Жұмыспен қамтудың жолы осы
Былтыр жыл соңында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Қазір жергілікті атқарушы органдар осы бағдарлама шеңберінде тұрақты жұмыс орындарын ашуға күш салып жатыр. Шағын және орта бизнесті өркендету үшін азаматтарға жеке ісін ашу үшін де мемлекеттік қолдау жасалады.
Бұл бағдарлама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген болатын. Мақсат – өңірлерде тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамтуға жағдай жасай отырып, өз табыстарын арттыруға мүмкіндік беру. Кәсіпкерлікте алғашқы қадамдарын жасауға бел буғандарға өздерінің бизнес-бастамаларын жүзеге асыруға жол ашатын жаңа бағдарлама шеңберінде жұмыссыздарға кәсіптік мамандықтар тегін беріледі.
Дерекке сүйенсек, бірінші жылы 15 мың адам, кейіннен жылына кем дегенде 30 мың адамды тегін оқыту жоспарланған көрінеді. Соның нәтижесінде тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік артпақ. Мәселен, бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының шеңберінде уақытша жұмыс орындарын құруға басымдық берілген болса, енді оқыту арқылы тұрақты еңбекпен қамтуға ден қойылады. Ең бастысы өз кәсібін ашуға еш кедергі жоқ. Ал бұл өз кезегінде тағы да жұмыс орындарын көбейтуге жол ашады. «Бұл бағдарламаның артықшылығы неде?» деген сұраққа жауап іздесек, ең алдымен Қазақстанда жұмыс іздестірудің бірыңғай базасы жасақталғанын атап өтуге болады. Сондай-ақ бағдарлама аясында азаматтарға бірінші және екінші мамандықты тегін алып шығу мүмкіндігі беріледі.
Иә, жаңа бағдарлама азаматтарды масылдық психологиядан арылтып, тегін кәсіптік білім беру арқылы нәтижелі жұмыспен қамтуға және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталып отыр. Ауданда осы бағдарламада қойылған міндеттерді орындау үшін бірқатар жұмыстар атқарылған. «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімде кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бағытында ағымдағы жылы газбен дәнекерлеуші, электрик, В,С санатты көлік жүргізушісі, тракторист-машинист мамандықтарына 144 адамды қысқа мерзімді курстарға оқыту және бағдарламаның екінші бағытындағы «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында аудан бойынша биыл 30 адамды кәсіпкерлік негіздерін оқыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл шағын несиеге республикалық бюджеттен 182,0 миллион теңге қаржы қарастырылып, 22 азаматқа шағын несие беру көзделуде. Бүгінге дейін аудан бойынша барлығы 441 адам несие алуға ниет білдіріпті.
«Аталған бағдарламаның үшінші тармағы «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға» бағытталған. Биыл әлеуметтік жұмыс орындарына республикалық және жергілікті бюджеттен 22,3 миллион теңге қаржы қаралып, 125 адамды жұмысқа тарту жоспарланған еді. Бүгінде 30 шаруа қожалықпен келісімшарт жасалып, 125 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды», – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Төлеген Әбсамат.
Жоспарлы шаралар жүзеге асырылып, Мойынқұм ауылындағы №8 колледжінде қысқа мерзімді оқыту курсына 3 ай мерзімге 100 адам жолданыпты. Оның 40-ы газбен дәнекерлеуші, 35-і тракторист-машинист, 25-і электрик мамандығы бойынша білім алса, Тараз қаласындағы «Байкен» ЖШС-ында Б,С санаты бойынша 4 адам, «Әскери-техникалық мектебі» серіктестігінде 5 адам оқуларын жалғастыруда. Колледж басшыларының айтуынша, бүгінгі таңда аталған бағдарлама бойынша білім алушыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, білімді практикамен ұштастыруды да қолға алыпты. Мәселен, ауылдағы ірі «Жарылқасын», «Үркер», «Асқар» шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасасып, кәсіптік білім алып жатқандардың тәжірибесін шыңдауына мүмкіндік жасалыпты.
Бағдарламада қойылған міндеттерде 2021 жылға қарай елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз, жұмыс күшінің құрамындағы негізгі, орта, жалпы және бастауыш білімі бар еңбек ресурстарының үлесі 20 пайыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық құрамындағы нәтижесіз жұмыспен қамтылған адамдардың үлесі 10 пайыздан аспауы керектігі көрсетілген. Осылай нақты мақсат қойып, жұмыссыздық деңгейін азайтуға арналған бағдарламаның нәтижесі жоғары боларына мойынқұмдықтардың сенімі мол.
Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді