«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Антына адал жандар

Антына адал жандар
ашық дереккөз
Антына адал жандар

Халқы үшін жаралғандар

Өңіріміздегі емдеу мекемелерінде қызмет етіп жүрген мамандар үшін «Баласағұн» орталық концерт залындағы кәсіби төл мерекелеріне орай ұйымдастырылған салтанатты шара ізеттің үлкені болды. Еңбектеріне қарай көрсетілген құрмет, жылы лебіз олардың көңілдерін көтергендей. Жалпы, елеулі болу, ескерусіз қалмау – адамзатқа ортақ тілек. Медицина қызметкерлері де сондай. Олар да қоғамға қажет екендіктерін сезініп, көпшіліктің ілтипатына бөленгісі келеді.

Медицина қызметкерлерінің күні – бұл өмірін адам денсаулығына қамқор болуға арнаған жандардың еңбегі еленетін күн. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов мереке иелерін құттықтады. Еңбектерімен елдің алғысына бөленген мамандарға «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін, облыс әкімінің және мәслихаттың Құрмет грамоталарын тапсырды. Негізі, дәрігер мамандығын таңдау үшін де үлкен жүрек қажет. Бұл жолдағы жандардың жүрегі кең, пейілі ақ, төзімі болаттай берік болуы керек. Себебі күн-түн демей адам өмірінің арашасы болуға ұмтылу, еңбегін бұлдамай, шаршамай-шалдықпай халыққа қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өз сөзінде медицина қызметкерлерінің осындай ерен еңбектерін атап өткен Ерқанат Нұрбапаұлы облыстағы денсаулық сақтау саласындағы серпінді істерді тілге тиек етті. – Салаға бөлінетін қаржы жылдан-жылға артып келеді. Былтыр 30 миллиард теңге қаражат бөлінсе, биыл оның көлемі 32 миллиард теңгеден асты. Соңғы бес жылда облыста 62 емдеу мекемесі пайдалануға берілді. Мемлекеттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 6 нысан бой көтерді. Оның үшеуі аурухана, екеуі емхана, біреуі қан орталығы. Үш жылдың ішінде облыстық бюджеттен 954 миллион теңге бөлініп, 78 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл өңірімізде 6 амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 аурухана, 1 ауылдық емхана, 16 медпункттің құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілмек, – деді облыс әкімінің орынбасары. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың арқасында облыста соңғы жылдары тұрғындар денсаулығын жақсарту бағытында жақсы жетістіктерге қол жеткізе бастадық. Атап айтқанда, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарды. Қант диабетінен аурушаңдық 1000 адамға шаққанда 68,8-ден 67,1-ге төмендеді. Ал, туберкулез жұқтырғандар саны биыл 5 айдың ішінде 27,8-ге дейін кеміп отыр. Бүгінде «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге жас дәрігер кадрларды тарту жақсы жолға қойыла бастады. Бұрын қала мен ауыл емханаларының көрсететін қызметтерінде едәуір алшақтық болатын. Қазір ептеп теңесіп келеді. Емдеу мекемесіндегі материалдық жағдайдың артықшылықтары немесе жетіспеушілігіне қарамастан сан мәрте үзілген үмітті қайта жалғап, дертке дауа тауып жүрген антына адал жандар елді мекендерде де, облыс орталығындағы медицина мекемелерінде де бар. Салтанатты шарада үлкен марапатқа ие болғандардың тең жарымы ауылдық жерде еңбек етіп жүрген мамандар болуы – осы сөзіміздің дәлелі. «Аудандарда аянбай еңбек етіп жүрген мамандар баршылық. Биыл біздің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы «Үздік кәсіподақ» деген марапатқа ие болса, еңбеккерлердің құқығын қорғауда және еңбекшарты талаптарын орындауда озық деп танылып, Құрмет грамотасын иелендік. Мамандарға жақсы жағдай жасалса, науқастарға да мінсіз қызмет көрсетілетін болады деп есептеймін», – дейді Талас аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Есмахан Имаммырзаев.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол». Суретті түсірген Виктор БАРБАШ.

Ұқсас жаңалықтар