«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сауатсыз болсаң, сан соғасың

Сауатсыз болсаң, сан соғасың
ашық дереккөз
Сауатсыз болсаң, сан соғасың

Бүгінгі таңда қоғамның дертіне айналған діни сауатсыздық – кешегі Кеңес дәуірінде жүргізілген бір ғасырлық орыстандыру саясатының жемісі. Сан ғасырлар бойы ел мәдениетінің рухани діңгегіне айналған асыл дінімізді «апиын» ретінде қаралаудың түбінде ұлтымызды ұлт ретінде құрту ниеті жатыр еді. Нәтижесінде халық зиялылары «халық жауы», молда атаулы дүмше атанып, тарихи танымымызға шабуыл жасалды. Оның соңы еліміздің атадан балаға мұра болған рухани құндылықтарынан адасып қалуына әкеліп соқты. Шындығында Ислам діні адамзат баласын қараңғылықтан жарыққа шығарып, тура жолға бастайтын бірегей дін. Елімізде етек алып бара жатқан діни алауыздықтың ең басты себебі, алдымен, діни сауатсыздықта жатыр. Бір өкініштісі – адасқан баласын дұрыс жолға бастайды деген алдыңғы толқын аға буынның діни сауат ашуына – жоғарыда айтқан діннен қорқыныш сезімі кедергі келтіруде. Діннің жолына түскен жандардың дініміздің қайнар көзінен сусындамай, сүннетке қайшы келуі ұлт санасында қалыптасқан қоғамдық көзқарасқа әсер етпей қоймасы анық. Хазіреті Омардың (р.а.): «Сауданың үкімін білмейтін адам базарға шықпасын», – деген сөзі әркімнің мамандығы мен кәсібіне қатысты үкімдер мен мәліметтерді үйрену керектігін меңзейді. Намазда қолды қалай байлау, Фатиха сүресінен кейін әминді қалай айту және сол сияқты намазға зияны тимейтін мәселелер төңірегінде бір-бірімен тартысқа түскен жастардың тірлігі дінге өз зиянын тигізбей қоймайды. Тіпті парыз бен мұстахапты ажырата алмай, көп әйел алуды сүннет санайтын кей азаматтарымыз адал некенің шарттары мен талақтың үкімдерінен бейхабар. Соның кесірінен қанша шаңырақ шайқалып, қанша адам зардап шегуде? Бірақ бұл дінімізде бірлікке шақыратын, тоқтау айтатын өнеге жоқ деген сөз емес. Әңгіме жастарда, олардың білім алуға деген ұмтылысының кемдігінде жатыр. Имам Ағзам Әбу Ханифа осындай адамдарды сахараға сапар шегерде ең қажетті болған суды алмай, түйесіне басқа заттарын арта берген адамға ұқсатқан екен. Алла тағала адамзатқа әлем жаратылысына қарап ой жүгіртсін, ғибрат алсын деп сана берген. Адам сол ақылымен ардақты. Адам кейде сол ақылдың қызметін дұрыс түсіне бермейді. Мұны қашанда ұлтты құлдық кейіпке түсіріп, еңбек құралына айналдырғысы келген ел дұшпандары білген және өз мүдделеріне пайдаланып отырған. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың бір ұлттық мүдденің айналасына бас қоса алмай, уахаббист, сәләфиші, таблиғи жамағаты (атай берсе, көп-ақ) атанып, елден бөлініп жүргені – соның айғағы. Кез келген дәстүрлі дінімізге теріс жат ағымның басты құралы – адам санасын улайтын теріс насихат жүргізу. Олардың көздеген мақсаты – өзінің құрамына адам тарту. Әлбетте, дінді насихаттау – парыз. Бірақ Құран мен Пайғамбар хадистеріне сүйенетін хақ дінде адам баласын бүлікке шақырып, озбырлыққа үгіттейтін насихат жоқ. Дін атын жамылған теріс ағымның басты мақсаты – адамды ортасынан жат қылып, ұлттық қасиет, ұлттық намысынан айыру. Мемлекеттің ертеңі білім, ғылымға және оның экономикасына тікелей байланысты. Өйткені, тәуелсіздіктің арнасы үшеу – рухани тәуелсіздік, саяси тәуелсіздік, экономикалық тәуелсіздік. Діни ағымдар бұл үш құндылықтың үшеуін де мойындамайды, үшеуін де қажетсінбейді. Жат ағымның көздейтіні – ел ертеңіне қауіп төндіру, іштен жаулық жасайтын адам дайындау. Ешқандай ағымға қазақтың бірлігі, қазақтың достығы керек болған емес, керек болмайды да. Ұлан-байтақ атамекенімізге ие болу, оны көздің қарашығындай сақтау – тек біздің, қазақстандық жастардың Отан алдындағы азаматтық міндеті. Еліне жанашыр жас көп болсын, адасқан жандарға Алла туралықты түсінетін түйсік берсін деп тілейік.

Алмас Құлымбетов, облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы.

Ұқсас жаңалықтар