«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сақтансаң, сақтайды

Сақтансаң, сақтайды
ашық дереккөз
Сақтансаң, сақтайды

Қазіргі таңда әлемдік қауымдастықты мазалап отырған мәселелердің бірі – әртүрлі бүлікшіл діни топтардың экстремистік және террористік әрекеттерге баруы. Олардың кейбірі біздің елімізде де өз идеяларын ашық түрде таратқысы келген. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында елімізде соңғы жылдары сол ұйымдардың әрекеттерін ауыздықтайтын бірқатар нормативтік актілер шығарылып, террористік және экстремистік деп табылған топтардың қызметіне тыйым салынды. Олардың қатарында халықаралық «Таблиғи жамағат» миссионерлік ұйымы да бар. Бұл ұйымға қатысты 2013 жылдың 28 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты «Қазақстан аумағында қызмет етуін тоқтату» туралы шешім шығарса да, ұйым мүшелері тарапынан республика аумағында астыртын жұмыстар жүргізілуде. Оған себеп, аталмыш ұйымның жұмыс жүргізуіне көршілес Қырғыз Республикасы территориясында тыйым салынбауы. «Таблиғи жамағат» діни ұйымы – 1927 жылы Үндістанда құрылған исламдық бағыттағы миссионерлік діни қозғалыс. 1947 жылдан дүниежүзіне тарай бастаған ұйымның негізгі бағыты – діни дағуат, яғни дінге шақыру болып табылады. Ұйым мүшелері арасында теологиялық тартыстарға тыйым салынған, сондай-ақ мүшелерінің саяси көзқарастары есепке алынбайды. Діни ұйымның негізін қалаушы – Мәулана Мухаммад Илияс Кандахлауи деген үндістандық сопылық деобанд мектебінің өкілі болған. Ол – діни сауаты шамалы мұсылман шаруалардың индуизм дінін қабылдауына қарсы «Таблиғи Жамағат» қозғалысын құрады. Қозғалыс алғашында медреселерді көбейтумен айналысқанмен, оның әсері кем болған соң діни дәрежесі жоқ кезбе миссионерлер (таблиғтар) арқылы исламдық сананы жандандыру әдісіне көшеді. Олар бірнеше кісіден тұратын жамағаттарға бірігіп, «есіктен есікке» қағидасы негізінде бірнеше күннен, бірнеше айға дейін жалғасатын іссапарларға шығады. Осындай терең білімі жоқ, бірақ өте ынталы мұсылмандарды ұйымдастырған Мухаммад Илияс қозғалыстың Үндістанның солтүстік және оңтүстік өңірлеріне (Пенджаб, Карачи, Бхопал) орнығуына басшылық етті. Ұйым мүшелері арасында саяси шиеленістерді болдырмау үшін, мұсылман еместерге арналған прозелитизмге (дінге шақыру) тыйым салынды. Жалпы, қозғалыстың діни ұстанымы қоғамымыздың діни-рухани бөлінуіне себепкер болып, оның мүшелері мен ізбасарларының конституциялық құқықтар мен міндеттерді ескермеуі «Таблиғи жамағат» ұйымының деструктивті сипатқа ие екендігін көрсетеді. Сондықтан Қазақстанда «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметіне тыйым салынуы мемлекет тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дер уақытында қабылданған шара деуге болады. Ұйымның идеологиясы радикалдық тұрғыда уахабизмге жақын. Сондықтан «діндестерге құрмет» дегенді басты желеу ретінде ұстанатын таблиғшылар өз бағыттарының басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттап жүр. Осы арқылы өздеріне ерушілердің арасында басқа дін өкілдеріне деген жек көрушілік сезімін туғызып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының бірінде: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес жалған діни ағымдар мәселесі өткір боп тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы жат діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» деп атап өтіп, дәстүрлі емес секталар мен жалған діни ағымдардың қызметіне қатаң тосқауыл қою қажеттігін тапсырған болатын. Сондықтан да біз жастарымызды радикалды, фундаментальді бағыттағы лаңкестік топтар мен экстремистік партияларға қосылып, еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі әбден мүмкін таблиғшылардың улы идеологиясынан мейлінше сақтандыруға тиіспіз.

Еркебұлан Ақбай, облыс әкімдігі дін істері басқармасының бас маманы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар