«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аман бол, Гүлсара

Аман бол, Гүлсара
ашық дереккөз
Аман бол, Гүлсара

Жас дәуреннің шымкенттік жылдарындағы жақсы дос Ілияс Байларовтың рухына.

Автор

Көктемнің соңғы күндерінің бірінде ойламаған жерден мені прокурордың өзі шақырды. Байқауымша, етжеңді, жылы жүзді бұл кісінің мінезі де мейлінше байсалды көрінген. Сөзді де асықпай, баяу айтады екен. – Тұтастай алғанда жұмысың бізді қанағаттандырады, шырағым. Бұл... әрине, жалғыз менің ғана пікірім емес... Иә-ә, кемшіліктер де кездеседі... Онсыз болмайды, әсіресе, әуелгі әзірде... Дегенмен, Сізден өрескел қателіктер байқалған жоқ. Бұл енді жақсы!... Үшінші класты мемлекеттік заң кеңесшісі осыны айта отырып маған тесіле сынай қарады. Мен мізбақпадым. Ол әңгімені енді тікелей жұмыс бабына ойыстырды. – Бізге ОБХСС-тен бір күрделі іс түсті... Ондайды білетін бе едіңіз?... Иә, иә... социалистік меншікті талан-таражға түсірушілермен күрес бөлімі... Күрделі, бірақ неліктен екені қайдам, шала-пұла, үстірт зерттелген іс. Қысқасы, шіп-шикі... Мен осыны кімге тапсырсам екен деп көп ойландым... Әзірге сізге тоқтап отырмын... Мүмкін, қолға аларсыз? Мен, әрине, бұйыра да алам ғой. Бірақ, мәселе нәтижеде боп тұр ғой.Ал нәтиже көп жағдайда әрекет етушінің қабілетімен қоса ынта-ықыласына да байланысты болады.. Сіз мені түсіндіңіз ғой деймін... Иә, бұл енді жақсы... Онда мінеки сізге іс, мұқият танысыңыз. Сіздің пайымдауларыңызды екі күннен кейін күтем... Іспен танысу барысында білгенім – көктем сайын біздің Аян, Ұзақ, көршілес Жамбыл облысы бірсыпыра аудандарының жүздеген мың қойы Бетпақтың шөлін баса Қарағанды облысының аумағындағы Сарыарқа жайлауына шығарылады екен. Қырқын да сонда өткізіледі. Қылмыс та дәл сол қырқын кезінде жасалатын көрінеді. Биязы жүн тай-тайымен, тонна-тоннасымен ұрланып, мемлекетке ондаған, тіпті, кейде жүздеген мың сомның зияны келеді екен. Бір байқағаным-мұнда да бір қырқын пункттерінен басталып, Қарағанды теміржолының Киікті станциясын, ақыр соңында Жамбыл жүн өңдеу фабрикасын қамтитын мықты, кінаратсыз жүйе қалыптасқан сыңайлы. Осындай жорамалдарымды уәделі күні порокурорға баяндадым. Ол кісі сөзімді бөлместен мұқият тыңдап алды да: – Сіз дұрыс бағытта сияқтысыз... Солай-ау, сірә... Мүмкін кірісерсіз? – Бір шартым бар еді.. – О-о, сіз маған шарт қоймақпысыз?! – Прокурор таңдана күлді. – Иә... ымм.. жо-жоқ, кешіріңіз... Өтініш қой... – Сасқалақтағаныммен мен де күліп жібердім. – Онда, қане, айтыңыз ө-өті-нішіңізді. – Мен диқанның семьясында өстім, мал шаруашылығын жөнді білмеймін. Содан соң Сарыарқа дейтін жақта ешқашан болмаған екем.. – Сонымен, сондықтан... – Сондықтан ол жаққа алдымен тергеуші емес, бәлкім, мәдениет қызметкері ме, әлде мұғалім бе, әйтеуір басқа біреу болып.. елеусіздеу барып қайтсам... – Түсінікті! Түсіндім сізді. Келістік. – Онда мен ертең-ақ ұшып кете алам.. – О-о, сіздің жеке самолетіңіз бар боп шықты ғой! – Прокурор тағы да күлді. Бүгін шынында да бұл кісінің көңілі көтеріңкі көрінді. – Кеше ауылшаруашылық басқармасындағы таныс зоотехник медиктермен бірге санавиацияның самолетімен Сарыарқаға ұшамыз деп еді, мен де соларға қосыла алармын.. – Бәрекелді, жол болсын, шырағым. Мен нұсқау берермін.. Ақ желеңді дәрігерлер мен медбикелер тола мінген қос қанатты «Ан-2» анда-санда ғана ұшырасатын алақандай жасыл оазистер болмаса негізінен қуқыл қу тақырлар, оқта-текте қарая шошаятын шоқылар үстімен әлденеше сағат бір қалыпты ұшқаннан кейін кілт қырындай төмендеді де іркіс-тіркіс тігілген екі ақ киіз үйдің алдына қона кетті. Бірден жусан иісі аңқып, тынысты әп-сәтте кеңейтіп жіберді. Айнала қандай кең, далиған дала!.. Ақ басты селеу, сұрғылт жусан, жасылдау баялыш бәрі тығыз, жіксіз, тұнып, жарыса өскен жазық түстен кейінгі ыстық аптап ойнатқан сағым құшағына еркін еніп, толқынды теңіз айдынына айналып кеткендей. Ал ол айдынның жал-жал ақбурыл толқындары бірінен бірі озып барып сонау буалдыр көкжиектің нақ жиегінде араларын алшақтау тастап, бөлек-бөлек қарауыта сорайып, кейде сағыммен тіптен зорайып, кейде алыстап, кейде жақындап тұрған үш тауға бір-ақ соғылып, тыным тауып жатқандай. – Бұл таулар Желтау, Қулы, Мұңлы деп аталады. – Зоотехник Әлнұр мені төңірекпен таныстыра бастады. – Ал ана-ау көрінген Бөріктал. Жөндеп қарашы, нағыз қазақы бөріктің өзі емес пе... Міне, әзірге осы бәрі. – Жоқ, бәрі емес, – дедім мен қарсыласып. – Онда тағы не? – деді таңданыспен Әлнұр. – Мына біреу жібек орамалмен дамылсыз бет-жүзіңді желпіп сипалап, рахатқа бөлеп тұрған желді не дейтін еді? – деп күле сұрадым. – Ә, иә, ииә... Ғафу етерсің, бұл – Сарыарқаның самалы ғой, иә, сол атақты самал!... Үстерінде көбінесе әртүрлі түсті керегекөз көйлек, жүздері күн мен желден әбден тотыққан, сірә, шопандар болуы керек, сіріңкі қара жігіттер мен ақ шаршылы келіншектер бізді қадірлі қонақтарындай жылұшырай қарсы алып, бірден алты қанатты ақ үйге бастады. – Бүгін біздің бөлімше бастығы Ескендір ағаның елу жылдығын тойлап жатыр едік! Мейман боласыздар! – деді жігіттердің ішіндегі етжеңділеу біреуі дарылдап күле сөйлеп. Қызулау көрінді. Менің көзіме бірден шалынғаны қызыл ала гүлді кілем үстіне жайылған, бетін нағыз қыр дәмі – бауырсақ, ірімшік, құрт, туралған қазы-қарта, сырлы ағаш тостағандарға құюлы қымызбен қатар қоңырқай алтын түсті коньяк пен ақбас шампанның сұңғақтау шөлмектері сығылысып жайласқан, төбеден түскен күн сәулесіне көз қарықтырардай шағылыса ақ шаңқанданған көлдей дастархан болды. Оны жағалай отырысқан, негізінен, әр жастағы еркектер қаумаласа амандасып болған соң өздері сығылысыңқырап бізге орын босатысты. Байқауымша, бұл ортадағы басты кісі – қақ төрдегі топ-толық, дембелше, қырықтар шамасындағы термен жылтыраған қоңырқай беті қостамақпен аяқталып, бірден шалқақтау, көк көйлек көмкерген шойын төске ұласып кететін, тып-тығыз, ентеп қана бурылданған шашы қысқа қырқылғандықтан тікірейген біреу секілді. Солындағысына тағылған зілдей алтын браслетті алтын сағаты жарқ-жұрқ етіп қалатын, қып-қысқа екі қолын бірдей сермеп даңғырлап сөйлеуі соны аңғартқандай. – Ал енді... сонымен... ы-ым... қымбатты қалалық қонақтар... – Қырылдақтау төмен үнмен осылай деп бөгеліп, біздің бәрімізді асықпай көзбен шолып шықты. – Сіздер қадірлі Ес-ағаңның тойына аспаннан түсе қалдыңыздар!... Һе-һе!... – Кеңкілдей күлді де: – Міне, ол! – деп қасында отырған жүзінде балаға тән аңқаулық ойнап жымыңдап отырған зор денелі, қызылшырайлы кісіні арқасынан майға малшынған алақанымен қағып-қағып қойды.. – Ал мен – «Көктөбе» совхозының директоры Асылхан Жапалбаевпын. Енді біздің управляющийді құттықтауларыңызға болады. Тек әуелі өздеріңізді таныстырыңыздар, юбиляр өзін кім құттықтағанын білуі тиіс, не так ли... Дәрігерлер қозғалақтап үндемегендіктен сөз тізгінін Әлнұр алды. – Мені, мені сіздер білсеңіздер керек... иә-иә.. Бірге келген серіктерімді таныстырайын, – деп ол келгендердің аты-жөндерін атай бастады. Кезек маған да жетті. – Ілияс Айдаров... і-і... мәдениет қызметкері... – О-һо, мәдениет қызметкері!... – Директор, неліктен екенін қайдам, Әлнұрды оқырана бөліп кетті. – Мә-де-ни-ет! Ол дегенің ең әуелі музыка, ән ғой!... Тамаша!... А...а... қайда біз.. біздің... – деп ол енді қымыз бен шай құйып отырған, шамасы той иесінің зайыбы болуы керек, етжеңді, қараторы жүзіндегі томпақтау біткен көзінің жанары біртүрлі ұшқындай қарайтын орта жастағы әйелге оқыс бұрылды. – Гүлсара, Гүлсара қайда, жеңеше?... Ойбай-ау, шақырсаңдаршы оны, келсін де! – О, Гүлсара... Біздің юбилярдың немере-шөбере қарындасы, болашақ Бибігүл Төлегенова! – деді енді директор бізге қарата тамсана сөйлеп. – Әзірге музыкалық училищенің студенткасы, көкесін құттықтау үшін ұшып келді. Әнді керемет айтады!... Даусы ғана емес, түр-түсі де Бибігүлден аумайды-ау, аумайды, өздерің де көресіңдер... Бұл сөздер мені бір түсініксіз, дегбірсіздеу күйге түсірді... Мүмкін, өз өнерінің, атақ-даңқының шырқау шыңында жарқырап тұрған ғажайып әншіні сырттай да болса шексіз құрметтеуден, талантына табынудан шығар. Менің түсінігімде ол алдына қара салмас үздік әнші ғана емес, әйел сұлулығының да эталоны болатын. Жұрттың оны қазақ Нефертитиі деп атай бастауы да жәйден жәй емес қой... Міне, ол... Гүлсара... Үйге ақ жібек көйлекті, қолында домбырасы бар талшыбықтай бұралған, бойы ортадан сәл жоғары қыз еніп, отырғандарға баяу үнмен имене сәлемдесті. О, керемет!...Мынау шынында да жас, балауса Бибігүл ғой!.. Тек азғантай айырмасы – оң жақ бетінің ұшында кішкене ғана қара меңі бар, көздері атақты әншінікіндей жасылдау емес, мөлдір де тұнық қара. И-ә-ә... Мен мынадай ғажайып ұқсастыққа, бақытты үйлесімге қайран қалдым. – Міне, біздің Гүлсара! – деп даурыға жариялады директор. «Біздің» дегенді басыңқырай, мән бере айтқандай болғанынан мен тіксініңкіреп әрі жақтырмай қалдым. – Қане, қарындасым, бізге және мына қонақтарға өзіңнің бірнеше әніңді айтып жіберші. – Директор емінгендей еңсесімен ентелей берді. – Қысылма, еркеқыз, айта ғой... – Той иесінің әйелі де директор сөзін қоштап, қасына тізе бүккен қызға ептеп бұйыра да үн қатты. Гүлсара домбыраның құлақкүйін дұрыстап, жәйлап бір әнннің алғашқы аккордын ойнағанда оның ол кезде әлі жас, соған қарамастан елге бірден танымал болған Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта» әні екенін жазбай таныдым. Туа салысымен баршаға ұнаған, барша жұрт әлі күнге дейін айтатын ән кетті. Бұл жолы сұлу қыздың тал жібектей ғажайып дауысымен, өте жағымды сопраномен қалықтады. Әрине, тек қана Бибігүлге тән естігенді естен тандыратындай үндік бояулар жетіңкіремей жатқанына қарамастан, оны дәл қазіргі сәтте байырқалайтындай хәлде емес жұртты еліктіріп, елтітіп барады.. – Болсақтағы жаңа таныс, Жүзсек те алғаш қайықта, Ұшқыр қиял кетті-ау алыс, Бұйырмашы айыпқа.... Бұған дейін де бұл сүйікті әнді талай кештерде, көбінесе сахнадан жиі естісем де жан-жүректі баурап алып барады. Неліктен.. Бәлкім, өзіме тым жақын отырған әдемі қыз жұмбақ бір діріл-толқыныспен, тіпті, арманын, өзінің мөп-мөлдір арман-сезімін қосқандай сыршылдықпен айтуынан ба? Әлде... әлде... Гүлсара тағы да үш-төрт ән айтты. Жұрттың бәрі қол соғып, алғыс жаудырды... Көп кешікпей тостар кезегі басталды да гуілдеп, сан-сапалақ қолпашқа көшкен көпшілікке байқатпастан ақырын сытылып сыртқа шығып кеттім. Ақ үйдің босағасынан сәл аулақтап, айналаға көз жібердім. Жанарды алып қашқан алыс атыраптар... Құдай-ау, мынау да шалқар теңіз ғой!...Ал, ал... Жаңағы Гүлсара алып келген Шәмшінің қайығы қайда... Соған отырып алып қиыр-қияндарға жүзіп, маңып кете барар ма еді, шіркін!... Бірақ кіммен бірге, кіммен... Шынымен-ақ бірге жүзер серік іздегендей төңіректі айнала қарағанымды өзім де байқамай қалдым... О, ғажап!... Гүлсара! Самауырға шырпы салып тұр. Мен әлдеқандай күш итермелегендей іркілместен жақындап бардым да бірден үн қаттым. – Сәлематсыз ба, тағы да. – Сәлематпысыз, – деді Гүлсара басын көтеріп, бойын түзеп. – Менің атым Ілияс, Шымкенттенмін, сонда жұмыс істеймін. Сіз туралы хабардармын: Гүлсара, музучилищенің студенті.. – Үшінші курс, – деп сәл езу тарта қосып қойды ол. – Әнді тамаша айтады екенсіз... тек, тек... – деп кідіріп қалдым. – Немене тек? – деді Гүлсара аңтарыла. – Тек сіздің әндеріңізді тағы да, көп, өте көп рет тыңдай алар ма екенмін? – дедім мен жылдамдата. – Ә-ә, со-ол ма еді! – Гүлсара күліп жіберді. – Мен... мен артистка емеспін ғой. – Сонда да... Кенет үйден юбилярдың бәйбішесі шықты да бірден Гүлсараға: – Мұнда неғып тұрсың, еркеқыз?.. Анау үйдегі құрбыларыңа бара ғой, – деді. Сөздері бұйрықтай болып шықты да Гүлсара көршілес үйге қарай жөнелді. Бәйбішенің томпақтау көздерінен ұшқан жағымсыз суық, жасын түсті ұшқын менің өңменіме бұйырды... Сол күні кешке таман бүкіл тобымызбен Аян ауданының осында тұрған жедел жәрдем машинасымен шаруашылықтарында өзім қолға алған істің обьектілері мен субьектілері болуға тиіс Ұзақ ауданының штабына қарай жол тарттық. Екі күн бойы елеусіздеу жүріп, абайлап сыр тарту арқасында ақыры ізге түскендей болдым. Ал іздер тым шым-шытырық көрінді. Амал не, соларды ажыратып қылмыс дегенің алтын секілді құнды бірдеме болмаса да ұзақ, терең қазбалауды, әбден бас қатыруды керек етеді.Қайтемін... қызмет, міндет соған мәжбүрлесе... Үшінші күні таңертең Әлнұрға бір тосын тілек айттым: – Бөрікталға барып қайтсақ қайтеді? Қымыздары керемет екен, әлі аузымнан дәмі... – Ә-ә, болды, болды, түсіндім!.. деп Әлнұр сөзімді бөліп жіберді. – Одан да турасын айтсаңшы: қымызы емес, қызға құмарттым деп!... Білем, білем, біз де бойдақ болғанбыз.. Әрі-бері жиырма шақырымдай жолды босқа шиырлаппыз: Гүлсара бір күн бұрын почта таситын самолетпен Шымкентке ұшып кетіпті... Дегенмен қымыз тіл үйірерліктей еді... Одан кейінгі үш күн мен үшін біртүрлі қызықсыз, марғаулау боп өтті. Көделі, селеулі дала да әуелгі көркін жоғалтқандай тым сұрғылт, сұрықсыз сияқтанды. Дәл бір апта болған Сарыарқаны артқа тастап, кері қарай қайта ұшатын сәт те туды. Жол бойы, әсіресе, медик қыздар алған әсерлерін айтып, тамсанумен, таңғалумен болды. Самолеттің құйрық жағына жайғасқан мен тырс етпестен тыныш отырдым. Қанша дегенмен «қар адамы» емеспін бе.. Келісімен прокурорға білген-түйгенімді баяндағаннан кейін оның бұйрығы бойынша іске кірісіп кеттім. Күндер мен түндер, апталар мен айлар біресе жол сапарда, біресе өзім талап етіп алдырған документтерді қадала зерттеп талдаумен өтіп жатты. Ақыр соңында босқа бейнеттенбеген боп шықтым: совхоздардың, станцияның, фабриканың алты қызметкері – қарапайым шопандар мен жұмысшылар емес- сот алдында тиісті жазаларын алды, қыруар қаржы қазынаға қайтарылды. Тергеуді дұрыс жүргізбеген ОБХСС қызметкеріне байланысты жеке қылмыстық іс қозғалды. Ал маған алғыс жарияланды. Жұмыс осылайша жап-жақсы жүріп, уақыт жылжып өтіп жатты.. Ілияс кенет аты-жөні жоқ орысша әндетіп қоя берді: – «На Востоке, на Востоке, что за жизнь без чайханы?! Без чайханы..». Осындай әнді естіп пе ең?...Жоқ, деймісің... Өзбектер осылай әндетеді... – Ә-ә, түсіндім, түсіндім сені! – дедім мен оның нені меңзеп отырғанын аңдай қойып. – Жарайды. Қазір проводниктерге барып шай дайындап жіберейін. – Жо-жоқ, – деді Ілияс бірден қарсы боп. – Мен дайындаймын. Біз-шымкенттіктер, сендер-тараздықтардан гөрі, бәріміз оңтүстіктен болсақ та, күнгейлеуміз. Электрошайнегін бұрқ еткізіп, бал мен сүт қосылған шайды әп-сәтте әзірледік.Кептірілген өрікпен іштік. Рахат... Бұл шақта терезенің сырты қап-қараңғы еді.Шалқая жайғасып отырған соң Ілияс әңгімесін жалғастырды. – Сен, сірә, мен Сарыарқадан келісіммен шым-шытырық шатақ іспен әбден жұмысбасты боп, Гүлсараны ұмытты-ау деп ойлап отырған шығарсың. Жоқ, олай емес, ұмытпадым, ұмыта алмадым... Егер анау істің құйындары миымда ойнақ салса, Гүлсара менің өзіме де білінбестен жүрегіме орныға бастады. Оны жиі еске алумен жүрдім, әсіресе, барлық жерде үлкеннің де, кішінің де айтуымен Қалдаяқовтың «Қайықтасы» естілгенде. Ән енді мұңға айналып, Гүлсараны іздеттірді. Қайда екен ол?... Шамасы, өзі айтқандай, музыкалық училищесінде, үшінші курста болар. Сонда... сонда біз бір қалада тұрып, ертелі-кеш бір көшелермен жүріп, бір театрға барып жүргеніміз жоқ па. Тіпті, шығысында цемент, батысында қорғасын зауыттары ластайтын, онша таза емес ауаны да бір жұтпаймыз ба... Жарайды, ауаны қойшы. Кездесуге кедергі боп жүрген ол емес. Онда не? Ештеңе де емес сияқты. Егер.. егер оның училищесіне барсам.. Одан соң... Оны сұрастырсам... Фамилиясын білмеймін ғой... Жарайды, атымен. Бірақ, училищеде пәлембай бөлім, пәлембай курс-топтар болар, ал олардың әрқайсысының өз Гүлсарасы бар боп жүрсе ше... Гүлсара өте жиі кездесетін есім ғой...Сонда олардың әрбірімен келесау біреуге ұқсап кездесе беруім керек пе?!.. Әй, сен де өзіңді тергеушімін дейсің-ау! Немене саған бір училищеден бір қызды табу қиын болып па?! Ал, жарайды таптың. Содан соң? Әуелі ол сені, алыстағы Сарыарқада бір-ақ рет кездейсоқ кездестірген белгісіз бір «мәдениет қызметкерін» арада талай уақыт өткен соң тани қояр ма екен? Мақұл таныды дейік. Бірақ, мен ол үшін кіммін, өзімнің келгендегі мақсатым не деймін?.. Және ол менің ойда жоқта жетіп келуіме қалай қарайды? Өзі сұлу, өзі әнші қызға қызығушылар жетіп артылар менсіз де. Олардан, өзіме беймәлім жігіттерден менің қай жерім артық дей алам?.. Жә, оның да, өзімнің де мазамды алмау дұрыс шығар... Осылай өзімді бір жолға тежегенмен өзім тілеген тыныштықты таба алмадым. Күз өтіп, қыс түсті. Сен, бұрын өзің де тұрдың ғой, біздің Шымкенттің қысын білсең керек: бүгін қар жауса, ертесіне ери бастайды. Бірақ сол жылғы қыс мүлде өзгеше болды: бірнеше күн тоқтаусыз жауған қар қаланы басып салды. Көшелерде тау-тау үйінді көмбелер пайда болды. Ол аздық еткендей артынша солтүстік-шығыстан бір жексұрын суық та қатты жел соғып, жер-көкті қарлы құйын жайлап алды. Содан ара-тұра боп-боз әрі кіп-кішкентай боп қылтиятын біздің түстіктің күнінің өзі титтей де жылу беруге мүлде қауқарсыз еді. Қақаған суық қатты орнықты. Әсіресе, түнде сұмдық... Сондай кештердің бірінде қонаққа аттандым. Кластасым әрі ауылдасым Баян туған күніне шақырған.Ол пединститутта оқытушы болып істейтін күйеуі, емшектегі баласы үшеуі тұратын кішкентай ғана там Шмидт көшесінің бұраңдаған бір бұрылысында болса да бурыл мұртты жасамыс таксист оңай тапты. «Ақысын екі еселеп төлесең бұлар бразилия жунглилерінде де адаспас-ау!» деп ойладым... Дәлізде құрақ ұша қарсы алған үй иелерінен аздап кешіккенім үшін кешірім сұрап, бүгінде есейіп, салдарлы келіншек болып қалған Баянның бетінен сүйдім де әкелген сыйлығымды – әтір мен кішкене статуэтканы ұсындым. Мен шынында да әжептеуір кешігіппін—қонақтардың бәрі ақ дастархан жайылған ұзын үстелді айнала жайғасып апты. Отырғандардың көбі жас жігіттер мен қыздар. Маған төр жақтағы бос орындық ұсынылып, бәрімен бас изей сыпайы сәлемдесіп, сірә, институт мұғалімдері болуға керек, маңғаз көрінген қасқабас екі еркектің ортасына орналастым. Отырғандарға жағалай жайлап көз жүгірте бастауым сол екен, бір мезет селт ете қалдым. Үстелдің арғы бетіндегі қыздар арасында тура менің қарсы алдымда... о, керемет! .. Гүлсара отыр! Басын сәл иіп, күлімсірей сәлемдесті. Бірақ бұл күлімсіреу бұрынғы ашық, алаңсыз күлкіге мүлде ұқсамайды.Өзі де бұрын мен көрген арудан бөтен сияқтанды. Қатты азып, қарайып кеткен. Бетінің ұшындағы жұқалау қызғылт арай да ізім-қайым. Көзіндегі ұшқын жылы шуақты емес, бір түрлі суық.. О, тәңір, мұнша өзгеріп кететіндей не болған?.. Әлде бір ауыр сырқатқа ұшырап, азап көріп қалмады ма екен?.. Осы бір сұрақтар мазамды ала бастады. Өзінен сұрап білсем бе екен?.. Бірақ мынандай жағдайда қалай.. Көңілім бұзылып үнсіз отырып қалдым. Айтылып жатқан тост-тілектер де құлаққа кірмейді, ешкіммен тілдеспедім де. Тек анда-санда Гүлсараға ұрлана көз тастап қоям. Тіпті, өзіме кезек тигенде сөзім де, Баянға айтылған тілегім де түстегідей бірдеңе болып шықты ғой деймін. Осындай бір қиын, мынандай кешке мүлдем үйлесімсіз халден мені ептеп болса да басталып кеткен би құтқарды. Магнитоладан Бекен Жамақаевтың ғажайып «Махаббат вальсі» шалқыды. Мен соны күткендей-ақ бірден Гүлсараға келдім. Ол қарсы болған жоқ, би ырғағына ықыласпен бірге ендік. – Сіз менің атымды ұмытып кеткен боларсыз?.. – Бұл Гүлсараға арналған миымда арадай құжынаған көп сұрақтың алғашқысы болды. – Ж-жоқ, әрине.. Есімде, аға. – О-о, есте сақтау қабілетіңіз тамаша болды ғой! Гүлсара ақырын күліп қойды. – Мүмкін.. Бірақ Ілияс – Айтматовтың кейіпкері болғандықтан да шығар. – «Тополек мой в красной косынке». – Иә, иә.. Ол повесть маған керемет ұнаған. Есімде... алғаш оқығанда жылап та алғам... Әселді өте аяп кеткем... Ілиясты да.. Екеуі де қандай тамаша жандар, бірақ бақытсыз. – Бақытсыз?... Мүмкін... мүмкін олар нағыз бақыттылар шығар? – Қалай, неліктен?.. – Гүлсара шарасы кең ашылған көзбен таңдана әрі сынай тесіле қарады. Бірінші рет. – Өйткені олардың махаббаты өзге көп адамда кездесе бермейтін өте терең әрі тым асқақ. – Со-лай дейсіз бе?.. – Иә, солай... Сіз «Тополекті» тағы бір оқып көріңізші, өзіңіздің де көзіңіз жетеді. – Жарайды, оқиын. Тап бүгін. – Бірақ құдай үшін жылай көрмеңіз! Ол тағы да ақырын күлді. – Тырысып көрейін. Бірақ.. бірақ толық уәде ете алмаймын, Ілияс аға.. Ол үнсіз қалды. Жүзінде де бір мұң қылаң бергендей.Неден, неліктен?.. Келесі кезекте Штраустың «Көгілдір Дунайы» ойналды. Мен Гүлсараны тағы да шақырдым. Оның әрбір адымы, нәзік те икемді бәдені тәңірлік музыкаға өте үйлесімді шығып жатты. Мені де ғажайып, толқынды әуен бірден билеп алып, Гүлсара екеуімізді бидің құбылған құйыны сәт сайын биіктен биікке көтеріп, бұрын ешқашан сезілмеген рахатқа бөлеп, мынау күнде көріп жүретіндей емес, тек қиялда ғана болатындай жұмбақ бір аспан – көктің асқарына алып бара жатқандай күйге түстім. Тек вальс аяқ жағына таман баяулай бастағанда ғана қалыпты өмірге қайта оралғандаймын. – Гүлсара, қазір сіз... музыкантсыз ғой, Штраус Әсел мен Ілияс махаббатының тереңдігі мен асқақтығын вальс тілімен жеткізді деп ойламайсыз ба? – Сіз... сіз өте дұрыс айттыңыз, аға! Қазір ғана мен де осы тәріздес бірдеңе ойлаған едім.... Енді оның жүзінен ризалық табы танылғандай. «Кімге, Штраусқа ма, әлде маған ба?» Өзімнің ішкі әзіліме күліп жібердім. – Неге күлдіңіз, аға?.. Әлде мен дұрыс айтпадым ба? – деп абыржи сұрады Гүлсара. – Жо-жоқ, сіз өте әдемі айттыңыз!. Мен әншейін екеуміздің Штраусты да, Айтматовты да ұқсас түсінетінімізге қуанып күлдім. – О-о, онда бұл мен үшін де қуаныш... Сіз мәдениет қызметкерісіз ғой, менің ешқандай түсінігім жоқ нәрселерді де білесіз... – К... кхм... – Мен тамағыма бірдеңе тығылғандай іркіліп қалдым. «Мен ешқандай да мәдениет қызметкері емес екенімді айтсам ба екен?.. Жо-жоқ... Әзірге...» – Иә-ә... Сіз екеуміз ұзақ-ұзақ әңгімелесіп пікірлесер жайлар аз болмауы керек... Айтпақшы, сіз мұнда жалғыз келдіңіз бе? – Иә, өзім. – Ал қайда тұрасыз? – Түркістан көшесінде. - О, ол бір қараңғылау көше ғой, білемін... Мүмкін мен шығарып салармын сізді? – Керегі жоқ шығар... Шамасы, Баян әпке мені жібермей үйінде қондыратын болар... – Ол сіздің кіміңіз болып келеді? – Баян әпке менің анамның туысы ғой... – Со-лай ма... Бірақ бүгін ол сізді мұнда қалдыра қоймас. Өйткені, байқаймын, Түлкібастан да келген меймандары көп көрінді ғой. – Бұл енді... кеш соңында мәлім болар... Ал сіз мен үшін әуре болмай-ақ қойыңыз. Өзім-ақ барам, онша алыс емес қой. – Япырай, мен қалайша сіз... сіз көктемде таңғажайып «Қайықтамен» сыйлағаныңыз үшін болса да бір қызметіңізге жарамаймын?! – «Қай-ық-та»... – Гүлсара жеңіл күрсінгендей болды. – Ол мүлде басқа уақыт еді ғой. Бәрі де басқа болатын... – Көзінде әлдене жылт еткендей болды, құдай-ау, жас па шынымен-ақ?.. Жал-жал күресін қар кеш тарқаған соң Гүлсара екеуміз беттеген Түркістан көшесімен екі-үш кварталдан кейін қиылысатын Совет көшесінің онсыз да енсіз тротуарын тіпті тарылтып тастапты. Әлі қары онша таптала қоймаған жалғыз аяқ жолмен сығылыса жүруге тура келді. Мен қолтықтайын дегенімде Гүлсара қарсылық білдірмеді. Байқасам, оның үстінде жеңілдеу ашық-қызыл пальто, басында қолдан тоқылған ақ берет, аяғында жұқа ботинка. – Сіз соншама жеңіл киініпсіз, жаурамайсыз ба? – деп сұрадым. – Мен Ұзақ ауданынанмын ғой, терістіктікімін десем де болады. Суықтан онша қорықпаймын, – Ол осылай десе де қолтығындағы оң қолыммен денесінен аздаған діріл сезіндім, – Ә...ә, аға, сізге бір өтініш айтуыма бола ма? – Болады, әрине! – Жақында бізде қызметке бөлу басталмақ. Мені Ұзақ ауданына жіберетін көрінеді... Басқа қайда жіберсе онда жіберсін, тек Ұзаққа жібермесе екен! Сіз... сіз мәдениет қызметкерісіз ғой, осыған көмектесе алмайсыз ба? – Туған ауданыңызға неге барғыңыз келмейді? – Білесіз бе... маған онда... онда баруға болмайды. Гүлсарадан бұдан әрі қазбалай сұрай беруді қаламадым. Бәлкім, бір себебі бар болар. Сол себеп өзіндегі өзгеріспен де байланысты шығар, кім білсін. – Гүлсара, мен мәдениет қызметкері емеспін. Әйтсе де әрекеттеп.... Гүлсара сөзімді бөліп жіберді. – Онда сіз кімсіз? – Мен... мен облыстық прокуратура қызметкерімін. – Прокуратура?! – Иә. – Ой, қорқынышты ғой ол! – Неге? – Біздің ауылда «прокурор» деген сөздің өзінен сескенеді, тіпті, кейбіреулер кәдімгідей қорқады... Ал сіз... сіз өзіңізді неге мәдениет қызметкері дедіңіз? – Сіз айтқандай, жұрттың сескенбеуі үшін, – деп күлдім. – Сіз... сіз жұмбақ адам екенсіз, аға... – Гүлсара ойланып қалғандай кейіп байқатты. – Мен жұмбақ адам емес, «қар адамымын» – «Қар а-да-мы»... Түсінбедім. – Мені курстас қыздар солай атайтын. – Неліктен? – деді Гүлсара білуге құштарлығын сездіре. – Мүмкін... мүмкін өздеріне, ә...ә... қыздардың бәріне салқын қарағаным үшін шығар. – Қы-қызық екен... Әлі де солайсыз ба? – Сарыарқаға барғанға дейін! – деп күле жауап бердім. – Сіз, аға, расында да жұмбақ екенсіз, – деп Гүлсара да езу тартты. – Мендегі жұмбақты, ықылас болса, шешу оңай. Сіздікіндей емес... – Менде... жұмбақ?! – Гүлсара таңдана бетіме қарады. – Ол... ол неде? – Ымм... сізге қалай айтсам екен... – Міне, біздің пәтерге де кеп жеттік... – Осылай деп тоқтаған Гүлсара тақтай шарбақпен қоршаулы, көмескі жарықта ағараңдаған кішілеу шатырлы үйді қолымен нұсқады. – Өкінішті... – Бұл сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін өзім де байқамай қалдым. – Не өкінішті? – Жо-жоқ... Қайта, керісінше,тезірек жеткеніміз жақсы болды, әйтпесе сіз әбден жаурайтын едіңіз... – Абайсыздықпен өзім қазған апаннан шықтым-ау әитеуір. – Мұнда бір өзіңіз тұрасыз ба? – Жоқ, Клара екеуміз. – Ол кім? – Клара – ЖенПИ-ді бітірген семейлік қыз, облыстық кітапханада қызмет істейді, сонда танысқанбыз. Оған да пәтер керек екен, екеуміз хабарландыруларды қарап жүрдік, осыны, бір орыс кемпірдің бір бөлмесін таптық. Клараның бүгін қолы босамады, әйтпесе бірге баратын едік. Өте жақсы, өзі әдемі, менің туған әпкемдей боп кетті... Ендігі күтіп қалған болар... Сізге шығарып салғаныңыз үшін рахмет, аға... – О не дегеніңіз, алғысыңызға арзымайды... Бүгін... сізді кездестіргеніме өте-өте қуаныштымын!... Әйтпесе анау кезден бері... ә...ә... жарайды... – Кенет лықсып кеткен жан толқынынан кібіртіктеп қалдым. Сонан соң сәл өз-өзіме келіп: – Гүлсара, мен ... мен сізді тағы да кездестіру үшін шынымен – ақ Баянның келесі туған күнін күтуім керек пе? – деп күлдім. – Ой, айтасыз-ау, аға! – Ол күліп жібергенімен, неліктен екенін қайдам, тез тиылды. Жүзі де сәтте өзгеріп, мұң ұялағандай. Оның көңіл күйіндегі бұл өзгерісті түсіне алмадым. Мінезі көктем күніндей құбылып тұра ма екен әлде? Ондай емес сияқтанып еді ғой... Мендегі әр саққа жүгірген осындай ой ағысын Гүлсараның сәл дірілдей шыққан баяу үні бөліп жіберді. – Жалпы, аға, кешіріңіз мені... кездесудің керегі бар ма?... Көрістік, кеш бойы бірге болдық... Меніңше, осының өзі жеткілікті... – Жоқ, жеткіліксіз... Байқаймын, Гүлсара, сіз әбден жаурадыңыз! Кешіріңіз... – Кішкене қақпаның жанындағы қоңыраудың қара түймесін бастым да сенімді үнмен: – Бүрсігүні кешкі алты жарымда нақ осы тұрған жерімізде мен сізді күтемін... Егер... егер шықпасаңыз – қайтар жолды, әрине, табамын ғой, – дедім. Ол маған таңдана қарады. Жанарында бір беймәлім жылылық бар секілді. Ал алақаны тастай суық екен. Әбден тоңған... – Көріскенше, Гүлсара! – Мен кілт бұрылып кете бардым. – Кө...... ріс....кенше... – Ту сыртымнан баяулап бәсең айтылған үн жетті. Сүйікті, ынтызар үн... Оңтүстіктің аты оңтүстік. Бір күннен кейін солтүстік- шығыс желін одан гөрі жылылау оңтүстік-батыс желі алмастырды. Күз бен қыста діңі әбден қарайып кеткен нау теректердің ұшар басы онша қатты, ысқыра шуламайтын болды. Топ-топ қарғалар пайда болып, көшедегі адамдар қарамы молайды. Өзім белгілеген кеште, айтқан уағымда Гүлсара тұратын үйге жеттім. Шарбақтың ар жағынан ит үрді, дауысына қарағанда үлкендеу күшік секілді. «Бұл бұрнағы күні осында тұрғанымызда неге үрмеген? Суықтан тамағын сақтады ма екен?.. Жо-ғә, кіші де болса заты ит қой... Сірә, Гүлсараны танығандықтан шығар... Шығар ма екен ол? » Мен қоңырау түймесін әдейі баспадым. Ыңғайсыз сияқты ғой... Егер қаласа қоңыраусыз-ақ шығар... Ал қаламаса қоңырау көмектеспес... Кенет үйдің сыртқы есігі сықырлады да бір неше секундтан соң кішкентай қақпа есігі жайлап ашылды. «Ақ берет, самайдан сәл көрінген қара шаш, аққұба жүз бен қап – қара қас пен көз қалай – қалай жарасым тауып, бар бейнесіне ғажайып гармония бітірген!» - деп сүйіндім мен іштей. – Сәлематсыз ба, Ілияс аға, – деп Гүлсара қолын ұсынды. Алақаны жып – жылы, жұмсақ екен. – Мен... мен тек сіз ренжімесе екен деп шықтым. Өткенде сізге уәде бермесем де... Енді келген екенсіз – осы маңайда кішкене жүрейік те тарасайық. – О, о не дегеніңіз, Гүлсара?!.. Менде театрға, премьераға үш билет бар... – «Шоқан Уәлиханов»? – деп елең етті ол. – Иә, иә, Мұқановтың драмасы. – О-о, бүгін біздің қыздар группамызбен бармақ болып еді – екі – ақ билет табылды. Жеребе тартып едік... маған түспеді... – Жо-жоқ, сізге түсті! Мен арқылы. Үш билет! Байқаймын, Гүлсара ептеп қуанған секілді. – Ал үшіншісі кімге? – деп сәл ыңғайсызданғандай боп сұрады. – Сіздің Клараға... таныспасақ та... – Ой, қандай өкінішті... Бүгін оларда профсоюз жиналысы... – Онда амал не... Жүріңіз, жүгірейік, әйтпесе кешігеміз... Үлгірдік. Зал аузы-мұрнынан шыға толы екен. Бірталай үлкен бастықтар да келіпті.Олар отырған қатардың орта тұсынан облатком төрағасының орынбасары Жұмабек Тәшенов көзге шалынды. Бұл кісі Қазақстан үкіметін басқарып тұрғанда республикаға зияны тиетін бір мәселелерде Хрущевтың өзіне қарсы келіп орнынан түскен, қысқасы, Қазақстан үшін жазықсыз жапа шеккен деп естігем. Өзін өткен күзде көріп қалғаным бар. Кең-мол сұр макинтошты, сол түстес шляпалы, ақсары жүзді толық, ірі денелі орта жастардағы келісті кісі көшеде баяу басып келе жатқан. Шамасы, кешкілік қызметтен қайтқан беті болуы керек. ....Спектакль шынында да керемет болды. Сахнаға Шоқан шыққанда жұрт дүрлігіп, дүрілдеп кетті. Бұл қуаныш халықтың өз өткеніндегі аса жарқын тұлғаларының біріне деген сағынышына ұқсады маған. Бірақ, неге... өткеніндегі? Мүмкін қазіргісіндегі шығар? Уәлиханов өз заманынан баяғыда-ақ аттап өтіп, өзінің шығармаларымен, армандарымен және ең бастысы, халыққа толық берілген жүрегінің өшпес жалынымен біздің замандастарымыздың да ой-санасында, жадында жарқырап тұрған жоқ па?! Былайынша да түр-түсі Шоқанға егіздің сыңарындай ұқсас актер Қасымхан Шаниннің талантты ойыны да менің бұл ойымды бекемдей түсті... Гүлсара да қатты толқыған сияқты. – Шоқан қандай тамаша адам болған!... – деді ол театрдан шыға бергенімізде. – Ал мен, аға, оны мектеп программасы көлемінде ғана біледі екем, соныма өкіндім... Оның аз ғана өмір сүргені қандай аянышты! – Қалайша аз?! Сіз оны қазір ғана кездестірген жоқсыз ба? – дедім мен жорыта таң қалғандай кейіппен. – Ол актер ғой... – О-о, Шоқан шынымен өлген болса – актер ойнамаған да, тіпті, Сәбит Мұқанов пьеса жазбаған да болар еді. Ол өлген жоқ! Қанша мектеп, кітапхана, институт, ауыл, аудан, көшелер оның атымен аталады. Еңбектері де ғылымда өмір сүре береді... – Солай екен ғой, шынында да, аға... Нағыз таланттылар үшін ажал жоқ екен ғой... Ал жәй адамдар қайтпек, елдің бәрі талантты емес қой? – Олар ұрпақтары арқылы өмір сүреді. – Ұрпақтары арқылы... Мен де солай ойлаймын... – дегенді естілер-естімес қып баяу айтқан Гүлсара көпке дейін үнсіз қалды. – Ал егер... егер ұрпақтары оларды яғни ата-анасын жөндеп көріп те үлгермеген болса қалай болады? – Мен... мен сізді онша түсінбедім, – дедім мен күмілжіп. – И-иә... тек сіз ғана емес... талайлар түсінбейді мұны... – Гүлсараның даусы дірілдеп кетті, бейне сәл болмаса жылап жіберетіндей. – О-о, сізге... сізге не болды?! – Жоқ... жоқ, ештеңе емес, кешіріңіз... – деп жеңіл күрсінген ол аздан соң қалыпты үнмен сөзін жалғады. – Мәселен... мәселен мен... әкемді мүлдем көрген емеспін, ол мен дүниеге келерден үш ай бұрын, қырық үшінші жылы майданға кеткен... Тіпті, фотокарточкасы да сақталмаған. Мен оны қайтіп елестете алам? Тек өз қиялыммен ғана ма? – Анаңыздан сұрап білуіңізге болады ғой... – А... нам... – Гүлсараның даусы тағы дірілдеді. – Мен екіге келгенімде ол да... ол да қаза болды! – Қаза болды?! Қалай, о да соғыста ма? – Жоқ, Қарағандыда, шахтыда, вагонетка қағып кеткен. – Ол о жаққа қалай барған? – Естуімше, оны о жаққа сот жіберген... Біздің колхозда бір оңбаған бастық болыпты... Сол әкемнен «қара қағаз» келгеннен кейін анама тиісе бастаған... Ақыры, бір жолы күш көрсете бастағанда анам кетпенмен бір ұрып қатты жаралапты... Әне, сол үшін... – Оһ, қандай қасірет... Ал анаңыз есіңізде ме? – Жоқ десем де болады... Тек менде оның сыртына «Менің сүйікті жалғызым – Гүлсараға апасынан» деп жазылған жалғыз ғана кішкентай суреті бар. Қарағандыға кетер алдында түскен сияқты... – Ол өзіңізге ұқсай ма? – Ұқсайтын сияқты. –Сұлу болған екен ғой онда... – Тұтас бір кварталдан өткенше үндеспедік. Гүлсараның әке-шешесінің, өзінің де тағдырлары үшін жүрегім ауырды. Неткен аянышты... – Сіздің ата-анаңыз аман-есен шығар, – деді әлден уақыттан соң Гүлсара. – Иә, ол кісілер бар. Әкем соғыста болған, аяқтан жараланған... Шешем өмір бойы колхоздың жұмысында болған. Қазір екеуі де пенсияда. – Сіз бақытты екенсіз. – Сіз де міндетті түрде бақытты боласыз

Ұқсас жаңалықтар