Әзірбайжан елінің астанасы Баку қаласында өтіп жатқан Ислам ойындарында ел боксшылары сәтті өнер көрсетіп, қоржынымызды алтын жүлделермен толықтырды. Алғашқы алтын медальді 52 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Азат Махметов иеленді. Жартылай финалдық шайқаста алжирлік Оусамо Морджаннан айласын асырған ол ақтық айқаста марокколық Дараа Абделалимен қолғап түйістіріп, жекпе-жек барысында өзінің басымдылығын байқата білді. Азат Махметовтің жеңісті жорығын 75 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Тұрсынбай Құлахмет сәтімен жалғастырды. Ол жартылай финалдық бәсекеде камерундық былғары қолғап шебері Вильфред Диондонна Сея Нценгуден жеңісті жұлып алып, финалға шықты. Ақтық сында Рио Олимпиадасының ширек финалында Жәнібек Әлімханұлын ұтып, қола жүлдеге қол жеткізген әзірбайжандық боксшы Камран Шахсуварұлымен қолғап түйістірген сайыпқыранымыз қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, дода жеңімпазы атанды. Айтулы аламанда ел боксшылары тағы да үш жүлдеге қол жеткізді. 60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Сұлтан Зәуірбек, 64 келі салмақтағы үмітіміз Қуан Қуатов, 69 келі салмақта жарыс жолына шыққан Илья Очкин дүбірлі доданың қола жүлдесін мойындарына ілді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




