«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақтағы тұңғыш әйел – академик

Аймақтағы тұңғыш әйел – академик
ашық дереккөз
Аймақтағы тұңғыш әйел – академик

ғалым Дария Қожамжарова жайлы бір үзік сыр

дария-0ожамжароваАдам баласының бойына тал бесіктің тербелісі арқылы берілетін тәрбиенің тума қайнары әйел затының болмысына тән. Сол бір нәзік жаратылыс иелерінің қажырлы қайрат-жігерімен қаланып, іргесі биіктей беретін тәрбие мен тағылым елдік өрістің өркендеуіне негіз болып табылары анық. Еңбегін осылай елдік өріспен ұштастырып, ең әуелі ана, сосын аяулы жар, келелі кеңесші, алтын ұяның ұйытқысы, тәлімді тәрбиеші, қарымды қызметкер, қабырғалы қайраткер ретінде орасан жауапкершілік түрлерін жан-жақты игеріп, еліне үлгі болып жүрген ару-аналар өз ортамыздан да табылады. Соның бірі – елімізге белгілі ғалым, жуырда ғана ҚР ҰҒА-ның академигі атағын алып, Тараз өңірінен шыққан тұңғыш академик қыз атанған мақтанышымыз Дария Қожамжарова. Ел, жер, аймақ, өңір өзінің бауырында жетіліп өскен өрендерінің жеткен жетістіктерімен, жеңістерімен жемісті, ырысты саналады. «Жыл өткен сайын жасарған» киелі Жамбыл өңірі де еліміздегі сондай қазыналы облыстың қатарына жатады. Еліміздің өркендеуіне елу жыл бойы білім нәрімен үлес қосып келе жатқан жоғары оқу орны – Тараз мемлекеттік педагогикалық институты осы Жамбыл өңіріндегі іргелі өндіріс ордаларының қатарына жатады. Бұл іргелі мекеменің ең басты өнімі – білім беру саласындағы сапалы мамандар, сондай-ақ білім беру жүйесін дамытудағы жаңашыл технологиялар, ғылыми зерттеулер. Зымыран заман талаптарына сай үйлестіктегі шаруаларды дөңгелетіп отырған оқу орнының жетістіктері әуелі ұжымдық ортадағы біртұтастықтың (корпоративный дух) нәтижесі болса, сондай-ақ ұлан іске ұйытқы болып отырған басшысының біліктілігі өз алдына бөлек әңгіме. «Білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постиндустриялық белесті бетке ұстаған үшінші мыңжылдықтағы қоғам мен мемлекет дамуының ең басты қозғаушы күші ол – заманауи сападағы білім мен біліктілік. Мемлекетімізде осы талаптар тұрғысынан қолға алынып жатқан іргелі бастамаларға Тараз мемлекеттік институты да белсенді түрде атсалысып келеді. Соның нәтижесінде бүгінде қол жеткізіп отырған жетістіктердің бірқатарын мақтаныш сезіммен атап өткеніміз артық емес. Бүгінгі таңда тарихи кезеңнің 50 жылдық белесін еңсеріп отырған Тараз мемлекеттік педагогикалық институты педагогикалық кадрларды даярлау бағытындағы Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жетекші институттар қатарына табан тіреп тұр. Оған институтымыздың 2015 жылдан бастап ұлттық рейтингте Қазақстанның бес үздік педагогикалық жоғары оқу орындарының қатарына енуі айқын дәлел. Студент санының көрсеткішінің өзі де институттың деңгейін танытатын бірден-бір фактор екендігі шындық. Міне, осы жағынан алып қарағанда Дария Пернешқызы алғаш ректор болып келгендегі жалпы саны – 3000-ды құрайтын студенттер контингенті бүгінде 6000-ға жуықтады. Тарихи сабақтастығы мен дәстүрі қалыптасқан білім ордасының Дария Қожамжарованың басшылығымен қол жеткен жетістіктердің барысын ТарМПИ мен 26 білім беру бағдарламасы институционалдық және арнайы аккредитациядан өтуі толықтыра түседі. Облысымызда бүгінде 140 шағын жинақталған мектеп бар. Ол үшін ТарМПИ 5 эксперименттік білім беру бағдарламасы бойынша қос маман дайындау мәселесін жүзеге асыруда. Сондай-ақ, ТарМПИ-да 5 бірдей мамандық бойынша дуалды оқыту жүйесін жүзеге асыру мәселесі де тікелей Дария Пернешқызының бастамасымен жолға қойылған шаруа. Атап айтқанда «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие», «Дефектология», «Спорт және дене тәрбиесі», «Кәсіптік білім беру», «Дизайн». Студенттерді дайындаудың практикалық бөлігі «Тараз-Арена» жаңа спорт сарайында, «Аспара» колледжінде, «Асыл Дизайн» сән үйінде, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, ресурс орталықтарында, балалардың шығармашылық даму орталығында өтеді. Өзі туып-өскен Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті сәтті тәмамдаған соң, ару қала, арман қала Алматыға жол тартқан Дария Пернешқызы 1984 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих мамандығын үздік бітіріп шығады. Еңбек жолын Жамбыл педагогикалық институтында оқытушылық қызметтен бастайды. Жаңалыққа, жаңашылдыққа жаны құштар жас маман оқытушылық қызметпен шектеліп қалмай, ғылыммен шұғылдануға талпынады. Сөйтіп 1990 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантурасына түседі. Ғылым кенінің ыстығы мен суығына қарамастан бес жыл бойына талмай ізденуінің нәтижесінде «1925-1929 жылдардағы қазақ ауылындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. 1995 жылы білім беру ісіне қайта оралып, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Тарих» кафедрасының доценті, «Саясаттану және әлеуметтану» кафедрасының меңгерушісі, Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық, Жаратылыстану-әлеуметтану ғылымдары, Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеттерінің деканы, университеттің тәрбие жұмыстары және қоғаммен байланыс жөніндегі, оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, ректордың уақытша міндетін атқарушы сынды жауапты қызметтердің тізгінін ұстайды. 2013 жылдан бастап Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры қызметіне тағайындалады. Тек өзіне міндеттелген қызметтік шеңберде шектеліп қала алмайтын Дария Пернешқызы қоғамдық өмірдің де бел ортасынан табылып отыратын белсенді жан. Қоғамдық өмір ағымынан тыс қалуды ар санайтын, сондықтан да ел өмірі, ондағы болып жатқан оқиғаларға алаңдаушылық танытып отыратын Дария Пернешқызы жалпы халықтың да сенім артқан қалаулысы. Оған Тараз қалалық мәслихатының ІV шақырылымының, Жамбыл облысы мәслихатының V-VI шақырылымының депутаты болып сайлануы дәлел болса керек. Жамбыл облысы бойынша Іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі, «Білім және әйел» секциясының төрайымы, Жамбыл облыстық мәслихатының марапаттау комиссиясының төрайымы, Қазақстан әйелдері І съезінің делегаты, Қазақстан Тарихшылар қауымдастығының және облыстық «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі. Елім дегенде ерінуді білмейтін, туған жер, ұлттың келешегі үшін аянып қалуды арсыздыққа балайтын Дария Пернешқызының бойында атойлаған патриоттық сезімі мен ерлікке пара-пар ерен істері елеусіз қалып көрген емес. Ол екі мәрте ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «Құрмет» орденімен, «ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» медальдарымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен және Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Оқу және мемлекеттік-қоғамдық қызметтерді қатар атқарып жүргендігіне қарамастан, ғалым ретінде Дария Пернешқызы ғылыми-зерттеу жұмыстарынан бір сәт те қол үзіп көрген емес. Соның нәтижесінде 2010 жылы «Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулауы: әскери-отарлық әкімшілік пен жергілікті халық арасындағы қатынас (ХІХ ғ. ІІ жар. – ХХ ғ. бас кезі)» тақырыбында қорғалған докторлық диссертациясы тарихтың тасасында қалып, бұған дейін беймәлім күйде келген талай тосын дүниенің жарыққа шығуына қозғау салды. Аталмыш тақырыпқа қатысты материалдар қорын жинақтап, талмай іздену барысында мұрағаттардан көптеген құнды деректердің басын жинақтап ғылыми айналымға қосты. ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі Оңтүстік Қазақстандағы патша өкіметінің Оңтүстік өңірге енуі барысындағы жергілікті халықпен байланысы, жергілікті халықты Ресей билігіне тарту бағытындағы әскери-отарлық әкімшіліктің атқарған іс-шаралары, патша өкіметі жүргізген саяси-әкімшілік реформалары және өңірдегі халықтың өміріне тигізген әсері, жергілікті халықтың наразылығына байланысты мәселелерді саралап шықты. Докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін де жинаған құнды деректерге одан әрі жан бітіріп, ғылыми жұмысты жалғастырды. Ғалым 2013 жылы ҚР ҒА корреспондент мүшелігіне қабылданғаннан бері бірнеше монография шығарды. Олар «Жетісу Ресей империясының құрамында» және «Түркістан өлкесіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихы (Сырдария және Жетісу облыстарының материалдары бойынша). Сондай-ақ жақында ғана ағылшын тілінде бірнеше ғалымдармен бірлескен «Жоғары оқу орындарындағы дуалды білім беру жүйесінің ерекшеліктері: Қазақстан, Германия және Ресей тәжірибелері» атты монографиясы жарық көрді. Сонымен қатар кеңес заманына дейінгі кезеңмен тоқтап қалмай тарихтың қойнауына терең бойлай түсіп, орта ғасырдағы қазақ тарихының қыры мен сырын ашуға да атсалысуда. Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап Дария Пернешқызының бас редакторлығымен институтымыздың тарихшылары «Қазақ хандығы» атты арнайы энциклопедияны жарыққа шығарды. Бұл энциклопедияға Қазақ хандығына қатысты зерттеу нәтижелері молынан енгізілді. Басылымда хандық тарихында терең із қалдырған хандар, сұлтандар, билер, батырлар, ақындар мен жыраулар, сондай-ақ тарихи оқиғалар туралы зерттеу материалдары кеңінен қамтылған. Осы мәселе бойынша бірнеше жыл арнайы зерттеулер жүргізіп, «Қазақ хандығы» атты екі томдық монографияны дүниеге әкелді. Бұған қоса «Алаш қозғалысының тарихы» деп аталатын оқулық пен 2 оқу-әдістемелік құрал, 100-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік мақалалардың авторы. Осы Алаш қозғалысына қатысты тарихты Мәңгілік Ел идеясымен байланыстыру арқылы «Алаш қайраткерлері мұралары концептуалдық тенденциясының Мәңгілік ел идеясымен біртұтастығы және жаһандық әлеуеті» деген тақырыпта Білім және ғылым министрлігі тағайындаған ғылыми жобаға ғылыми жетекшілік жасауда. Жуырда Дария Пернешқызы ҚР ҰҒА-ның академигі атағын алды. Ұлттық ғылымды бүкіл әлемге паш ету жайына да баса назар аударып отырған Дария Пернешқызы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жалпы саны 46 алыс-жақын шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуына қол жеткізді. Осындай ерен істердің ұйытқысы болып, ер-азаматтың жүгін арқалап жүрген қазақ қызының қайсарлығы, батылдығы, батырлығы оның ұлттық ғылымдар академиясының академигі болу жетістігімен жалғасын тауып жатыр. Дария Пернешқызының осы Жамбыл облысы өңірінен шыққан тұңғыш әйел-академик әрі жоғары оқу орнын басқарған тұңғыш әйел-ректор екендігін ескерсек, кезіндегі Алаш көсемдерінің әйелдердің қоғамдық өмірдегі белсенділіктерін арттыруға байланысты идеяларының шыншылдығына, шынайылығына, жасампаздығына, олардың көрегендіктері мен кемеңгерліктеріне тағы бір таңғалмасқа шараң жоқ.

Тұрсынай Абдықадырова, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор.

Ұқсас жаңалықтар