Дамудың басты қағидасы

Дамудың басты қағидасы
ашық дереккөз
Дамудың басты қағидасы

Жанар Орынбаева, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында сананы жаңғыртудың 6 бағытын белгілеп берді. Сонымен қатар осы мақалада бірқатар бағдарламалар мен мәдени-рухани жобалар көрініс тапқан. Осы ретте бір нәрсені айта кетуіміз керек. Жасыратыны жоқ, бұған дейін елімізде киелі құндылықтарға баса көңіл бөліне бермейтін. Киелі жерге деген қоғамдық көзқарас екіге жарылатын. Көпшілік оның ең алдымен тарихи жадымызды жаңғыртатын көненің көзі екенін ескере бермейді. Президентіміздің «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын ұлттық бірегейліктің маңызды рухани тірегі ретінде жүзеге асыруды бастама етіп көтеруі де сондықтан. Жалпы, әр халықтың ұлттық болмысына тән киелі орындары болады. Тараз, Ұлытау, Түркістан, Алтай, Жетісу, Маңғыстау өңірлерінде тылсым тарихы тұнған киелі жерлер көп. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің Көне Тараз археологиялық саябағы, тылсым сырлы Ақыртас кешені, Айша бибі, Бабаджа хатун, Қарахан, Тектұрмас, Дәуітбек кесенелері мен Нәметбай мешіті және орта ғасырлық монша секілді тарихи-мәдени мұраларымызды айтуға болады. Бірақ қоғамдық санада бұл орындар туралы бірегей ұғым мен ортақ түсінік қалыптаспаған. Сондықтан ұлттық құндылықтар құнтталуы үшін аталған жобаны жүзеге асырудың маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы – шын мәнінде рухани дәстүрімізді жаңғыртатын қайнар бұлағы болары анық. Мыңжылдық тарихымызды айқындайтын ауқымды жоба осыған лайықталып жасалмақ. Ұлт Көшбасшысы «Мәдени географиялық белдеудің» рөлін әрбір қазақстандық білу үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізуді, БАҚ-қа мұнымен жүйелі түрде мықтап айналысуды тапсырып отыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпыұлттық қасиетті орындарды және аса қастерлі жерлерді сақтауға, сондай-ақ елдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Жамбыл политехникалық колледжі – еліміздегі он алдыңғы қатарлы арнаулы оқу орындарының бірі. Елбасымыз ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 77-қадамында озық оқу орындарына білікті кадрларды әзірлеуді, кейіннен бұл тәжірибені басқа білім ордаларына таратуды тапсырғаны белгілі. Колледжде «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру» жобасы бойынша жаңадан «Туризм» мамандығы ашылды. Сапалы біліммен сусындаған «саяхат жүргізушісі» біліктілігі бойынша даярланатын жастарға Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы туралы жаһандық ауқымдағы ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттайтын болады. Қазір мемлекетімізге мәдениет саласындағы жетістіктерімізді әлем елдеріне көрсетуге зор мүмкіндік туып тұр. Елбасымыз «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын да іске асыруды тапсырғаны мәлім. Бұл ретте Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер және қоғамдық ұйымдарға үлкен үміт артылып отыр. Себебі, төл мәдениетіміз бен тарихымыздан сыр шертетін кітаптар Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық алты тіліне аударылып, тұңғыш рет әлем елдеріне жол тартпақ. Мемлекет басшысы елімізді дүниежүзіне танытатын әдеби, мәдени жауһарларды сұрыптап, оны өзге елдерге таныту керек екенін ескертті. Біздің міндетіміз – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сынды мәдени жобалар арқылы елдің рухани жәдігерлерін сақтап, насихаттау. Қазақстанның «Киелі жерлерінің географиясы» танымымызды арттырып, мәдени-тарихи орындарымыздың көркеюіне, туризмнің дамуына жол ашса, ал «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміздің озық үлгілерін зерттеуге, жариялауға мүмкіндік береді. Біз болашағы біртұтас елміз. Мемлекет басшысы атап өткендей, әрқайсымыз, бүкіл қоғам, саяси партиялар мен қозғалыстар, барша мемлекеттік органдар ағымдағы жағдайға талдау жасап, қай жерде тұрғанымызды анықтап, болашақта не істеу керектігін нақтылап алуымыз керек. Өйткені қоғамдық жаңғыру процесіндегі негізгі рөл мемлекетке тиесілі болғанымен, рухани жаңғырудың табысты жүзеге асуы тікелей қоғамның әрбір мүшесіне байланысты. Сондықтан баршамыз ұлттық кодты сақтай отырып, ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтардың, дәстүріміздің озығын жаңғыртуға атсалысуымыз қажет.

Ұқсас жаңалықтар