Мемлекеттік қызметші: бетегеден биік, жусаннан аласа болса, қане!
- author «Ақ жол»
- 14 маусым, 2014
- 244
Елбасының Жарлығымен 23 маусым Мемлекеттік қызметші күні ретінде белгіленді. Мерекелік дата еліміз бойынша биыл алғаш рет аталып өтілмек. Мұның өзі мемлекеттік қызметшілерді ынталандырудың бірден бір үлгісі екендігі даусыз. Дегенмен, мемлекет алдында ант қабылдаған қызметшілер өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр ме? Кадрлардың қарым-қабілеті қай деңгейде? Олардың мінез-құлқына, кісілігі мен кішіпейілдігіне деген көпшіліктің пікірі қандай? Міне, осындай мәселелер Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік қызметтің заманауи қазақстандық моделінің қалыптасуы» атты дөңгелек үстел отырысында кеңінен талқыланды.
Мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуды департаменттің басшысы-Тәртіптік кеңестің төрағасы Болат Исақов ашып, жүргізді. 2013 жылдан бастап біз қазақстандық мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыруға аяқ бастық. Жалпы, мемлекеттік қызмет саласында орын алып жатқан жүйелі өзгерістер туралы көп айтылып жатыр. Оның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілердің санын азайту, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің басқарушылық «А» корпусын қалыптастыру, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін арттыру, мемлекеттік қызметке іріктеудің ашықтығы мен объективтігін қамтамасыз ету, меритократия қағидаттарын күшейту туралы жаңалықтар баршаға белгілі. Өткен жылдың наурызында Астана қаласында мемлекеттік қызмет аясында тәжірибе мен білімді тұрақты түрде алмасып отыру үшін аймақтық хаб құрылды. Аймақтық хаб мемлекеттік қызмет саласында тұрақты тәжірибе мен білім алмасып отыратын орталық ретінде қызмет етеді. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, қазақстандағы мемлекеттік қызметті жетілдіру заманауи үрдістер мен озық халықаралық тәжірибеге сай келеді. Біздің бүгінгі басқосуды өткізудегі басты мақсатымыз – қоғам өкілдерімен бетпе-бет пікір алмаса отырып, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің көзімен мемлекеттік қызметтегі проблемаларды анықтау, сондай-ақ, қоғам арасында мемлекеттік қызмет сапасына, мемлекеттік қызметтегі кадрларға деген сенімді нығайту. Сондықтан да еркін пікір алмассақ деген ойдамыз, – деді Б. Исақов. Қатысушылар қатарынан алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат отыз жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте істегенін, сондықтан оның ауыртпалығы, қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы өзіне жақсы таныс екендігін мысалға келтірді. «Қоғамда ешнәрсе өздігінен жүзеге аспайды. Белгілі бір саяси шешім қабылданған соң оны орындау үшін Үкіметтен бастап атқарушы органдар жұмыс істейді. Соның арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз. Осыны елге жеткізу – біздің мақсатымыз. Ал, енді «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, көлденең табысқа көз тігіп, тұтастай мемлекеттік қызметке көлеңке түсіретін жандар бар. Осыдан келіп көпшілік тарапынан мемлекеттік қызметке деген сенімсіздік пайда болады. Осы орайда ар тазалығы әрбір мемлекеттік қызметшінің басты кредосы болу керек деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметшінің соңынан ел-жұрт ілесуі керек» деді өз сөзінде Ш.Тілеумұрат. Келесі кезекте облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Тимуржан Нұрымбетов өз ойын жас мемлекеттік қызметшілерді тәрбиелеудің жай-күйі төңірегінде сабақтады. – Жас мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін көтеру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет деп санаймын. Себебі, жастар – қоғамның негізгі қозғаушы күші, елдің ертеңі, біздің болашағымыз. Бүгінгі таңда өңірде 29 жасқа дейінгі 1900 қызметші қызмет етуде. Оларды ынталандыру жұмысын жүйелі жүргізу керек. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мақсатында ауылдық округ, аудандық маңызы бар қалаларға қосымша 310 штаттық бірлік берілді. Әрине, бұл оларға берілген өкілеттіктерді сапалы орындау мақсатында қолға алынған бастама екендігі сөзсіз. Дегенмен, бүгінгі күнге соның 137-сі бос тұр. Көптеген үміткерлер тест сынағынан өте алмауда. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке қызығушылықтың төмендеуі сияқты келеңсіз фактілер де орын алған. Сондықтан осы бағытта насихат жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Себебі, көп жастар тәжірибесінің жетпеуіне байланысты мемлекеттік қызмет атқарудан қорқақтайтын сияқты. Оның үстіне мемлекеттік қызметте жүрген үлкен кісілер тарапынан да дұрыс бағдар берілмейтіндігі байқалады, – деді Т. Нұрымбетов. Ол осы олқылықтың орнын толтыру үшін жас мемлекеттік қызметшілер ұйымдары желісін ұлғайту, жастар орталықтарының жұмысын мемлекеттік қызметпен байланыстыру қажет екендігін айтты. Сонымен қатар, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істеп жүрген жастарды мемлекеттік қызметке тұруға бейімдеу, тестілеуге әзірлігін қадағалап, жан-жақты ынталандыру шараларын қолға алу да кадр даярлаудың тиімді тетігі болатынын тілге тиек етті. Облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін, мемлекеттік қызметшінің атына кір келтіретін бірқатар факторларды атап берді. Оның біріншісі – сыбайластық, екіншісі – парақорлық, үшіншісі – қызмет этикасының сақталмауы. Осының бәрі түптеп келгенде уақытпен санаспай жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілердің еңбегін жоққа шығарады. Сәлемдесуден бастап келушіні жылы қабылдап, айтқан өтінішіне түсіністікпен құлақ түрсе елдің алғысына бөленетіні даусыз. Ал, біздің кейбір мемлекеттік қызметшілерге осындай сыпайылық жетіспей жатады. Мемлекеттік органдардан көңілі қалған тұрғындар ақыры арызын арқалап редакцияға келеді. Міне, сондықтан да мемлекеттік қызметші «бетегеден биік, жусаннан аласа» болу қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді жетік білмейтіндігі де қынжылтады. Үйіне әдеби кітаптар жинайтын ауыл, аудан әкімдерінің азайғандығы да олардың рухани игіліктен шет қалып бара жатқандығын аңғартатындай. Облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы Бекет Момынқұл мемлекеттік қызметшілердің өздерінің атқарып отырған жұмысы туралы журналистердің қойған сұрақтарына жауап бере алмай жататынын сынға алып, жауапты қызметке үлкен дайындықпен келу керектігін ескертті. Басқосу барысында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Д. Бейсенқұлов, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Х. Оспанова, облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Д. Медетбеков, облыстық мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығы директорының орынбасары Л.Егембердиев, тағы да басқа азаматтар сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды, пікірлерімен бөлісті. Мазмұнды өткен дөңгелек үстел отырысын Б. Исақов қорытындылады.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді