Өнері өркендеген елдің өресі биік болады. Расында да мәдениет – өркениет мәйегі. Қашанда өңірімізде мәдениет саласының жұмысын жандандыруға билік тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Содан да болса керек, облысымызда бабалардан аманат болып қалған ұлттық өнер мен әлемдік жауһарға телінген классикалық, бекзат өнер түрлері де өз деңгейінде насихатталып келеді. Ұлттың ұлы байлығы – өнері. Бұған баса назар аударған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мәдениет саласына баса назар аударғаны белгілі. Халықтың рухани сұранысын қанағаттандыруда талмай тер төгіп келе жатқан сала қызметкерлерінің еңбегі елеуге тұрарлық. Осы орайда сала қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевпен аз-кем тілдестік.
– Мәдениет – руханияттың сақшысы. Бүгінде өңір мәдениеті уақыт ағымына сай қарыштап дамып келеді. Әлбетте, бәрі де қолдаудың арқасында. Одан бөлек Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мәнге ие мақаласында осы саланың өркендеуіне қатысты ойларымен бөлісті емес пе? – Расымен де өнер ешқашан өлмек емес. Мәдениет саласында тер төгіп келе жатқаныма да қырық жылдан асып барады екен. Қоғамда мәдени атмосфера қалыптастырып, дүйім елдің рухани сұранысын қанағаттандыру – біздің басты миссиямыз. Нұрсұлтан Әбішұлының мақаласы – ұлтымыздың әлемдік қауымдастықта алатын орнын биікке көтеру бағытындағы ұлттық бағдарлама іспеттес. Сондықтан да бұл мақаланың өміршеңдігі айтпаса да түсінікті. Бұрын-соңды мұндай ұлттың рухын жаңғырту туралы нақты құжат болған емес. Бұл мақаланы жүректе оты бар қазақтың бәрі тебіреніп оқығаны сөзсіз. Ұлтымыздың болашағын ойлаған Елбасының жүрегін жарып шыққан ұлағатты қағидаттарды оқи отырып, мен халқымыздың болашағы жарқын екендігіне көз жеткіздім. Мәдениетті халық қана мәңгілік екенін қадап айтуы әркімді толғандырып, ойландырып, нақты істі жүзеге асыруға асықтырса қандай ғажап! – Тасын түртсең тарихы сайрап жататын ғажап өңір – біздің Тараз. Құт дарып, қасиет қонған Жамбыл жерінде ЮНЕСКОНЫҢ бүкіләлемдік мәдени мұралар тізбесіне енген ғаламат қалашықтар да баршылық. Осы мұралардың атын атап, түсін түстесеңіз? – Ұлы Жібек жолының інжу маржанына айналған, тарихы екі мың жылдан асатын Тараздың айналасында ортағасырлық қалалар мен қорғандар ондап саналады. Өткен жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені енгізілді. Қостөбе және Өрнек қалашықтарына республикалық дәрежедегі тарихи ескерткіш мәртебесі берілді. Сондай-ақ, Елбасы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мәдени саясатының Тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан республикалық маңыздағы бірқатар тарихи ескерткіштерді жаңғырту және сақтау жұмыстары сәтті жүргізілді. Республикада алғашқылардың бірі болып Жамбыл облысы аумағында орналасқан 10 аудан мен Тараз қаласының «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» шығарылды. Жамбыл өңірінің рухани мәдениетін көтеру мақсатында нақты жұмыс істейтін Руханият орталығы ашылды. Басқарма аталған орталықтың жұмысын жоғары деңгейде жүргізу үшін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта Руханият орталығы алдымен ғылыми-зерттеу орталығы болып, халқымыздың рухани мәдениетін жасап және насихаттап жүрген азаматтардың жиі-жиі бас қосып, кеңесетін орталығы болмақ. – Мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі тынымсыз төккен тердің елену жағы қалай? – Биыл 308,0 миллион теңгеге «Баласағұн» орталық концерт залының сырты күрделі жөнделіп, айналасы абаттандырылуда. Құрылғалы бері жалдамалы ғимаратта жүрген 60 жылдық тарихы бар облыстық халық шығармашылығы орталығы жаңа ғимаратқа көшіріліп, оның материалдық-техникалық базасы бұрынғыдан анағұрлым нығайды. Мәдениет пен өнерге деген қамқорлық өз нәтижесін беруде. Театр, филармония ұжымдары гастрольдік сапарлармен облысымыздың аудандарында және Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Қарағанды облыстарында өнер көрсетіп, көрермендер көңілінен шықты. Ең басты жағымды жаңалық – облыстық қазақ драма театрының бірінші дәрежелі актрисасы Нұрсифат Салықова «Құнанбай» фильміндегі Зере рөлін жоғары шеберлікпен орындағаны үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атануы. Сол сияқты осы театрдың бас суретшісі Рахат Сапаралиева Халықаралық театр күніне орай, 56 театрдың ішінде «Еңлікгүл-2016» республикалық байқауының лауреаты атанып, «Жыл суретшісі» номинациясының жеңімпазы болды. Облыстағы бірден-бір үлкен өнер ұжымы облыстық филармония 2016 жылғы жоспарларын асыра орындады. Шығармашылық ұжымдар мен әншілердің репертуарларынан «Тәуелсіздікке тарту» атты 4 топтамадан тұратын СD форматтағы үнтаспалары шығарылды. Өткен жылы ақылы қызметтен түскен қаржы есебінен облыстық филармонияның материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Сахналық костюмдер тігіліп, музыкалық аспаптар, автокөлік алынды. Облыстық музейдің 85 жылдығы қарсаңында «Музей – уақыт пен ұрпақтар байланысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп, «Музей – тарих айнасы» атты журнал-альманах жарық көрді. – Жамбыл жері – өнер тарландарының мекені. Осы орайда жергілікті өнерпаздардың шығармашылығын насихаттау қай деңгейде? – Жергілікті композиторлардың шығармаларын насихаттау, өнерлі жас ұрпақты дәстүрлі өнерге баулу туралы жоба қолға алынған. «Ән-жырым саған, туған ел!» ІІ халықаралық Алтынбек Қоразбаев атындағы ән конкурсы, III республикалық Ықылас Дүкенұлы атындағы «Жез киік» атты қобызшылар аламаны, Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» атты VІІІ республикалық әншілер байқауы, «Көктем» халықаралық классикалық өнер фестивалі, «Театр KZ» фестивалі, «Ұлы дала сазы» республикалық дәстүрлі музыка фестивалі, «Жаңарған Жамбылым» атты І республикалық эстрадалық әншілер конкурсы, Ә.Желдібаев пен А.Бетбаевтың шығармашылығынан «Домбыраның қос ішегі» атты облыстық дәстүрлі өнер байқауы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биыл облыстық орыс драма театрының ұжымы Белград қаласында (Сербия) өткен халықаралық театр фестиваліне қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал қазақ театры Румынияда өтетін халықаралық өнер шеберлерінің байқауына арнайы шақырту алып, үлкен табысқа ие болып отыр. – Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне мәдениет саласы қызметкерлерінің қосатын үлесі қандай? – Бекітілген кестеге сәйкес, ағымдағы жылдың 26-30 шілдесі аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында облыстың мәдениет күндері өтеді. Басқарма тарапынан ұйымдастырылатын іс-шаралардың жоспары мен бағдарламасының жобасы жасалып, бүгінгі таңда жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. 26 шілде күні Жамбыл облысы ЭКСПО аумағындағы «Амфитеатрда» мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізеді. Онда түрлі форматтағы шаралармен қатар көрмелер, театрландырылған көрініс және облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады. Бағдарламаға сәйкес 5 күн бойы жоспарланған шаралар өз кезегімен өте береді. Ал 28 шілде күні «Қазанат» қалалық ипподромының аумағында орналасқан «этноауылда» іс-шаралар ұйымдастыру Жамбыл облысына жүктелген. Соңғы күні «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда облыс күндерінің жабылуына арналған облыс өнерпаздары мен Жамбыл өңірінен шыққан белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт ұйымдастырылады. Сонымен қатар халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне әлемнің әр түкпірінен келетін қонақтарға «Ұлы Жібек жолы» бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған Ежелгі Тараздың тарихымен таныстыру мақсатында «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуен ұйымдастырылады. Керуенді салтанатты түрде Тараз қаласынан (Көне Тараз тарихи мәдени орталығы, Жамбыл ескерткіші алаңы) 20 мамырда жөнелту, 26 шілдеде Астана қаласына жетуі жоспарланып отыр. Керуен жол бойында тоқтайтын 10 орын белгіленді. Жоспарымызда өзге де шаралар жеткілікті. Бүгінгі таңда бәрі пысықталып жатыр. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді