«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сәләфизм – сан соқтыратын ағым

Сәләфизм – сан  соқтыратын ағым
ашық дереккөз
Сәләфизм – сан соқтыратын ағым

Сәләфилік ағымының тарихына қысқаша тоқталатын болсақ, негізін XIIІ ғасырда Ибн Таймия салған, XVIII ғасырда Мұхаммед ибн Абдулуаххаб (1704-1787) ілімін дамытқан. Соңғысы өзінің еңбектерінде өздері сияқты сенбейтін адамдарды күпірлікке айыптап қарулы жиһадқа үндеген. Өздерін «сәләфпіз» деп санайтындар мұсылмандарды Алланың бірлігіне шақыру, ислам дінін хұрафат-бидағат (дінге енген жаңалық) амалдардан тазалау, дінімізді пайғамбар заманындағыдай, яғни орта ғасыр адамдары секілді өмір сүру, араб әлемін біріктіру сияқты діни фундаменталды идеяларды ұранға айналдырып, көптеген адамдарды тура жолдан тайдырған. Сәләфилік ағымының шейхы Мұхаммед ибн Абдулуаххаб ханбали мазһабын ұстанғанымен ақида (сенімде) ханбали мәзхабы бойынша дінді ұстанбайды. Ұлттық құндылықтарын білмеген, онымен мақтанбаған азаматтардың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі жойылуда. Мәселен, американдық сарапшы Марк Сейджманның зерттеуі бойынша «Террористердің төрттен бірі ғана жағдайы төмен отбасынан шыққан. Террористердің басым көпшілігі жоғары таптан шыққан, жартысы орта таптан, көбісі отбасылы, діни білім алғандары аз, заңгер, дәрігер, инженерлер. Олардың террорист болу себебі дәстүрлі діни таным негізінен айырылып, не батыстық мәдениетті қабылдамады немесе өз мәдениетін білмегендіктен террорист болды», деп тұжырым жасаған. Сол секілді ел ішінде қазақтың қыздары мен ұлдары да тарихын, ата-бабалары ұстанған дәстүрлі діни танымын білмегендіктен, жалған діни ағымдардың жетегінде кетіп, бірі Сирия мен Иракқа асып жатса, бірі туған елінде лаңкестік әрекет жасауда. Лаңкестердің мақсаты дін үшін күрес емес, керісінше билік пен байлыққа жету. Сәләфилердің уаххабилік идеологиясы адамдарды өздерінің топтарына тартып, саналарын радикалдандыру үшін неше түрлі қитұрқы айлаға барады. Солардың бірі – туған-туыстарынан, ұлттық бірегейлігінен айырып, соңында өзі тұрып жатқан мемлекетін жат қылып, өз еліне қарсы соғысуға үгіттейді. Қарулы жиһадқа шақырмас бұрын беташар, сәлем салу, ас беру, құран бағыштау, секілді дәстүрлерді ширк, харамға теңеп әбден саналарын улап қоғамнан оқшаулайды. Бірақ соған қарамастан сәләфилер (уаххабилік) өзара саяси мәселеде бірнеше топтарға бөлінуде. Бұл барлық ағымға тән құбылыс. Пайда болған кез келген ағым уақыт өте келе өзара келісе алмай тармақтарға бөлінетіні ақиқат. Олардың бұлай бөлінуіне бірнеше себептер түрткі болған. Мәселен, амал етпеген жан «кәпір ме, әлде мұсылман ба?», «кәпірлермен одақтасуға бола ма, болмай ма?» «басшыға бағыну», «патшаның саясатын қолдау немесе қолдамау» секілді әрі ақидаға (сенім), әрі саясатқа қатысты мәселелер төңірегінде келісе алмай «мадхалиттер», «сурурилер», «такфирлер» болып бөлініп кеткен. Аталмыш ағым өкілдерінің ұстаздары мен негізге алатын әдебиеттері бір бола тұра бір-бірлерін адасушылықпен, күпірлікпен айыптап, тек өздерін ғана тура жолда жүрген мұсылман ретінде санауы, ислам дініне жат нәрсе. Қоғамнан оқшауланып, заманға сай өмір сүрудің орнына орта ғасырдағы адамдар секілді өмір сүруді аңсайтын сәләфилердің сыңаржақ, радикалды діни ағым екенін аңғаруға болады. Сондықтан еліміздің тыныштығы мен татулығын сақтау, дамыған елдермен тереземізді теңестіру мақсатында қоғамның діни танымын дұрыс қалыптастыру аса маңызды. Біздің діни танымымыз ата-бабаларымыз ұстанған жол үш тұғырымызбен төрт қағидамызды жандандыруда болмақ. Ал үш тұғыр дегеніміз ханафи мәзһабы, матуруди сенімі, Қожа Ахмет Ясауидің діни танымы. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың діни танымы төрт қағидаға негізделген. Атап айтқанда, бірінші «заман», заманға сай өмір сүр және жаңа технологиялармен, инновацияларды игеру. Екінші «мәкән», яғни Отан деп туған еліне, жеріне аянбай еңбек етіп халқының сүйікті ұлдары мен қыздары болу. Үшінші «ихуан», яғни бауырмалдық деп адамдардың ұлтына, нәсіліне, дініне, түсіне қарамастан құрмет көрсетіп бауыр тұту. Төртінші «Рабта-сұлтан», басшыға бағына отырып әділеттілікті талап ету.

Ерзат Жақыпов, облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы.

Ұқсас жаңалықтар