
Әлемдік футбол додасы басталды
Дүниежүзі төрт жыл күткен дүбірлі дода басталды. Футболдан әлемнің XX чемпионатының ашылу рәсімі біздің уақытымыз бойынша жұмаға ауған түні Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы «Коринтианс» стадионында өтті. Салтанатты шарада театрландырылған көрініс көрсетіліп, әннен шашу шашылды. Барлығы әлемдік аламанның деңгейіне сай.
Театрландырылған көрініс айтулы аламанның көркі болған үлкен теңбіл доптың ішінен бастау алды. Қолда бар мәліметке сүйенсек, тарихтан сыр тартқан қойылымға, бишілер мен барабаншылар шеруіне, жалпы бұл көрініске алты жүзден астам адам тартылыпты. Олардың арасында гимнастшылар мен акробаттар да бар. Керуен көрсетілімнің режиссері – бельгиялық маман Дафне Корнэ. Салтанатты шарада атақты америкалық әнші Дженнифер Лопес өнер көрсетті. Ол «Piybull» атты америка-куба біріккен рэпері¬ және бразилиялық орындаушы Клаудиа Лейтте жазған «Біз біргеміз» (We Are One) әнін орындады. Бірақ, әлем чемпионатының ресми әні Бразилияның мемлекеттік тілі – португал тілінде емес, ағылшын тілінде орындалды. Дүбірлі доданың символдық добын тебуге мүмкіндігі шектеулі азамат ие болды. Арбаға таңылған жігітті арнайы құрылғының көмегімен алаң ортасына жеткізіп, оның жансызданып қалған аяғы теңбіл допқа тиген сәттен бастап, әлем чемпионаты ресми түрде басталды.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Биыл өңірде 6 спорт нысаны ел игілігіне беріледі
- 15 сәуір, 2025
Биыл алты спорт нысаны ел игілігіне берілмек
- 15 сәуір, 2025
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді