Бағдарлама жүз пайыз жүзеге асуы тиіс
«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының облысымыздағы іске асырылу жайы қалай? Бағдарлама бойынша жұмыспен қамтылатындар арасында әйелдердің үлесі басым ба әлде төмен бе? Бұл сұрақтардың жауабы бұрнағы күні «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі аймақтық жоспардың «Жұмыспен қамту және тұрғындар табысы» бағыты бойынша эксперттік топтың жиынында талқыланды. Оны «Жамбыл облыстық кәсіподақтар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысын сараптау жөніндегі аймақтық жұмысшы топ жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Г. Орынбаева жүргізді. Алқалы басқосуда облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, партия мүшесі Ж. Баубеков «Жамбыл облысында «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының орындалу барысы туралы» есебін ұсынды. Өз сөзінде ол Елбасының жұмыспен қамту мәселесіне көңіл бөліп отырған басты себебін азаматтарды тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамту арқылы ғана халықтың әл-ауқатын арттыруға болатынымен түсіндірді.
Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға барлығы 5,8 миллиард теңге (оның ішінде республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге) қарастырылып, есепті кезеңге белгіленген 1,334 миллиард теңгенің 66,9 пайызы игерілген. Ж.Баубековтің мәліметінше, бағдарламаға биыл 6690 адам тарту жоспарланып, 1 маусымға 3093 азаматпен әлеуметтік келісімшарт жасалыпты. Қатысушылардың 42,6 пайызын жастар, ал, 40,6 пайызын әйелдер құрап отыр. Бағдарлама аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға, шағын несие беруге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, кәсіптік оқытуға, әлеуметтік және «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмыс орындарын құруға қаржы қарастырылған. Кәсіптік оқытуға тоқталсақ, биыл ветеринария, тамақтандыруды ұйымдастыру, пісіру ісі, газдандырылған қазандық қондырғыларының операторы, шаштараз өнері және сәндік косметика, электрондық есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру, тігін өндірісі және киімдерді моделдеу, аспазшы, кондитер, кәсіби жүргізуші, автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету, өндірістегі электромеханикалық жабдықтар мамандықтары бойынша мамандар даярлануда. Сондай-ақ, әйелдерді жұмыспен қамтуды ұйымдастыру шаралары да оңтайлы жүргізілуде. Мәселен, 1 маусымға аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш жасаған 8240 азаматтың 4535-і әйелдер екен. Уәкілетті органдардың ықпалымен бес ай аралығында жұмысқа орналасқандардың 55,8 пайызы, ақылы қоғамдық жұмысқа тартылғандардың 58,6 пайызы да азаматшалар болып отыр. Жергілікті бюджет есебінен кәсіби оқытуға 177 нәзік жандылар жолданып, олардың 71-і оқуды аяқтапты. Ветеринария саласының кемшіліктері де эксперттік топ мүшелерінің назарынан тыс қалған жоқ. Мәселен, бұл салада қызмет атқаратындардың 50 пайыздан астамы зейнеткерлер екен. Ал, жас мамандар айлық жалақының аздығынан қашқақтайтын көрінеді. Ж. Баубек, ең алдымен, мамандарға жағдай жасау керек, – деді. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша білім алған азаматтар оқуларын аяқтаған соң, белгілі бір мерзім аралығында құйылған қаражатты ақтау қажеттігі айтылды. Жиын соңында эксперттік топ отырысының қаулысы қабылданып, оның орындалуын бақылау топ мүшелеріне тапсырылды.
Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Тұрғын үй бағасы тиімді ме?
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді