«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жақсы адамдардың шарапатын көп көрдім»

«Жақсы адамдардың шарапатын көп көрдім»
ашық дереккөз
«Жақсы адамдардың шарапатын көп көрдім»

Шәміл Әбілтай, күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Өнер өлкесінде өзіне тән жолы бар күйші-композитор­лардың бірі – Шәміл Әбілтай. Саналы ғұмырында талай тамаша туынды­ларды дүниеге әкелген өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынып отырмыз.

4– Еліміздің батыс өңірі, анығырақ айтқанда Атырау өлкесінің тумасысыз. Атырау елінде, батыс жерінде талай өнер корифейлері дүниеге келгені мәлім. Өзіңіздің балалық шағыңыз бен өнерге келуіңіз туралы айтып өтсеңіз... – Мен 1948 жылдың ақтүтек боранға толы ақпан айында дүние есігін айқара ашыппын. Ол кезде Атырау – Гурьев облысы деп аталатын. Сол Атырау жеріндегі Қарақызыл қыстағы мен үшін әрдайым ыстық. Әкем Бейсенғали облыс ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан азамат. Біздің жақта «Бақсай» қаракөл қой совхозы болған. Тікелей Мәскеуге бағынған сол совхоз құрушыларының бірі де менің әкем еді. Сондағы нөмірі екінші ферманы басқарып, 2 мәрте бүкілодақтық көрменің күміс жүлдесін иеленген. Кейіннен соғысқа аттанып, ол жақтан жарақатпен оралды. Әлгі жарақат ауыр болса керек, әкем төсек тартып жатып қалыпты. Кейіннен мен туылған жылы шілдеханама Байнияздың Хасан деген азаматы келіп, әкемнің амандық-саулығын біледі. Осы сәтте әкем: «Хасеке, сен бір жақсы шақта келдің. Майдан шебінен дін аман оралып, кішкентайымды көріп отырмын. Осының атын сен қой» депті. Содан ойлана келе, Кавказда Шамильдің дүркіреп шыққан кезі болуы керек. Жұрт Шамиль-имам, Шамиль-батыр дейді. Сондай мықты азамат болсын деген ниетпен есімімді Шәміл деп қойған ғой. Біздің өңір – күй өнері қонған өлке. Мен кішкентайымнан күйге ынтық болдым. Оны сезген әкем ағаштан сәбиге лайықтап домбыра жасаған. Әбілтай атам күйші болған көрінеді. Құрманғазымен бірге жүрген деседі. Әкем маған: «Сен осы атаң сияқты күйші боласың» дегенді жиі айтатын. Сол кісінің аманатын орындап бала күнімнен өзімді күй өнеріне бейімдедім. Аталарыммен бірге жүрген замандастары Қалеш, Көшәлі, Серкебай деген азаматтар болды. Аты аталған кісілер әкемнің көңілін сұрауға келіп тұрады. Олар үйге мейман болғанда құдды мереке сияқты көрінетін. Үлкендердің домбырасына жармасатын мені көріп олар: «Мына жаманыңнан бірдеңе шығады» деп айтады. «Ақсақ құланнан» бастап, бабалардан қалған ұлы мұраны бір қағыстан үйреніп алып жүрдім. Сол кісілердің тілегі қабыл болса керек, Гурьев музыкалық училищесіне оқуға түстім. Оқу ордасының алғашқы түлектерінің бірі болдым. Сейілхан Құсайынов деген ұстазым мені Алматыға консерваторияға оқуға түсуіме кеңес берді. 1972 жылы оқуымды аяқтадым. Консерватория ректоры мықты композитор, ұлты ұйғыр Құдыс Қожамияров «Ризвангуль» симфониялық поэмасы үшін Сталин сыйлығының лауреаты атанған. Ол кісі менің орындауымдағы Құрманғазының «Жігер» күйін тыңдап: «Молодой человек, вы феномен музыки» деді. Жұрттың бәрі тып-тыныш. Мені басқа пәндердің емтиханынан босатып, ерекше бақылауына алды. Дәлізде кездесіп қалсақ Шәміл деп қол беріп амандасып тұрды. – Асанбай Асқаровпен кездесуіңіз туралы айтып өтсеңіз... – Оқуды аяқтаған соң мен Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясына қызметке тұрдым. Кейіннен Абайдың Мәскеуде 125 жылдығы өтті. Оған көрнекті тұлғалардың бәрі барды. Күйшілерден ең жасы мен, сосын ән өнерінің жұлдызы Амангелді Сембин болды. Әйгілі Ла-Скала театрында ән шырқаған Амангелді екеуміз мәскеуліктерді өнерімізбен тәнті еттік. 1969 жылы Мәскеуден келген соң Алматы облыстық партия комитетінің бірінші секретары Асанбай Асқаров ағамыз мені қабылдап, 2 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Мұның бәрі өнерге жасалған қамқорлық. Үлкен адамдардың сенімі біздің өнеріміздің өрістеуіне сеп болғаны анық. Кейіннен Қазақстан Ленин комсомол сыйлығының лауреаты атандым. – Алаштың аяулы азаматы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болғаныңызды білеміз... – Иә, 1979 жылы күллі қазақтың мақтанышы, ел тұтқасын ұстаған Дінмұхамед Қонаев ақсақалдың ресми қабылдауында болдым. Алатаудай асқақ азаматтың алдына бару үшін арнайы дайындалдым. Ілгеріде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев сынды айтулы азаматтармен кездестім. Жазылбек ақсақалдың үйіне мені Мойынқұм ауданының бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков ағамыз ертіп барды. Бұл кісіге менің күйім қатты әсер етті. Алаштың ардақты азаматтары маған сәт-сапар тілеп, ақ батасын берді. Осындай дайындықтардан өткен соң «Ағатай – асқақ ән» деген ән жазып, Димекеңе бардым. Әнге Димекең ризашылығын білдіріп: «Әнің өте жақсы екен, халыққа жетсін балам» деп орнынан тұрып, маңдайымнан сүйді. Қазір сол бір шақты еске алсам, шүкіршілік етемін. – Кезінде өзіңіз «Қазақ радиосында» музыка редакциясының бас редакторы боп қызмет еттіңіз, сонда жүріп Шәмші Қалдаяқовпен кездесіпсіз... – Иә, осы қызметте 3 жылдан астам уақыт еңбек еттім. Бұл қызметке келуіме Димекеңмен кездесуімнің ықпал еткені сөзсіз. Музыка редакциясының бас редакторы бола жүріп, Шәмші шығармашылығының жандануына түрткі бола білдім. Осы бағытта аянбай тер төктім. Негізі Шәмші Қалдаяқовпен бұрыннан таныс-біліс едік. Арада ұзақ уақыт өткен соң қызмет бабында жүздестік. Әндерінің насихатталуына күш салдым. Тіпті бір арызқойлар Шәмшінің де үстінен арыз жазды ғой. Мен оған қол қоюым керек. Қол қойсам, адамшылықтан ада болғаным. Ал халық Шәмшінің әндерін сұрайды, сағынады. Өкінішке қарай өнер тарланының да жаулары болады. Сондайлардың ісіне ішің ашиды. Осы мәселе бойынша Шәмшіге қоңырау шалдым. Жолығуға барайын дедім. «Мені де іздейтіндер қалыпты ғой» деп Шәкең көз жасын сығып алды. Сәлден соң: «Сіз жұмыстың адамысыз ғой, дұрысы мен барайын» деді де, ол кісі редакцияға ат басын бұрды. Мені көрген бетте таңғалып тұрып қалды. Ұзақ жыл көрмеген соң бұрынғы жүздесу есіне түссе керек. Ал мен хатқа керісінше жауап беріп, Шәмшіге қолымнан келгенше көмегімді аяғаным жоқ. Мен де талай адамның жақсылығын көрдім ғой, соны ойлап отырып, Шәмші шығармашылығының насихатталуына шарапатым тигеніне әлі күнге қуанамын. Ол кейін Халық әртісі атанды. Қазір «Менің Қазақстаным» Гимнге айналды. Елбасымызға сол үшін де мың алғыс. – Елбасымен кездесіп, «Қазақстан – Нұрсұлтан» атты күйіңізді орындап бергеніңізден бәріміз хабардармыз. Жүздесу жайлы айтып берсеңіз... – Қазақ күй өнерінің жалпы формасын, болмысын сақтап қалу үшін алдына үлкен мақсат қойған адаммын. Біз бүгінді жырлауымыз керек. Бұрынғы бабалардың мұрасы бізге рухани азық қой. Кетбұқаның «Ақсақ Құланынан» басталған күйлердің жиынтығы – Құрманғазы мен Тәттімбеттің сарыны болды. Сол ұстаздардың жолын жаңарту үшін оларға еліктеп, тәуелсіздікті, жаңа дәуірді шығармашылыққа арқау етуіміз қажет. Менің қолымнан келетіні – күй. Аса қастерлі құндылығымыз азаттықтың образын күймен жасағым келді. Елбасы – біреу, халық – тіреу. Елбасының образы арқылы мен халықтың ерлігін, өрлігін айтпақ боп ниеттендім. Сонда бүгінгі күннің образы шығады. Бұл шығарманы мен ұзақ жаздым. Оны аяқтаған кезде 2014 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыдағы резиденциясында арнайы қабылдады. Президенттің алдында толқуымды сездірмеуге тырысып, амандастым. Президент маған: «Шәміл інім, домбыраң не дейді?» деп сұрақ қойды. Мен өз сөзімді айттым, ойымды білдірдім. «Сіз елді көтердіңіз, ел сізді көтерді, сондықтан күйімнің атын «Қазақстан – Нұрсұлтан» деп қойып келіп тұрмын» деп едім: «Қане, тарт!» деді. Кейіннен ол кісі: «Шәміл, айтып тұрғаныңның бәрі рас, оны мен домбыраңның үнінен де сездім, халыққа тарап кететін күй болады. Құтты болсын, айналайын!» деп ізгі ниетін жеткізді. – Жамбыл жеріне күйеу екеніңізді айтып қалып едіңіз бірде. Жарыңызбен қалай таныстыңыз, бір-біріңізді қалай жолықтырдыңыздар? – Ол кісі театр институтын бітірді ғой. Мен консерваторияда білім нәрімен сусындадым. Қатар оқыдық. Әпкең Асқар Тоқпановтың шәкірті болды. Мен екінші курста оқып жүргенмін. Оның сұлу жүзін тобығына түскен шашы одан бетер құлпыртып тұр екен. Қасында әкесі бар. Қайын атам Бауыржан Момышұлына еліктейтін. Соғысқа қатысқан. 77 жасында дүниеден озды. Өріккүлдің сұлулығына қызығып қарадық. Байқайсың ба, бізді періште қорғап жүреді екен. Періште «әумин» десе бәрі де болады деген рас қой. Тілек орындалды. Сол Өріккүл оқуын ойдағыдай тәмамдап, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрда 15-16 жыл қызмет етті. Ірілі-ұсақ образдарды сахнаға алып шықты. Сөйтіп жүргенде тұңғыш ұлымыз сырқаттанып қалды. Біраз уақыт өткен соң қызымыз дүниеге келді. Содан не керек, келіншегім театрдан өз еркімен кетті. Баланың сырқаты анаға ауыр тиді. Сол ұлым, Азаматым қазір 47 жасқа келді. Өріккүл де кейде ән шығарады, өлең жазады. Ол нәзік иірімдерді тауып алады. Мен нотаға түсіріп беремін. Бүгінде 7-8 әннің авторы болып отырған жайы бар. Байзақ ауданына қонаққа барғанымда ауданның сол кездегі әкімі Батырбек Құлекеев ақын Қасқырбай Нарбатыровқа өлең жаздырыпты. Қасекең жалындатып тұрып оқып берді. Ол өлең «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Беделді білім ордасы

(Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдығына арналады)

Әні: Шәміл Әбілтай. Сөзі: Қасқырбай Нарбатыр.

Насихаттап білім менен өнерді, Келешекке жетелеген кемелді. Мұғалімдер даярлайтын, Таразда, Жоғары оқу ордасы тұр беделді.

Қайырмасы: Сақтаумен салтын сапаның, Тараздың жайған атағын. Арттырған білім ошағы, Білікті маман қатарын.

«Нығайтсақ!» – деп тәуелсіз елдің іргесін, Қол ұстаса қадам басқан бірге шын. Шәкірт біткен риза әрбір ұстазға, Қасиетін, үлгі ісін білгесін.

Қайырмасы: Алтын ұя қуат беріп сенімге, Ту ұстатқан туған өлке төрінде. Білімгерлер аттанады бұл жерден, Жолдама ап алда үлкен өмірге.

«Ағатай – асқақ ән» атты ән жинақ жарық көрді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтайдың жеке орындауындағы «Ағатай – асқақ ән» атты таңдамалы ән-күй топтамасы жеке жинақ боп жарық көрді. Жинаққа композитордың 2 күй, 7 әні еніп отыр. Шығармалардың қатарында Дінмұхамед Қонаевқа арналған «Ағатай – асқақ ән», ақын Қорғанбек Аманжолдың сөзіне жазылған «Ұлы Дала Елі», Асанбай Асқаровтың сөзіне жазылған «Ар-намыс», ақын Әбдікәрім Ахметовтің сөзіне жазылған «Дос жүрегі шарайна», белгілі дәрігер Жасай Зекенге арналып, ақын Жәркен Бөдешевтің сөзіне жазылған «Арашашы», Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған «Аңсау», ақиық ақын Мұқағалидың сөзіне жазылған «Қара өлең» әндері мен «Өрікгүл», «Пір Бекет» атты күйлері бар. Топтаманың соңы тараздық ақын Қасқырбай Нарбатырдың «Шалымы басқа Шәміл бұл» өлеңімен түйінделген.

Ұқсас жаңалықтар