МЫРЗАТАЙ. ШЕРХАН. МЕҢДІБАЕВПЕН КҮРЕС
Бүгінгі таңдағы ел ағасы, халқымыздың асыл азаматы, орда бұзар отыз жасында жемісті ғылыми-зерт теу еңбектерімен қазақ әдебиетінің тарихын бір мың екі жүз жылға тереңдетіп, ерлік жасаған, тоталитарлық жүйе күйремей тұрып-ақ Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстарын, ардақты ақын-жазушыларымызды халқымызбен қайта қауыштыруға айтарлықтай үлес қосқан, тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының жанынан табылып, ұлтымыздың рухын оятуға, еліміздің еңсесін көтерісуге атсалысқан, наурыздың ұлттық рухани сипат алып, қайта оралуына, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуына, елдік салт-санамыздың, әдет-ғұрпымыздың жаңғыруына үлкен еңбек сіңірген Мырзатай Жолдасбековтің есімі елімізге кеңінен белгілі.
Соңғы жылдарда мен ұлт мұраты жолында ғұмыр бойы жан аямай қызмет етіп келе жатқан Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың күреске, ғибратқа, қызықтарға толы өмірі туралы сыр-сұхбатқа құрылған жаңа роман жазып бітірдім. Бүгін сол кітаптан үзіндіні «Ақ жол» газетінің оқырмандарына ұсынуды жөн көрдім.
Автор: Мырзеке, сіз Колбинмен бірер жыл қызметті бірге істедіңіз ғой. Жалпы, ол кісі қандай адам еді?
Мырзатай: Орталықтың оны Қазақстанға неге жібергені түсініксіз болатын. Ол Қазақстанды, қазақтарды, қазақтың тарихын білмейтін, білгісі де келмейтін. Байқауымша, партия жұмысына да алғырлығы шамалы еді. Ішкенді тәуір көретін адам сияқты еді. Ол кісінің бойынан кісілік, инабат, мәдениет сезілмейтін...
Колбиннің өзі бұрын партия органдарында көп жыл істеген адам ғой, қалай дегенмен де халықтың көңіл-күйімен санасу қажеттігін түсінетін. Өзі қорқақ болатын. Ақылшылары да көп еді. Олар негізінен Мәскеуде отырды. Өзімізде де кеңес берушілер аз болған жоқ. Орталық комитетте құқықтық бөлімнің меңгерушісі Ефимов деген болды. Бойы аласа, талпақ, тұла бойы қазаққа қарсы адам еді. Колбинде өтетін кеңестерде биттей нәрсені түйедей ғып отыратын. Аузынан мұны бұлай қалдыруға болмайды, жазалау керек дейтін сөз жиі шығатын. Бірде екеуміз шартпа-шұрт келіп қалдық. «Сіз неге мен басқаратын бөлімнің жұмысына қол сұғасыз, болмаса осы бөлімге қоса жауап беріңіз», – дедім. Сөйтіп, біраз жерге барысып едік, Колбин араға түсті, Ефимовке «сенікі дұрыс емес» деді. Кейде өзі шақырған кезде барсам, кабинетінен ылғи Ефимов сияқтылар шығатын.
Кейде әлдеқандай оқыс жағдай туындаса, немесе бірнәрсені газеттен оқыса, өзгелерді шақыратын болуы керек, мені де шақырып алатын. «Мирзатай, что это означает?» – деп сұрайтын. Сол кезде мен де: «Мынау тегін емес, бұдан өрт шығуы мүмкін, ар жағын байқау керек» деп кішкене от бүркіп қоятынмын. Өзінде де бір үрей бар еді. «Давайте, разберитесь, разберитесь. Надо упреждать. Надо остановить», – дейтін. Жезқазғанда ма, бір жерде бір жұмысшы қазақ: «Колбин келгенде қазақтың көсегесін көгертемін, қазақ тілін бір жылда үйренемін деп еді, бір жылдан асып кетті, бір ауыз сөз білмейді ғой», – депті. Сонда да менен сұрады, «осындай бір жұмысшы сөйлепті» деп. Мен ол жағдайды білмеген едім, ал оған бәрін жеткізіп отырады ғой. Мен: «Геннадий Васильевич, вы же сами обещали, бір жылда қазақ тілін үйренем деп едіңіз ғой, сол қайда, ел соны күтіп жүр», – дедім. «Да, действительно. Но видишь, времени не хватает этим заниматься», – деді. Анда, мұнда, бір жерде бірдеме болып қала ма деп үнемі есі шығып жүрді. Расында да ес жиюға мүмкіндігі де болған жоқ ол «байғұстың».
Автор: Сол кездерден менің есімде мынадай екі жай қалыпты. Біріншісі, Колбин қазақ тілін үйренем деп уәде бергеннен кейін журналистер одан интервью алып жатты. Сонда оған: «Сіз Грузияда екінші хатшы болып қызмет атқарғанда грузин тілін үйрендім деп айтып қалдыңыз. Енді қазақ тілін үйренбексіз. Ал грузин тілін ұмытпау үшін сіз қазір ол тілде біреумен сөйлесесіз бе?» – деген сұрақ қойылды. Колбин сонда: «Үйдегі итіммен сөйлесемін» деді де, өзінің тапқырлық жауабына риза болып кетсе керек, «ха-ха-ха» деп күлді. Сондағы оның грузиндер естісе намысына тиетіндей орынсыз жауабы мен сұрықсыз кейпі көргендердің бәрінің көңілінде кетпейтіндей болып таңбаланып қалған шығар деп ойлаймын. Екіншісі, бір күні кешкісін такси ұстап міндім. Таксист еңгезердей қазақ жігіті екен. Радиосын қойып еді, ол Колбин туралы бірнәрсе айтып жатты. Радионы басып тастады да, маған: «Аға, Колбин бір-екі жылда қазақ тілін үйренемін деп еді ғой. Үйрену үшін үйінде оқымысты попугай ұстайды екен. Екі аяғына жіп байлап қойған. Оң аяғындағы жіпті тартса – орысша, сол аяғындағы жіпті тартса – қазақша сөйлейді екен. Бір күні жұмыстан келіп, асығып, екі жіпті бірдей тартып қалған екен, попугайы: «Өлтіресің ғой, падло», – деп айтыпты деп қарқылдап күлді.
Мырзатай: Колбин Қазақстанға қайбір ықтиярымен келді дейсің. Жіберген соң, амал жоқ, келді де. Қазақстанды басқарды дегені болмаса, сол кездегі оның күнін итке берсін. Сол кезде ел ішінде «қазақтың дәстүрінен, салтынан, әдет-ғұрпынан айырылдық, айтыс жоқ, қазақ тілі құрыды, жойылатын болды» деген сөздер етек алып, көбейе бастады. Осындай мәселелердің күн тәртібіне шығуына сол уақытта, шын мәнінде халықтың өзінің рөлі зор болғанын айтуымыз керек. Халықтан үлкен ешкім жоқ. Колбин өзі де күнделікті ақпарат алып отырды ғой ел ішіндегі жағдайлардан. Әрі ол әр дүйсенбі сайын кеңес өткізетін, «Колбиновские совещания» дейтінбіз оны. Сонда ағымдағы істер қаралатын. Оған Колбиннің өзінен басқа Орталық Комитеттің бірде-бір хатшысы қатыспайтын, тек бөлім басшылары ғана келетін, олар сол өз салалары бойынша барлық жағдайды баяндайтын. Айтылатын әңгімелердің көбі біздің бөлімге қатысты болушы еді. Барлық отырыстардың басты кейіпкері біз болып шығатынбыз. Сол кезде идеология бірінші орында тұрды. Өйткені Мәскеудегі Орталық Комитет айтарын айтып қалды. Қаулы шығарып, қазақты қаралады. Желтоқсанда Горбачевтің «демократия», «жариялылық» деген сөздеріне иланып, пікірлерін білдіру үшін алаңға шыққан қазақтың қарусыз жастарына арнайы дайындықтан өткен әскер жұмсап, қақаған аязда өрт сөндіруші машиналармен үстеріне мұздай су шашып, үйретілген иттерді қосып, шоқпарлармен, сапер күректерімен ұрып, Алматының орталық алаңын қанға бөктірді. Шаштан сүйреп, іштен теуіп қыздарымызды қорлады. Талай жас қыршын кетті. Келешекте халыққа пайдасы тиер дейтін, ойы бар, ұстанымы бар көптеген талантты студенттер оқудан шығарылды. Өзі сөйлей алмайтын, айта алмайтын, ойы жоқтардың ешқайсысы жапа шеккен жоқ. Көптеген адам түрмеге қамалды. Елде наразылық кемеріне жетіп, шүпілдеп тұр еді. Колбиннің ең үлкен жұмысы осыны басу болды. Қайтсем елді тыныштандырамын деген оймен жүрді. Бәрімізбен сөйлеседі, «ахуал қалай», «анау қалай», «мынау қалай» деп сұрастырады. Біз де жағдайды әбден түсініп алғанбыз. «Алып бара жатқан ештеңе жоқ, бәрі дұрыс, тек халықтың кейбір айтып жатқан тілегіне құлақ асу керек. Халыққа бірден қарсы шықпай, құлақ қойып, ығында болып, жайлап, қақпайлап, жетектеп отырмаса, онда сексен алтыншы жылғыдан да қиын оқиғалар орын алуы мүмкін» дейтінбіз. Байқаймын, Колбин осындай пікірлерді Мәскеуге де жеткізіп отырды. Мәскеу де, өзі де осыдан сескенді. Халықтың беті ашылып қалды. Халық бәрін көрді. Ашынды. Талай адам жазаланса да, билік халықты жеңе алған жоқ. Халық төменнен бастап теңіздей толқып, көп нәрсені талап етіп жатты. Біз де осыны пайдаландық, өзіміздің күнделікті жұмысымызда халыққа арқа сүйедік. Өзекеңмен ақылдасып, жан-жақты тегіс байқап отыратынбыз. Өзекең апта сайын бөлімді жинап алып, ананы сөйтейік, мынаны бүйтейік деп, бәрімізге тапсырма беріп отыратын. Халық қайтадан шын мәнінде күш ала бастады. Колбин кейде дүйсенбі күндері өзіндегі өткізілетін кеңесте айтылып жатқан сөздерді маңқиып тыңдап, ойланғандай болып отыратын. Сонда «несіне келдім осы республикаға деп отыр-ау, шамасы» деп ойлайтынмын.
Колбин Қазақстаннан еш абырой алмады. Сол кезде ол «Тұрғын үй – 1991» деген бастама көтеріп, алдағы бірер жылда тұрғын үйлерді көп салдырып, халықты қарық қыламыз деп еді, онысы жай сөз боп қалды. Ол әрекетінен түк шықпады. Халық Колбинді қабылдамады. Ол Қазақстаннан өзінің орнын таппады. Ақыры Колбин кетеді екен деген әңгіме туа бастады. Оның орнына Мәскеу бұл жолы қазақты қояды екен, Меңдібаевты қолдап жатқан көрінеді деген сыбыс шықты. Меңдібаев ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы. Енді бір секірсе, немесе Мәскеу қолтығынан демеп жіберсе Қазақстанға бірінші хатшы болу мүмкіндігі жоқ емес-ті. Ол болмаса Әуелбековтің, немесе Назарбаевтың болуы да ықтимал деген әңгімелер айтылды. Ал шындығында, ел ішінде Назарбаевтың беделі басым еді. Мәскеудегі Одақтық Жоғарғы Кеңеске Нұрекең де, Меңдібаев та, Еркеғали Рахмадиев, Мұхтар Шаханов та депутат болатын. Олар съезге он күндеп кететін.
Автор: Сол кезде ел ішінде «Меңдібаев төлқұжатына «қазақ» деп жаздырып алғанмен, ұлты қазақ емес екен» деген әңгіме тараған.
Мырзатай: Ол әңгіменің шындығына бір жолы менің көзім жеткен. Меңдібаевтың политехникалық институтта сабақ беретін туған інісі бар еді. Бірде ол маған: «Институт ректоры менің ініме тыныштық бермей жүрген көрінеді, сөйлесіп, айтып қойшы», – деді. Мен ректорға Меңдібаевтың інісінің жеке іс-құжаттарын алып, маған келіп кетіңізші дедім. Сөйтсем, әлгі інісінің құжаттарында «ұлты башқұрт» деп жазылыпты. Екеуі бір әкеден туған бауырлар ғой. Екінші хатшы айтып отырған соң қайтесің, Меңдібаевтың інісіне тимеңдер деп ректорға тапсырма бердім.
Содан, бір күні Меңдібаев Мәскеуден қайтып келді. Жүрегіміз су ете қалды. Келе сала үлкен залға лық толтыра аппаратты түгел жинады. Өзіне өте сенімді сияқты көрінді. Салған бойда: «Съезден сұранып келдім. Жұмыс көп. Жиналып қалған. Кемшіліктер де аз емес», – деп бастап, бірден маған тиісті. Идеологиялық бөлім еңбекші хаттарымен жұмысты нашар істейді, нәтиже жоқ, пәлен-түген деп. Мені атамайды, «бөлім» дейді. Намысыма тиді. Сөйледім. «Сіз кімді айтып отырсыз? Тұтас бөлім бе, жоқ әлде мен нашар істеймін бе? Сынның нақты адресі болуы керек. Идеологиялық бөлімнің алдына қойылатын мәселелердің бәрі қолма-қол таразыға өлшейтін, қазір ғана жауабын беретін мәселелер емес. Оның ішінде көбі тарихи мәселелер, келешектің мәселелері. Жылдар бойы шешілетін мәселелер. Елдің сұрап отырған мәселелері де күрделі. Оны шешу үшін уақыт керек. Жауап беру үшін де уақыт керек. Сондықтан, сыныңызды біздің бөлім қабылдамайды», – дедім. «Еще посмотрим», – деді ірілік жасап. Сол кезде жұрттың бәрі гу ете қалды: «Орталық Комитетке бірінші хатшы болып Меңдібаев келеді екен» деп. Меңдібаев идеология бөлімінен басқа бірде-бір бөлімді сынаған жоқ. Қаным қайнап кетті. Қасымда орынбасарларым Игорь Романов, Ырысты Сариева бар. «Мұны бұлай қалдырмаймын. Мен оған кіремін. Не деген сұмдық бұл? Осындай да сын бола ма екен? Не деген әділетсіз адам!» – дедім. Екеуі де менімен бірге кіретін болды. Келсем, көмекшісі кіргізбейді. «Меңдібаевтың үйі емес қой. Бұл – Орталық партия комитеті, ал мен Орталық комитеттің идеология бөлімінің меңгерушісімін. Орталық партия комитетінің мүшесімін. Қасымда екі орынбасарым бірге келіп отыр. Қабылдасын», – дедім. Кірдік. «Ну, что хочешь сказать?» – деді. Ішіме сыймай булығып келгем, әкесін таныттым. «Мынауыңыз не сын? Өзіңіз де білесіз, идеология бөлімі айналысатын мәселелердің бәрі өте күрделі. Қандай мақсатпен сынадыңыз? Менің кетуім керек пе? Онда: Жолдасбеков жұмысты дұрыс істей алмай жүр деп неге айтпайсыз. Партияда әділетті адамдар жұмыс істесе керек еді, сіз әділетсіз адамсыз!» – дедім. Біраз жерге барыстық осылай. Шамасы, әуел баста менің тарапымнан мұншалықты қарсылық көремін деп ойламай қалған болса керек, өзі де қорқып кетті. «Мырзатай, ты же не такой, что с тобой?» – деді. «Со мной ничего не случилось. Ешқандай кінәміз жоқ, қандай негізге сүйеніп айттыңыз сондай сынды? Бүкіл аппараттың алдында кешірім сұраңыз», – дедім. Мені қолдап Романов та, Сариева да сөйледі, бөлімге жүктелген міндеттердің жеңіл еместігін, ешкімнің аянып жатпағанын, жұмыстың жүйелі жүріп жатқанын айтты. Ақыр аяғында ол: «Я готов принести извинения перед аппаратом», – деді. Бұл өзі Орталық комитет тарихында еш уақытта болмаған нәрсе, екінші хатшының бөлім меңгерушісінен кешірім сұрауы. Ертеңінде аппараттың алдында кешірім сұрады. «Я не так выразился, конечно, Жолдасбеков прав», – деді. Менің айтқан «идеологияның жұмысын таразымен, безбенмен өлшей алмайсың, кей мәселелер ұзақ жылдарды талап етеді» деген сөздерімді қайталап айтты. Бұл әңгімені адамдары Колбинге жеткізген болуы керек деп ойлаймын. Әлде, басқа да ақпараттардан құлағына тиді ме екен. Бір күні ол өзіндегі жиналыс соңында маған: «задержись, Мирзатай», – деді. Екеуміз қалғанда «жұртшылық Марат Самиевич Меңдібаевқа қалай қарайды?» деп сұрақ қойды. «Маған ол туралы пікір айту ыңғайсыздау. Ал, шындығына келгенде ел ішінде ол туралы жағымсыз әңгімелер аз емес. Әсіресе, Алматы облыстық партия комитетін басқарғанда адамдарға көп қиянат жасаған деп айтылады», – дедім. Ары қарай қазбалап ешнәрсе сұрамады. Содан кейін біраз уақыт өткен соң Меңдібаев Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне ауысты.
Автор: Сол кезде «Желтоқсанда болған жайлардан аузы күйген Политбюро Колбин кетсе орнына енді қазақты қоймақшы екен, үш кісіге – Меңдібаев, Әуелбеков, Назарбаевқа назар аударып жатса керек» деген, жаңағы сіз айтқан сөздерді ел ішіндегі біз де естігенбіз. Сол кездерде, 1989 жылы жазғытұрым Колбин де Қазақстаннан кетті емес пе?
Мырзатай: Иә. Халқымыз үшін, оның дәл сол кезеңдегі жас буыны үшін соншалықты қасіретті, қайғылы болған, көңілдерінде сәулесі, жүректерінде оты, намысы, өз еліне, халқына деген сүйіспеншілігі бар, соның ертеңгі керегіне жарасам деп армандаған талай маңдайалды студенттеріміз, жастарымыз соққыға жығылған, мертіккен, қайсыбірі ажал құшқан, тағдырлары тәлкекке түскен, оқудан, жұмыстан шығарылып, түрмелерге тоғытылған сұрқай кезең сол кезде негізінен аяқталды деуге болады. Бірақ оның зардаптары әрі жалғасып жатыр еді.
Колбин Қазақстанда ештеңе бітіре алған жоқ. Оның жұмысы жүрмей жатқанын, ол Қазақстандағы ахуалды жақсарта алмағанын Мәскеу білді. Желтоқсан көтерілісі Қазақстанға қазақ басшысын қоймаудың қате болғанын көрсетті. Осыдан қорытынды шығарып, Мәскеу Колбинді одақтық халық бақылау комитетінің төрағасы етіп, қайта шақырып алды да, оның орнына енді халықтың пікірін ескере отырып, ұлтымыздың аймаңдай ұлы Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынды. Сол жылы жазда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумында ол бірінші хатшы болып сайланды. Содан былайғы жерде бізге де жұмыс істеу жеңілдеп сала берді...
Автор: Сол кездер туралы тағы не айтуға болар еді?
Мырзатай: Ұлтымыздың мұқтаждарын, қоғамдағы келеңсіздіктерді, көпшіліктің көкейіндегісін айтып, сол кезде батыл сөйлеп, батырлық танытқан адамдарды айта кеткеніміз орынды сияқты. Баспасөзде ол Шерхан, ел ішінде Мұхтар Шаханов еді. Сол кезде Мұхтар депутат та болды. Шерхан газет жұмысын да, баспасөзге қойылатын талаптар мен міндеттерді де, орнымен жұмсай білсе баспасөздің алмастай өткір қару екенін де жақсы білетін азамат. Ол басқарған газет-журналдардың беделі артып, таралымы, тиражы өсіп, жалы күдірейіп шыға келетін. Ол өмір бойы өзінің ұлтына бойындағы талантымен, барлық ынта-жігерімен аянбастан қызмет етті. Осы жерде мен енді Шерханның сол кездегі бір үлкен азаматтық, ерлік ісіне тоқтала кетпекпін.
Орталық комитетте бөлім бастығы болып жүргенімде бір күні маған Шерхан келді. Қолында қалың папка, іші толған хаттар.
– Шер-аға, бұл не? – дедім.
– Адамдардың көзінен жастың орнына қан ағып, жылап-еңіреп отырып жазған арыздары, – деді Шер-аға. – Алматы облыстық партия комитетін басқарып тұрғанда Меңдібаевтың жұртқа жасаған қиянаттары туралы. Оқып көруіңе болады.
Біразын қарадым. Адамның жаны түршігетін жайлар екен.
1985-1988 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Меңдібаев Колбиннің кезінде одан әрі жоғарылап, Орталық партия комитетіне екінші хатшы болып келген еді. Сол кезде біздің бөлімді жөн-жосықсыз, еш негізсіз кінәлап сөйлеп, артынан аппарат қызметкерлері алдында менен кешірім сұрауға мәжбүр болғанын жаңа айтып кеттім. Содан кейін ол республиканың Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасарлығына ауысып, сол биік лауазымда қызметін одан әрі жалғастырып жатқан.
– Мына хаттарды не істейміз? – деп сұрады Шерхан.
– Өзіңіз қандай ойдасыз?
– Мен жариялау жағындамын. Сұмдық қой! Қаншама халықты зар еңіреткен. Елге қадірлі қанша азаматтарды жазықсыз қудалап, орнынан алып, қаңғыртып жіберген. Жұрт запыран құсып, көмек іздегеннен амалсыз газетке жазып отыр. Бергеніміз әділеттілік болар еді.
Шерханның айтып отырғаны дұрыс, «Бергеніміз әділетті болар еді» дегені қауіпті әрі ерлікпен бара-бар шешім еді. Меңдібаев соның алдында ғана республика партия ұйымы басшылығындағы екінші адам болса, әлі де билікте, енді республика үкіметіндегі екінші адам болып отыр. Мұндайға кез келген өзге журналистің тәуекелі жетпес еді. Мен кішкене ойландым да:
– Берсеңіз, беріңіз, – дедім. – Бірақ, жауапкершілікті мойныңызға аласыз. Мен білмеген болайын, жариялап жатқан – сіз. Ал ертең, мақала шыққаннан кейін, мен сізді барынша қорғауға тырысамын.
Шерхан батыр адам ғой:
– Бопты, – деді.
Бірер күнде мақала шықты. Таңертең Өзбекәлі мені өзіне шақырды. Барған бойда «мынау не?» деп маған алара қарады. Алдында, стол үстінде «Егемен Қазақстанның» мақала шыққан беті ашық жатыр. Мен:
– Білмеймін. Газетті әлі қарағаным жоқ. Не болып қалыпты? – дедім.
– Немене бұл? «Кіші 37» дейді, – деді Өзекең. Меңдібаевтың кім екенін, істеген істерін менен артық біледі ғой. Сыртынан жақтырмаса да, іштей риза болып отырған сыңайлы.
– Кәні, қарайын, – деп, газетті алып, көз жүгіртіп оқып шықтым. – Мұны бөлім білмейді, – дедім сонан соң.
– Бұл не деген сұмдық! Неге білмейді бөлім? Бұлар неге бетімен кетеді?
– Жоқ, Өзеке, бетімен кеткендік емес қой. Ішке сыймаған ғой. Жазбауға болмаған ғой, – дедім.
– Шақыр редакторды, – деді.
Шерханды шақырдық. Әуелі маған, бөлімге келді. Мен Өзекеңе ертіп бардым.
– Мынау не? – деді Өзекең оған да.
– Жазбауға болмады, Өзеке. Ешкімнің кінәсі жоқ. Кінәліні іздесеңіз, ол – мен. Мен тіпті бөліммен де келіспедім. Жалпы, кез келген мәселені бөліммен ақылдасып отырамыз. Бірақ бұл жолы білдім, бөлімнің қарсы болатынын. Жазбауға болмады. Ол үшін қызметтен алып тастаймын десеңіздер, алып тастаңыздар, – деді сабырмен.
– Өзеке, неге аламыз? Халықты қан жылатса. Әділін жазған адамды жұмыстан қалай аламыз? Ертең газеттің беделі не болады? Қайта беделі көтеріледі. Еш адам ойына келгенін істемейтін болады, – деп ара түстім.
– Ой, сен де қайдағыны айтасың, – деді маған.
– Болмаса айтыңыз. Кінәліге мені де қосыңыз, – дедім. Үндемеді.
Мақала жөнінде басқа ешкім ештеңе деген жоқ. Сол күйінде қалып қойды. Ешкім жазаланбады. Шерхан орнында. Мен орнымдамын. Сол кезде екі қауіптен қалдым. Бірі – қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру керек деп Колбинге жазған хатым, екіншісі – осы мақала. Меңдібаевтың адамдарға жасаған қиянаттары елге осылай әшкере болды.
Мақала 17 сәуірде шықты. 22 сәуірде орталық алаңдағы Ленин ескерткішіне гүл қоятын дәстүр бар еді ол кезде. Жиналып тұрғанбыз. Қаскелеңнің жеміс-көкөніс совхозының сауыншысы бар болатын, орталық партия комитетінің бюро мүшесі еді. Сол әйел: «Как дела, Марат Самиевич?» – демесі бар ма. «Как дела, был человеком, не стал человеком. Он виноват», – деп Өзбекәліні көрсетті. Сонда ойында әлгі мақала тұр. Өзекең ешнәрсе деген жоқ, үндемей бұрылып кетті. Сосын, шыдай алмай: «Марат Самиевич, қазақта мақал бар, қолмен істегенді мойынмен көтеру керек деген. Вы же сами натворили там немало делов», – деп жауап бердім. «Да, ты, че там болтаешь?» – деді ол.
Меңдібаев Алматы обкомының бет қаратпайтын бірінші басшысы болып тұрғанда облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеген Өзекеңмен қарым-қатынасы жақсы болмаған. Өзекең оның әділетсіз, қиянатшыл істерін біледі ғой, сондықтан оны көргісі, онымен сөйлескісі келмейтін. Кейде бір кадрды екінші хатшымен келісу қажет болғанда, іс қағаздарын менің қолыма беріп, саусағымен жоғары жақты нұсқап, «өзің апарсайшы» деп мені жіберетін. Екеуінің сөйлесіп тұрғанын да көрген емеспіз.
Автордан: «Егемен Қазақстандағы» сол мақала желтоқсан көтерілісінен кейінгі және келесі 1987 жылғы республика облыстарының партия ұйымдарында, жер-жерде орын алған жазалаулар мен заңсыздықтар жөнінде, еліне, жұртына адал қызмет атқарған небір абзал азаматтарға жасалған қиянаттар туралы Алматы облысы көлемінде әңгіме қозғайтындықтан, оны сол қалпында осы жерде келтіре кетуді жөн көрдік:
«КІШІ 37» ЕМЕС ПЕ?
М. С. Меңдібаевтың Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезіндегі жаппай жазалаушылық әрекеттері хақындағы наза
Совет Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитетіне.
Алматы облысының Шелек ауданындағы «Сарыбұлақ» совхозы бастауыш партия ұйымының коммунистерінен.
Біз, «Сарыбұлақ» совхозының коммунистері ССРО халық депутаттығына СОКП-дан сайланған М. С. Меңдібаев жолдасты ССРО Конституциясын, совет заңдарын бұрмалап, қызмет бабын кадрларды қудалауға өрескел пайдаланғандығы үшін халық депутаттығынан кері шақырып алу туралы мәселе қарауды сұраймыз.
Қаулы ашық партия жиналысында қабылданды.
Жиналыс төрағасы А. МҰҚАШЕВ
Хатшысы Л. ЛОБАНОВА.
Осы жылы наурызда өткен бұл партия жиналысының ашылуына себеп болған жағдай – ұйымның бір топ коммунистерінен совхоз партия комитетіне түскен шағым еді.
Ал, шиыршық атқан, үзілді-кесілді мынадай талаптың жоғары партия органының күн тәртібіне ұсынылуын жалған намыс қуып өңештеген кек деп емес, әділет іздеп, азамат арын, ұйым намысын қорғаған коммунистер үні, әділдік тілегі деп білген жөн. Бұл коммунистер өз ауылдарының басшысы, совхоз директоры болған С. Бекболатовтың жазықсыз жазғырылып, оның ар-намысының қорланғанын, азаматтық, коммунистік, адамдық құқының заңсыздықпен тапталғанын көргендер. Кезінде шырқырап араша түсіп, шырылдап жанында болғандарымен, бет қаратпас дүлей күш оларды да жайпап, жапырып өткен еді.
Иә, ол тұста ел сасып, ер етегін басып жатыр еді. Саяси дауыл тоқыраудың тоқтау суын шайқап, дүниені астаң-кестең еткенде, ел қамын, азамат арын ойлаған адам санаулы-ақ болып еді. Ел деген ердің де есін алып, билігі үстем болғандар елдің де берекесін кетірген бір шақ болды. Сол бір тұста байсалдылар емес, әсіре белсенділер белең алып, асыра сілтеп жібергені, енді ғана байқалуда.
Сол бір ескі жараны еске түсірген Орталық теледидардың өткен жылғы қарашаның 19-ы күнгі «7 күн» атты хабары еді. Сонда баяндалған С. Бекболатовтың басынан өткен қиямет-қайым бүкіл ауылды егілтіп, азаматтарын жерге қаратып еді. Азаматтың ақ-адал еңбегінің арамға шығып, отбасы ойрандалып, намысы жер болған шағында қолтығынан демей алмай қор болған, арашаға әлдері келмей, жігерлері құм болған сол бір қапалы күндер жандарын қинап, жүректерін сыздатқан еді.
Не істесін, бүгін ғана емес, ол кезде де ойға-қырға жүгірген. Ел болып, ұйым болып арашалап алып қаламыз деп ұмтылған. Әйтсе де ол кезде өз күштерінен гөрі жоғарғы органдарға, әділет барлығына, ел басқарып отырған азаматтар барлығына дерлік сенген еді. Содан да қапы соғып, азаматын алдырып, намыстары жер болған.
С. Бекболатов ізденгіш, мал азығын үлгіртудің озық технологиясын өндіріске енгізген, ынталы да іскер ұйымдастырушы, ел-жұртына қадірлі азамат болып танылып тұрған шағында тұтқиылдан істі болып шыға келді. Есін жинап, алды-артына қарауға мұршасын да келтірместен, СОКП-дан шығарып, соттады да жіберді.
Бұл оқиға 1986 жылы болды. Бекболатовқа қылмыстық іс қозғалысымен-ақ шаруашылық мамандары мен коммунистер тобы жағдайды СОКП Орталық Комитетіне мәлімдеп, араша сұраған. Алайда, ол хат Алматы облыстық партия комитетіне оралып, оны тексеруге сол кездегі екінші хатшы А. Щекота келген. Мән-жайды зерттеп, әділ төрелік айту орнына бұл әкім шағымданушылардың өзін қорқытып, кінәлап кеткен. Арада ай өтпей Бекболатовтың соты да болған. Оны соттатқан. Иә, қылмыс тауып соттаған жоқ, бұйрық күшімен бопсалап соттатқан.
– Бұл әділетсіздіктің бұйырушысы сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М. С. Меңдібаев еді, – дейді трактор-егіс бригадасының бригадирі, Алматы облыстық партия комитетінің мүшелігіне кандидат А. Лунев. – Мен оның Бекболатовтың атына айтқан негізсіз сындарын талай естідім.
Совхоз жұмысшысы К. Бекова: – С. Бекболатовты шаруашылық ұйымдастырылған 1979 жылдан білемін. Осы жылдарда ол өзінің адалдығымен, адамгершілігімен, іскерлік қабілеті және адамдарға сергектігімен жұмысшылар сеніміне бөленді. Оның басшылығымен 5 мың бастық мал бордақылау алаңы мен мал азығын дайындау цехы іске қосылып, жоғары экономикалық тиімділікке қол жетті. Біз Бекболатовтай іскер кадрды партияның өзі қорғайды ғой деп сенген едік, алайда оның айыпталуына алдымен сол қорғайды-ау деген Меңдібаевтың өзі ынталы болған екен, – дейді.
Ж. Әшімбаев, совхоз азаматтық қорғаныс штабының бастығы: – Бекболатовты қорғап СОКП Орталық Комитетіне жазылған хатқа мен де қол қойғанмын. Оған әлі жауап жоқ. Себебі, ол хатқа облыстық партия комитеті жалған жауап беріп, жаптырып тастаған. Бекболатовқа көрсетілген қорлық бізді әлі де күйіндіреді. 37-ші жылды еске салып, жирендіреді. Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде М. Меңдібаевтан көптеген совхоз, аудан басшыларының, облыстық қызметкерлердің зәбірленіп, аса қатты қуғын көргені белгілі болып отыр. Халық депутаты Олжас Сүлейменов қорғаған Құс фабрикасының бас директоры Д. А. Ковиньконың көргені бүкіл елге мәлім. Бекболатов та дәл сондай жазықсыз жазғырылған еді. Меңдібаевтың осы әрекеттері оны ССРО халық депутаттығынан кері шақырып алуға толық негіз болады. Коммунистер тілегі орынды.
Н. Түркебаев, соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы: – Партияда өзінің іс-әрекетімен жұрт алдында оның қадірін кетіретін адамдар да бар. Мен не коммунистермен, не совет заңымен, не адамгершілікпен санаспай, Бекболатовтай азаматтарды заңсыз қуғындаған облыстың бұрынғы басшыларын дәл сондайлар деп санаймын. Ол азаматқа ауыр соққы тиді. Жаны жараланды, денсаулығын бұзды, әйелі мүгедек болып қалды. Ал сондай бір емес, талай адамның тағдырын тәлкек етіп, жан азабына батырған Меңдібаев болса, әлі де жоғары мансапта отырып, «халық қалаулысы» атануда. Бұл әділеттілік пе?
М. Әділбеков, бригадир көмекшісі: – Әңгіме бір адам туралы ғана емес, сол жолы директормен бірге 5 коммуниске қылмыстық іс қозғалды. Бәрі де қазір ақталып отыр. Үлкен азап, қорлықтан кейін ақталып отыр. Ал, әділетсіздікке жаны төзе алмаған совхоздың бас мал дәрігері өліп кетті. Мынау қазіргі «Авангард» совхозының директоры А. Бегімбетов те сол кезде Іле аупарткомының бірінші хатшылығынан жалған кінә жаласымен қуғындалып, түсірілді. Оның да әйелі екінші топтағы еңбек мүгедегі болып қалды. Бұл да М. С. Меңдібаевтың ісі. Мен оны халық депутаттығынан кері шақырып алу туралы коммунистер ұсынысын қолдаймын.
Қолдаймын, қолдаймын, қолдаймын... Қолдаймыз, кері шақырылсын! – деген дауыстар бұл жерден ғана емес, жер-жерден естіледі.
«1986 жылы жалған фактілермен жала жабылып, қызметінен алынды. 1987 жылы партия қатарынан шығарылды. Мұқият тексеру барысында оған тағылған жалған айыптар алынып тасталды. 1989 жылы Ш. Е. Сәрсенбеков жолдастың партиялылығы қалпына келтірілді». Алматы жолаушылар тасу автомобилі басқармасы бастығының өмірбаян дерегінен келтіріліп отырған мұндай бопса талайға тиіп, зар еңіреткен. Талай-талай ерлердің еңбегін еш, тұзын сор, бастарын қор еткен.
Соның тағы бірі агроном М. К. Кененбаев: – «1987 жылғы желтоқсанда Алматы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы Ә. Қалиев дайындаған анықтаманың негізінде Талғар аудандық партия комитеті мені Арнаулы шаруашылық бірлестігі директорлығынан «басшылықты қамтамасыз ете алмады» деп босаттырды. Ал, іс жүзінде мен келердің алдындағы 1981 жылды 710 мың сом зиянмен аяқтаған шаруашылық мені босатар алдындағы 1986 жылды 1720 мың сом пайдамен, мені босатқан келер жылды да осы деңгейдегі табыспен аяқтады. Шаруашылығымыз республикалық, одақтық жарыс жеңімпазы болып, наградалар мен сыйлықтар алып отырдық. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М. С. Меңдібаевтың өзі де көріп, мақтап жүрді. «Бұл сияқты директорлар облыста саусақпен санарлық қана» деген сөзді оның өзі айтып еді. Солай деп атаған ауыз, көп ұзамай қарғады да, қағып түсірді. Мен М. С. Меңдібаевтың тікелей нұсқауымен қуғындалдым. Бар жазығым – облыста өткен бір жиналыста оның ыңғайына қарамай, бітпеген құрылысты бітті деп қабылдауға қарсы болғандығым екен. Содан бастап қуғындалып жүре бердім. Айналып бір келгенімде А. И. Щекота: – Сенің күнің бітуге таяу, – дегенді айтты. Солай болды да шықты. Айтқандай-ақ күнімді түн етті.
Мен туралы мәселе совхоз партия жиналысында талқыланғанда сөйлеген 16 адамның 12-сі мені жақтады. Директорлықта қалу, қалмауым дауысқа салынғанда барлық қатынасқандардың алтауы ғана қарсы болды. Алайда, Меңдібаев аудандық бірінші хатшы Житниковке мені қызметтен босатып, партиялық жаза беруді үзілді-кесілді тапсырып, орындатты. Облыстық «Огни Алатау», аудандық «Звезда Алатау» газеттерін соңыма салып, қудалатты, жұмыс бермей сандалтты.
Мен осы жағдайлардың енді дұрыс тексеріліп, іске партиялық әділ баға берілуін сұраймын», – дейді ол.
Сол сияқты Алматы облыстық партия комитеті басшысынан шаруашылық басқарушылары ғана емес, талай-талай партия қызметкерлері де зәбір көріп, жапа шегіпті. Олар да зар илеп, құсадан әлі запыран құсуда. Олардың да назалы сөздерін бей-жай тыңдау мүмкін емес.
– 1985 жылдың күзінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайлана салысымен, арада апта өтпей-ақ М. С. Меңдібаев мені өзіне шақырды. Мен Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы едім. «Мен Бегімбетов (Іле аудандық партия комитетінің біріншісі болатын) екеуіңді босатуға Москвадан тапсырма алдым. Кейін саған совхозды басқаруға жағдай жасаймын», – деді. Нендей себебі барын айтқан жоқ.
Көп ұзамай мені ойдан шығарылған жаламен кінәлап, облыстық партия комитетінің бюросында қызметтен босатып, есеп карточкама жазылған қатаң сөгіс берді. Қойған кінәсі – «Партиялық және мемлекеттік тәртіпті өрескел бұзғаны, ынсаптылық сақтамағаны үшін» делінген. Ал бұған қандай негіз, дәлел болғанын әлі түсінбеймін. Бұл сол кезде де, кейін де дәлелденген жоқ. Ол тек облыстық партия комитеті бірінші хатшысының ойына келгенін істей алатындығы мен менің қорғансыздығымды ғана көрсеткен қиястық іс болды. Меңдібаев мені мүлде жұмыссыз қалдырды. Екі жылдай Еңбекшіқазақ ауданының «Есік» совхозына өз бетімше барып, бригадир болдым.
Осындайлардың, мезгіл-мезгіл облыс басшысы жаңарған сайын болып тұратын адамдарды жазықсыз жазғырып, қорлаудың, негізсіз қуғындаудың тыйылар кезі, тыйылтар күш бар ма екен? Меңдібаев жолдастан әдепсіз саясат, арсыз билік, адамға өштік әрекеттері үшін сұрайтын адам, ол жауап берер кез болар ма екен? Болса екен!» – дейді коммунист Б. Ж. Егінбаев.
Алматы облыстық сауда басқармасының бұрынғы бастығы Э. С. Аймәмбетов те жазықсыз жазғырылып, қызметінен кінәсіз босатылғаны туралы 1986 жылдан бері ізденіп келеді. Ол да: – М. С. Меңдібаев әділетсіздікті көре тұра, біле тұра, сөзіме құлақ аспады, арызымды ілтипатқа алмады, араша түсу былай тұрсын, қайта одан сайын қуғындалуыма ықпал етті, – дейді.
Шырқыраған мұндай дауыстар жеке-жеке де, топ-тобымен де естіледі. Міне, мынау елуден астам адам қол қойған коммунистер тобының хабарлама құралдары орындарына үндеу-хаты. Оны толық келтірмей-ақ, кейбір үзінділерін алсақ та, төбе шашты тік тұрғызғандай істер болғанын байқауға болады.
«М. Меңдібаевтың тарапынан болған аңду, қуғындау, ойына келгенін істеу – көптеген адал, тәжірибелі қызметкерлердің өлгенін өлтіріп, өлмегенін өлімші етті. «Горный гигант» совхозының директоры И. М. Демченко ұзақ қудалауда екі рет инфарк алып, ақыры содан өліп кетті. Осындай бопсаға «Алматы» колхозының бұрынғы басқарма төрағасы А. Смыков та төзе алмады. Оны қызметінен босатқаннан кейін мүлдем жұмыс бермей қойды. Алматы халық шаруашылығы институтының ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор Н. Мамыров та қуғынға түсіп, туған республикасынан кетуге мәжбүр болды. Облыстық халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары К. Б. Бастаубаев жаламен жұмыстан босатылды. Алматы аэропортының бастығы, жоғары мамандықтағы ұшқыш Д. Душимов үш жыл жұмыссыз жүрді. Ол Меңдібаевтың нұсқауымен партиядан шығарылды...
Оның мұндай өрескел істері кейін облыстық партия комитетінің бюро мүшелері тарапынан да қолдау таппай, бірте-бірте қарсылық көре бастады. Олар оның жұмыс стилі мен әдістеріне облыстық және қалалық партия комитеттерінің пленумдарында сын айта бастауы мұң екен, дереу қуғындалып отырды. В. П. Беляков, З. К. Мыңбаев, Ш. К. Беркімбаева, Г. В. Шулико және басқалар осылайша қудаланды.
...Ол жұмыс істеген алғашқы 1,5 жылда ғана 750 адамды негізсіз қуғындап, жазалады. Оның ішінде 35-і аудандық, қалалық партия комитеттерінің хатшылары, 25-і ауатком төрағалары, көптеген облыстық ұйымдардың, ғылыми-зерттеу, жобалау институттарының, жоғары оқу орындарының, емдеу-сауықтыру, сауда, тұрмыстық қызмет орындарының басшылары бар.
...Қазір тиісті жоғары орындардың араласуы арқасында көптеген адамдар әділдік тапты. Істі болғандардың біразының кінәсіздігі дәлелденіп, сотты болғандары ақталды. О
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді