алмай кеткен образдар болды ма? – Әрине, болды. Ондай рөлдер көп қой. Мен театрдан кеткен соң 5-6 жылдан соң М. Әуезов атындағы академиялық театры «Гамлетті» қойды. Режиссері – Ханинга деген жігіт. Сонда барып: «Мені үшінші, төртінші құрамға болса да алшы. «Гамлет» үшін театрға келуге тастүйін дайынмын. Гамлетті ойнау – менің асқақ арманым» деп өтініш айттым. Ол келіспеді. «Жоқ, менің барлық құрамға актерлерім бар», – деді. «Жарайды» деп бас изедім.

«Белгілі ағам «Бақытжанның көкірегіне нан піскен» депті»

– Театрға немесе театрдағы жекелеген адамдарға өкпе-ренішіңіз бар ма? – Театрға өкпелеу мүмкін емес қой. Жекелеген адамдарға ренішім болуы ықтимал. – Жекелеген адам дедіңіз, дұрысы басшылыққа ренжіген сияқтысыз ғой? – Әрине, болды. Оны жасырмаймын. Ел білетін ағама ренжідім. Театрдан кетуіме де себеп сол. Бір күні ол кісіге: «Аға, біз мысалы қырыққа келдік. Қырыққа келген адам әлі күнге көбінесе найза ұстап, сахна артында көпшілік сахнада жүрміз. Осылай жүре беретін болсақ, елуге де, алпысқа да келеміз. Өзімізді-өзіміз сыйламай кетуіміз мүмкін. Менің әзірге өзімді сыйлайтын шамам бар. Егер осы найза көтеруді тоқтатпасаңыз, онда мен театрдан кеттім», – дедім. Найза көтеру деген не ұғым? Театрда көпшілік сахнасы болады. Актерді өлтіретін де осы – көпшілік сахна. Ол актердің жеке шеберлігінің бәрін өлтіреді. Өкінішке қарай сол «массовканы» орынсыз пайдаланатын режиссерлеріміз жеткілікті. Жарайды, 60-70 жылдары халықты көрсету мақсатында керек болған шығар. Қазір мүлде басқа шешіммен де осы сахналардан біршамасынан шығуға жол табылады. Жарайды, 20-30 жаста болсаң, мақұл, ал енді 20 жыл көпшілік сахнаның айналасында жүрсең, кетуің керек деп топшылаймын. Көпшілік сахнада отырып: «Жөөн айтады, дұрыыс екен, еее» деп отырып өліп кетесің. Дүрдей көкеме осыны айттым. Алайда, ол көкем менің айтқанымды жігіттерге «әрлеп» жеткізіпті. – «Жұлдыз болып кетті» деген сыңайда ма? – «Ана Бақытжанның кеудесіне нан пісе бастапты» деп айтыпты. Ол кісі: «Сен онда көпшілік сахнаға шықпай-ақ қой, мен айтамын» дейді. «Аға-ау, сіз түсінбей отырсыз, мен өзіміздің буынның атынан келіп отырмын. Біздің буынды ойламасақ, болмай барады. Үлкен буынның театрдан көрген рахатын біздікілер сезіне алмайды, оларды ешкім ойлап отырған жоқ. Ортадағы бір көпір сияқты болып қалдық. Арқамыздан қаққан жылы сөз де жоқ. Театрдың отымен кіріп, күлімен шығамыз. Күн-түн демей, осы жердеміз. Алайда, алғыс та алмадық. Не бір табыс тауып жатқанымыз жоқ. Күнделікті театрдамыз. Сондықтан, қарсы болмасаңыз, мен театрдан кеттім» дедім. Ағамның өзінен: «Сіз көпшілік сахнадан қашан кеттіңіз?» деп сұрадым. Өзі отыз жаста кеткенін сөз етті. «Аға-аа, мен қырықтамын! Менің өмірім кетіп барады. Ал сізге бәрібір шығар. Сондықтан өз тағдырымды өзім шешейін. Рахмет!», – деп өтінішімді жаздым да, кеттім. Режиссер үшін иә, керек. Бірақ, қажет болса отызға дейін жүр, одан кейінгісі – қорлық. Көпшілік сахнада жүріп, актерлік шеберлігім шейіт болмай тұрғанда, қорланбай тұрып, кеткен жөн. Станиславскийдің: «Кішкентай рөл болмайды, кішкентай актер ғана болады» деп айтқаны бар ғой. Сол айтқандай көпшілікке сала бергеннен актер жойылып кетеді. – Сөзіңізден байқағаным, енді театрға оралсаңыз, өзіңіз талап қоясыз... – Егер көнсе, көнбесе амал жоқ қой. Тағы бір айтарым, театр әрбір келген актерді мінезіне байланысты әлдилеп отыруы керек. Актерді «штучный» дейміз ғой. Сондықтан, бәріне бірдей қарамау ләзім. Мәпелеп, аялап, қамқорлық жасап, содан кейін талап ететін болса, сонда ғана үлкен процесс жүріп, ірі дүниелер тууы мүмкін. Ал бізде бәріне бірдей қарап үйреніп кеткен. Бірдей жұмысты зауыт істейді. Бір қалыппен машина, комбайн шығарады. Айналайын-ау, театр бұл бөлек, бұл шығармашылық ұжым ғой! Ана бір актердің мінезі мына бір актермен сәйкес емес. Әлгі актерге айқайлап сөйлеуге болса, мына актермен мүлде ұрсысуға болмайды. Оған жәй сөйлеп, арқасынан қағып отырып сөйлеу қажет. Сол сәтте ғана театр талғамы биік көрермен сұрап отырған үлкен дүниелерге бара алады. Ой, мұны түсінетін режиссер кемде-кем болды ғой. – Демек, режиссерге жарымаған актер болдыңыз ғой... – Режиссура тапшы. Режиссураға өзім зәру жанмын. Актердің бақыты – өзінің жолындағы алдыменен авторын, драматургын немесе жазушысын, екіншіден, режиссерін бір мезетте, өзінің ғұмыр кешкен заманында табуы. Бұл дегенің – үлкен бақыт екен ғой. Неге олай? Себебі бір ғана Әуезов атындағы театрды күллі әлемге танымал деңгейге жеткізген бір ғана режиссер болды. Ол – Әзірбайжан Мәмбетов. Әзірбайжан Мәмбетовтің уақытымен, эпохасымен Әуезов театрының бүкіл «мен» деген спектакльдері байланысты. Ал ол кісінің шығармашылығы тағы да ұлы адамдармен тікелей байланысты болғанын мақтанышпен айта аламын. Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Қалтай Мұхамеджанов сынды төрт авторға ғана сүйене отырып, қандай дүниелер шығарды, а? Әзекең мәңгі ұмытылмас дүниелерді ел алдында көрсетуімен есте қалды. Әзекеңмен бірге жұмыс істеген актерлер қандай еді? Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Бекен Римова, Сәбира Майқанова. Қадау-қадау таланттар ма? Таланттар. Бұлардың актерлігімен Әзекеңнің режиссурасын бөліп қарай алмайсыз. Бір-бірін сүйеп, толықтырып тұрған тұлғалар. Өкінішті әрине, Әзекеңмен бір-екі ғана жұмыстың басы-қасында болып үлгердім. Шекспирдің «Асауға тұсауында», «Қозы Көрпеште» ғана ойнадым. Осыдан соң маған дәл сондай тұлға режиссер жолыға қойған жоқ. Қайтеміз енді, бұл да біздің минусымыз. Күні кеше ғана дүниеден өткен Жанат Хаджиев қандай талант еді? Онымен де жұмыс істей алмадым. Еңбегі бағаланды ма, бағаланбады ма, білмеймін. Бағаланған шығар... Көзімнің жеткені – бір режиссер бүкіл актерлер ұжымын, қауымдастығын сүйрей алады екен. Ал режиссерді сүйрейтін – автор. Екеуі бір-бірін жазбай тапса, актерлер үшін үлкен қуаныш та сол. Актер бақыты дегенге жауап бергенде, менің санамдағы ойлардың бір тармағы осымен де сабақтасады. Мен кинода болсын, театрда болсын, әлі режиссерімді таппаған адаммын. «Жантөриннің қасында жүргенім үшін мақтанатынмын» – Сонда кинода әлі орындаушы болып тұрсыз ба? – Иә. Бұл менің мамандығым. Тек орындаушымын. Басқа қолымнан келмейтін болуы керек. «Неге кино түсірмейсіз, неге жазбайсыз?» деп сұрап жатады. Ол енді басқа мамандық қой. Мен бір мамандықты игергенмін және осы мамандықтың иесімін. – Жантөринмен партнер болдыңыз. Ол кісі туралы аңыз әңгіме көп. Біреулер: «Жантөриндік мінез» деп аузының суы ағып әңгімелеп жатады. Сіз Жантөриннің табиғатынан, мінезінен не байқадыңыз? – Біріншіден, тереңдікті аңғардым. Актер ұғымына лайықты тұлға, актерге тән үн, қысқасы актерге тән дүниенің бәрін Құдіреті шексіз Алла тағала бір адамға бере салған. Ол кісі келе жатқанда кез келген адамды мысы басады. Ұлыны көріп кішіреймеу мүмкін емес. Үлкен әріптермен жазылатын: «Вот величество актер»! Қаншама актер бар? Биік интеллектісімен, білімімен, оқығандығымен, қазақ тарихын терең білетіндігімен он орап алатын. Біздің бойымызды тағы да бас әріптермен жазылатын қызғаныш емес, мақтаныш сезімі кернейтін. «Бізде, қазақта осындай актер бар!» деп мақтанатынбыз. Мен осы кісінің қасында келе жатқанда мақтанып, шаттанатынмын. Кез келген ұлттың, қауымдастықтың алдында бүкіл қазақ халқы үшін Жантөринді алдыға салып, асқақ сезіммен көрсете аласың. Бір Жантөрин бүкіл қазақ халқының өнеріне жауап беретіндей күй кешесің. – Театрдағы мансабыңызды байқасақ өкініш бар сыңайлы, ал енді кино саласында өзіңізді, өз рөліңізді таптыңыз ба? Әлде әлі де алда сияқты ма? – Үмітсіз тек шайтан ғана ғой. Сол себепті әлі де керек шығармыз, әлі де талай-талай образдар ұсынатын шығармыз деген үміт бар, әлбетте. Бірақ, кинодағы өзімнің ғұмырыма дән ризамын. Өз қатарластарымнан алғаш болып түскен, киноның дәмін татқан жанмын. Кино әлемінде өкінбейтін бір адам болса, ол мен шығармын деп ойлаймын. Өйткені, «Мен!» деген режиссерлердің барлығымен жұмыс істеп көрдім. Жаңа толқын аталған, 1986-1989 жылдарда жарқ еткен азаматтармен қызметтес болдым. Сатыбалды Нарымбетов, Талғат Теменов, Серік Апрымов, Абай Қарпықовтардың бәрімен де еңбек еттім. – Жаңа «режиссерімді таппаған жанмын» деп едіңіз. Десе де кинодағы мансабыңызға салыстырмалы түрде риза екеніңізді байқап отырмыз. Аты аталған режиссерлердің ішінде қайсысы сізге көбірек ықпал етті немесе кімнен үйренеріңіз көп болды. Біреуін ерекшелеп айтып бере аласыз ба? – Жоқ, ерекше деп бөле алмайтын шығармын. Әрқайсысы қазіргі таңда «Мен!» деген мықты режиссерлер ғой. Дегенмен, Серікпен қоян-қолтық көп жұмыстар атқардым. Серіктен көп нәрсе үйрендім деп есептеймін. Оның үстіне жас шамамыз да қатарлас. Оның да әсері бар болар. – Қазір араларыңыз алыстап кеткен секілді... – Қазір Секең алыстау, қайда жүргенін де білмеймін. Жалпы, кинодағы ғұмырыма алғысым зор. Әлі де талай образдар алдымыздан шығып қалар. Бірақ, тұшынып, әй бір айызым қанып көп ойнай алмай жүрмін. – Демек, кинода актер ретінде өз потенциалыңызды, амплуаңызды көрсете алмай жүрсіз... – Иә, иә, сол потенциалымды көрсететін мүмкіндік болмай жүр. Ондай рөл де жолығар емес. Психологиялық драмалар тапшы. Актер ретінде біз әбден тәжірибе жинап, толысқан, шеберлігіміз шыңдалған шағымыз. Қазір нағыз аламан бәйгеге салатын шақ қой бізді. Сол аламан бәйге табылмай тұр. – Отбасыңыз туралы айтып беріңізші. – Жұбайым Раушан екеуміздің шаңырақ көтергенімізге 35 жыл болды. Үшінші курсты аяқтап жатқан шақта отбасын құрдық. Содан бері екеуміз бүкіл қиындықтарды басымыздан өткіздік. Көрмеген тауқымет жоқ. Үй-күй жоқ кездер. Орыс кемпірлердің исі қолқаны қабатын аядай бөлмесінде бірге тұру, оны тазарту, от жағу. Екі бала дүниеге келді. Тағы да пәтер іздеу. Жатақхана жоқ, не оған, не маған бермейді. Ол да қолға қиындықпен қонатын бақыт секілді еді. Алматының қандай қиындығы бар болса, соның бәрін де басымыздан өткердік. Кейін театрға келдік. Балаларды асырау үшін екі жұмыс істедім. Әрі актермін, әрі сахнаны өзім құрамын, өзім жинаймын... Әйтеуір театрдан шықпаймын...

«Ұлдарыма: «Сендер үшін актерліктің жолы жабық» дедім» – Адам баласы өзі көрген мехнатты, жан азабын ұрпағым көрмесе дейді ғой. Сол себептен балаларына өзі таңдаған мамандықты таңдатпай жатады. Бұл жағы сізде қалай? – Менде де солай. Екі ұлыма сондай талап қойдым. «Сендер үшін бір ғана мамандық – актерліктің есігі жабық. Қалған мамандықтардан қалағандарыңды таңдаңдар» деп кесіп айттым. Кейде бекер олай айттым ба деп те ойлаймын. Бұл екі бала театр көріп, киелі шаңырақтың аурасымен тыныстап өсті ғой. Қалдыратын жер жоқ болған соң жетектеп театрға апарамын. Бәрін көрді. Театрдың атмосферасын өте жақсы біледі, сезінеді. Сол себепті де бекер айттым-ау, тосқауыл болдым ба екен деген ойлар санамда тұрады. Екеуі де басқа мамандықтың иесі атанды. – Сонымен олар қандай мамандықты таңдады? – Біреуі – қаржыгер, екіншісі – заңгер. Біздің бұл қадамымыз балаларды қорғаштағанымыздан, олардың тағдырына алаңдағанымыздан шығар. Тағдырдың тезіне тойтарыс бере алмай, сынып кетуі мүмкін деп ойлаймыз ғой. Шын мәнінде тағдыр тәлкегіне шыдай алмай сынып кеткен қаншама жандарды көзімізбен көрдік?! Ішкілікке салынып кеткендер де ұшырасып жатты. Өнер – бәйге. Бірде атымыз озса, бірде шаң қауып қалып кетеді, енді бірде омақаса құлайды. Мұндай сындарға тойтарыс бере ала ма, жоқ па? Әрине, алаңдайсың. Бәлкім менің ұғымым қате болар. Алайда, балаларымнан: «Сендер өкінбейсіңдер ме?» деп сұраймын. Олар: «Жоқ, өкінбейміз. Актерлік қолымыздан келмейді» деп мойындап жатады. Мүмкін немерелерім театрға аңсары ауатын кез келетін болар. Ол кезде мен мүлде қарсы болмаймын. Балаларымның актер болуына қарсы болуымның тағы бір себебі, ол шақта мемлекеттің киноға мойын бұратын шамасы жоқ еді. Киноның қирап, «Қазақфильмнің» қалт-құлт етіп тұрған дәуірі болатын. Сонда «Қазақфильм» қалпына келу үшін ұзақ уақыт керек деп пайымдайтынмын. «Сендер сол кезге түсіп қаласыңдар» деп те айтатынмын. Біз киноға түсе бастағанда жыл сайын «Қозы көрпеш», «Сұрапыл Сұржекей», «Сергелдең», «Көзімнің қарасы» түсірілді. Сосын өліара басталды. Біздің уақыт өтіп бара жатты. Жарқырайтын кезіміз ғой, шіркін! Қорқынышты еді. Қазір ғой, тәуелсіздіктің арқасында бәрі түзеліп келеді. – Өскен ортаңызға, ауылға жиі барып тұрасыз ба? – Ауылға жиі барып тұруға тырысамын. Ағайындарымның бәрі сонда ғой. Асыр салып, асық ойнаған туған жеріңе не жетеді. Оның жұпар ауасы да, адамдарының пейілі, жүрегінің тазалығы да бөлек қой! Құрдастардың қалжыңына, балалықтың балдай тәтті сәттеріне куә мекенді қалайша сағынбайсың?! Бірақ, бүгін бәрі өзгерген. Сәлем беретін көп кісілеріміз жоқ. Сондықтан сол бір естен кетпес шақтарды қырға қарап тұрып, ностальгиялық көңіл-күймен аңсайсың, еске түсіресің, сағынасың... – Қазір немен айналысып жүрсіз? – Дәл қазір үйдемін. Бала-шағаның қасында, күнделікті күйбең тіршілік. Шығармашылықтан алыстаумыз. Боспыз. – Айтпақшы, дубляждан даусыңызды естіп жүрдік. Театрдан кеткен соң телеарнаға барған сияқтысыз... – Театрдан кеткен соң қайда барамын? Маған жұмыс ұсынған ешкім жоқ. Белгісіздікке аяқ бастым. Нар тәуекел дедім. «Хабардан» шақырып, сынап көргілері келетінін айтты. Келістім. Даусымның жақсы екенін, оқу қабілетімнің жоғары екенін айтты ондағылар. Бағыма орай «Хабарда» дубляж бөлімі ашылды. Нәтижесінде қаншама кино қазақша сөйледі. Осы тұрғыдан келгенде көрерменнің құлағын қазақшаға үйретуде менің де үлесім бар деп ойлаймын. – Қазір күту режімінде жүрсіз ғой. Боссыз дегендей... – Иә, Нұрмұхан ағам айтпақшы күту режімінде жүрмін. Балам: «Әке, сіз өз парызыңызды максималды орындадыңыз, жатсаңыз болады ғой» дейді. Ал мен күту режіміндемін. Күту, шыдау, төзу де – өнер. – Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар