«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Болашақ журналистерді оқытудың жауапкершілігі зор

Болашақ журналистерді  оқытудың жауапкершілігі зор
ашық дереккөз
Болашақ журналистерді оқытудың жауапкершілігі зор
Тараз мемлекеттік университетінде «Қоғамның рухани жаңғыру контексінде журналистер даярлаудың жаңашылдығы» атты «дөңгелек үстел» өтті. Журналистердің төл мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен білім ордасының қызметкерлері, студенттері қатысты. Жиын барысында журналистика саласына қатысты, университет пен баспасөз арасындағы байланыс, журналистика мәдениеті секілді маңызды мәселелер талқыланды. «Ақ жол» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы өңір журналистерінің басын қосқан алқалы жиынды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Осы орайда, Тараз мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне байланысты маңызды бір деректі айта кетейін. Қателеспесем 1998 жылы болуы керек, «Ақ жол» газетінде осы университетте журналистика мамандығы жоқ екенін жазып, мәселе көтерген едім. Ол кезде оқу орындары жаңадан бірігіп жатқан еді. Сол мақала қаншалықты әсер еткенін білмеймін, әйтсе де, бүгінгі журналистика факультетінің жағдайын көріп, сол мақала босқа жазылмағанына сенімім мол», – деді Көсемәлі Сәттібайұлы. Университет ректоры Махметғали Сарыбековтің айтуынша, білім ордасында журналистика мамандығы 2000-2001 жылы ашылған. Әуелгіде әлем тілдері факультетінің құрамында болған, кейіннен өз алдына жеке факультет болып құрылды. – Университетте Мекемтас Мырзахметұлы ағамыз жұмыс істеген еді. Сол кісінің беделінің арқасында осы журналистика мамандығын ашуға мүмкіндік туды. Алғашқы жылы 9-ақ студент оқуға түскен-ді. Қазіргі таңда елімізге танымал талай журналисті тәрбиелеп шығарған білім ордасына айналды, – дейді Махметғали Сарыбеков. Жиынға келген «төртінші билік» өкілдері жас журналистерге өздерінің студенттік шағынан естелік айтып, нағыз журналистің қандай болатыны туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, аға буын өкілдері жастардың кемшіліктерін де айтып, оны шешудің жолдарын ұсынды. – Біз университетте оқып жүргенде түрлі басылымдар редакцияларынан шықпайтын едік. Өлең, әңгіме, мақала жазып, «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Пионер» секілді басылымдарға тұрақты ұсынып тұрдық. Мақаламыз шыққанда балаша қуанатын кездер болды. Қазіргі журналистикада оқитын студенттерге осындай тәсіл жетіспейді. Олар тәжірибеден өту кезінде ғана келеді. Облыстағы қаламы қарымды, айтары бар талантты журналистерді тани бермейді. Осы тұрғыдан біраз жұмыс істеу керек деп есептеймін, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы. Алқалы отырысқа шақырылған қонақтар облыстағы журналистердің жазу стилін зерделеп, талқылаудың студенттерге берері мол болатынын айтты. Сондай-ақ, журналистика – инемен құдық қазғандай қиын, әрдайым ізденісті талап етіп отыратын ауыр мамандық. Университет қабырғасында жүрген студенттер осы мәселені естен шығармауы керек екендігі айтылды. Сонымен қатар «дөңгелек үстел» спикерлері қоғам санасының рухани жаңғыруындағы журналистің рөлі мен жауапкершілігіне тоқталды. Облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Шухрат Хашимов қазіргі таңда ақпараттарды іріктеп отыру журналистің басты міндеті екенін айтты. Ал «77 TV» телеарнасының директоры Зарина Қуаттегі кейінгі кезде журналистиканы шын сүймей, амалсыз түсетін студенттердің көптігіне қынжылысын білдірді. Әйтсе де, университет ұстаздарының айтуынша, ондай студенттер көпке шыдамай оқудан шығып кетеді екен. Жиын барысында тағы бір мәселе, қаламы қарымды, танымал аға буын журналистерінің университет қабырғасында лектор болуы талқыланды. Университет басшысы мен журналистер өзара келісімге келді. Енді, алдағы оқу жылынан бастап білім ордасының студенттеріне дәріс оқымақ. «Дөңгелек үстел» барысында ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков болашақ журналистерді даярлау барысында белсенділік көрсеткен, өңірді ақпаратпен қамтамасыз етуде аянбай еңбек еткен республикалық, аймақтық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы журналистерді марапаттап, сыйлықтар табыс етті.

Абай ОТАР, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар