«Астана арландары» Жартылай финалға жақындай түсті
- author «Ақ жол»
- 15 мамыр, 2017
- 271
Бүкіләлемдік бокс сериясының жетінші маусымында сәтті өнер көрсетіп келе жатқан «Астана арландары» командасы жартылай финалға жақындай түсті. Ширек финалдық тартыстың алғашқы кездесуін Ресейдің Кемерова қаласында жергілікті «Патриот боксинг тим» командасына қарсы өткізген қазақстандық боксшылар 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алдымен рингке 49 келі салмақ дәрежесіндегі оғландар беттеді. Ресейлік команда намысын Батор Сагалуев қорғаса, отандастарымыз Теміртас Жүсіповке сенім артты. Алма-кезек шабуылдармен өрбіген жекпе-жекте «Патриот боксинг тим» командасының өрені сәл ғана басымдықпен жеңіс тойын тойлады. Бұдан кейін қазақ боксшыларының жеңісті сериясы жалғасты. 56 келі салмақ дәрежесінде рингке көтерілген Ілияс Сүлейменов «Патриот боксинг тим» командасының саңлағы Максим Черышевпен шайқасып, төрешілердің шешімімен басым түсті. Бұл жекпе-жек тартысқа толы болды. Дегенмен, жақын қашықтықта соққыларын дөп тигізген Ілияс Сүлейменов тәжірибесінің арқасында жеңісті жұлып алды. Оның қарсыласы жас боксшы болғанын айта кеткен жөн. Есеп теңескен соң 64 келідегі үмітіміз Ділмұрат Мижитовтің мойнына үлкен жауапкершілік жүгі артылды. Алексей Мазурға қарсы шаршы алаңға шыққан Ділмұрат алғашқы екі раундта жеңіліске ұшырап, жанкүйерлерді қобалжытып тастады. Бастапқы екі кезеңде Алексей Мазурдың тікелей бағыттаған соққылары діттеген жеріне дөп тигенімен, қалған үш раундта қазақстандық саңлақ жеңіске деген құштарлық танытты. Ділмұрат қарсыласын қуып жүріп, соққының астына алды. Шайқас аяқталған соң төрешілер екіжақты шешіммен қазақстандық боксшыны жеңімпаз деп тапты. Төртінші жекпе-жек те «Астана арландарының» пайдасына шешілді. 75 келі салмақ дәрежесінде ресейлік Андрей Ковальчукпен қолғап түйістірген Сапарбай Айдаров бойы мен қолының ұзындығын ұтымды пайдаланып, дұрыс қашықтық таңдай білді. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшының үстем түскенін мойындады. Есеп – 3:1. «Астана арландары» соңғы кездесудің нәтижесіне қарамай жеңіске жетіп қойды. Дегенмен, 91 келі салмақ дәрежесіндегі Антон Пинчук қарсыласы Илья Квасниковты екінші мәрте ұтып, есепті еселейді деп отырғанбыз. Бұған дейін топтық кезеңде Квасниковпен жолы түйіскен Пинчук қарсыласынан айласын асырып кеткен болатын. Бұл жолы Илья тыңғылықты дайындалып шығыпты. Ә дегеннен шабуылға иек артқан ресейлік боксшы бірінші раундта сол қолымен қапталдан жойқын соққы жұмсады. Дөп тиген соққыдан Пинчук нокдаун әрі жарақат алып қалды. Нәтижесінде кездесу екінші раундтың бел ортасында дәрігерлердің араласуымен тоқтатылды. Жеңіс ресейлік боксшының еншісінде кетті. Есеп 3:2. «Астана арландары» 20 мамырда Қарағандыда өтетін кездесу алдында айтарлықтай басымдыққа қол жеткізіп отыр.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді