«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Биылғы ҰБТ жылдағыдан өзгерек

Биылғы ҰБТ жылдағыдан өзгерек
ашық дереккөз
Биылғы ҰБТ жылдағыдан өзгерек

Облыс бойынша 6136 талапкер тестілеуге  қатысуға өтініш берген

Санаулы күндерден кейін мектептерде соңғы қоңырау соғылады. Тағы бір оқу жылын аяқтаған оқушылар жазғы демалысқа, ал мектеп бітіруші жас түлектер жаңа өмір жолына қадам басады. Биыл облысымыздағы 351 жалпы орта білім беретін мектепті барлығы 8826 түлек бітіргелі отыр. Олардың 6611-і қазақ, 2189-ы орыс, 26-сы өзбек тілінде білім алған. Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан алтын ұяларынан қанат қаққалы отырған түлектердің негізгі мақсаты – аттестат алып, алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден ойдағыдай балл жинап, қалаған жоғары оқу орнының студенті атану екені сөзсіз. Айта кету керек, ағымдағы оқу жылынан бастап мектеп бітірушілер орта білім туралы аттестат алу үшін мектепте қорытынды аттестаттаудан өтеді. Яғни мемлекеттік емтихан тапсырады. Ал жоғары оқу орнына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

Өңірімізде мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттаудан өткізу және ұлттық бірыңғай тестке қатысуын ұйымдастыру жұмыстары қай деңгейде жүргізілуде? Оқушылар жазғы демалысын қалай өткізеді? Осы және өзге де мәселелер облыс әкімі аппаратының кезекті кеңесінде жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың айтуынша, мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-ның жаңартылған форматымен таныстыруға арналған арнайы іс-шаралар жоспарына сәйкес ата-аналар мен мектеп бітірушілер арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліпті. Білім бөлімдері мен мектеп басшыларының қатысуымен онлайн режімінде семинар-кеңестер, брифингтер де өткізілген. – Биыл мектептерде қорытынды аттестаттау 29 мамыр – 9 маусым аралығында өтеді. Оқушылар 5 пәннен емтихан тапсырады. Жазбаша және ауызша емтихандарды, сонымен қатар тесттің жауап парақтарын мектептерде құрылған мемлекеттік емтихан комиссиясы дұрыс жауаптар кодтары арқылы тексеріп, бағалайтын болады. Қорытынды аттестаттаудың барлық материалдарын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығы дайындаған. Оны облыстық білім басқармасына 23 мамырға дейін жеткізеді. Ал басқарма құжаттарды аудандық, қалалық бөлімдерге жіберсе, олар мектептерге дейін таратуды ұйымдастырады. Мектеп бітірушілердің қорытынды аттестаттауға дайындығын анықтау мақсатында облыс мектептерінде 11-сынып оқушыларынан мемлекеттік емтихан тапсыратын пәндерден апта сайын бақылау сынақтары алынып, мониторинг жүргізілді. Ал ҰБТ форматы жаңарғанымен, сынақ бұрынғыдай облыстағы 10 ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пунктінде өткізіледі. Мерзімі – 20 маусым мен 1шілде аралығы. Талапкерлер 3 міндетті, 2 бейінді пәннен тест тапсырады. Тестілеуге бөлінген уақыт – 3 сағат 50 минут. Жалпы 120 сұрақ беріледі. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл болмақ, – деген Сұлушаш Сәтбекқызы жоғары оқу орындарына түсу үшін белгіленген ең төменгі шекті балдар туралы да айтып өтті. Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, ұлттық мәртебе берілген жоғары оқу орындарына құжат тапсыру үшін кемінде 65 балл жинау керек. Ал педагогикалық, ауыл шаруашылық мамандықтарына – 60 балл, «Жалпы медицина» мамандығына – 65 балл, басқа білім ордаларына 50 балл жинаса жеткілікті. Бұл – мемлекеттік грант тағайындалатын конкурсқа қатысуға ғана мүмкіндік беретін меже. Солардың ішінде жоғары көрсеткіші барлар грантқа ие болатыны түсінікті. Ал біздің облыста конкурсқа түсуге әзірше 8826 бітірушінің тестілеуге қатысуға өтініш берген 6136-сы үмітті. Олардың қатарында 237 «Алтын белгі» төсбелгісіне және 139 үздік аттестатқа үміткер оқушылар бар. Аппарат кеңесінде Сұлушаш Құрманбекова балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыру жайлы да баяндады. Бұл бағытта білім басқармасы іс-шаралар жоспарын жасап, бүгінгі күні жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіп жатыр екен. Биылғы жазғы демалыс кезіндегі барлық іс-шараларға 1-10-сыныптарда оқитын 196566 оқушыны толық қамту көзделсе, 173 638 оқушы жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен, 117 968 оқушы еңбекпен және демалыс шараларымен қамтылады деп күтілуде. Оған бірқатар аудандар жергілікті бюджеттен өткен жылмен салыстырғанда артығырақ қаражат қарастырса, Меркі, Мойынқұм, Шу аудандары қаржыны кем бөліпті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне күн тәртібіндегі қос мәселеге қатысты тапсырмалар беріп, алдағы мемлекеттік емтиханға, тестілеуге және жазғы демалыстардың дұрыс ұйымдастырылуына баса көңіл бөлу керектігін ескертті. Тестілеу кезіндегі төтенше және қауіпсіздік шараларының алдын алуда денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де барынша сақадай сай болу қажет екенін айтып, аудан басшыларына да өз деңгейінде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Тараз қаласындағы тестілеу өткізу пункттерінің дайындықтары туралы екі пункт орналасқан жоғары оқу орындары басшыларының сөзін тыңдады.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар