«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстандағы әскери училищеде оқыған алғашқы қазақ

Қазақстандағы әскери  училищеде оқыған алғашқы қазақ
ашық дереккөз
Қазақстандағы әскери училищеде оқыған алғашқы қазақ

Бүгінде Алматыдағы жоғары маманданған офицерлер дайындайтын Құрлық әскерлері институтының тарихы қазақ топырағында пайда болған тұңғыш әскери оқу орны ретінде өткен ғасырдың орта кезінен бастау алады. 1940 жылы маусым айында үкіметтің арнайы қаулысымен Алматыда пулеметтік-атқыштар училищесі құрылды. Батыста соғыс қаупі күш алып келе жатуы бұған бірден-бір себеп болса керек. Бұл оқу орнының курсанттары арасынан соғыс жылдарында жүздеген жоғары дайындықты офицерлер, мыңдаған қатардағы жауынгерлер мен сержанттар қолына қару алып майданға аттанды. Соғыстан кейін Кеңес одағының маршалы М.С.Коневтің есімі берілген жалпы әскерлік командалық училищесінің (бүгінде Құрлық әскерлері институты) қабырғасынан ол құрылғалы бері он мыңдай әскери мамандар даярланған.И-Алейбеков-Елбас++ымен Ал осы әскери оқу орнының ең алғашқы жалғыз қазақ курсанты қордайлық Иманберді Әлейбеков болғанын көбіміз біле бермейміз. Ырғайты өзенін бойлай орналасқан Шарбақты ауылының тумасы Ахметұлы Әлейбектің алты ұл, алты қызының көбі жастай аурудан шетіней беріп, Иманберді ғана шымыр болып өсіпті. Ол әуелде Қасықтағы жетіжылдықта, одан соң Алматыдағы он екінші мектеп-интернатта білім алады. Орта мектепті бітіретін 1940 жылы қалада пулеметтік-атқыштар училищесі құрылып жатқан болатын. Жиырма жасар жігіт көп ойланбастан құжатын соған тапсырады. Бастапқыда талапкерлер қатарында үш қазақ баласы болса, оқу басталғанға дейін өзгелері айнып құжаттарын кері алады да, Иманберді ғана алған бетінен қайтпайды. Бір жылдан кейін соғыс өрті тұтанып, училище дайындаған әскери мамандардың алғашқы легі Отан қорғауға аттана бастайды. Лейтенант погонын тағып үлгерген бетте Әлейбеков те 1942 жылы алғы шептен бір-ақ шықты. Жас офицер содан Брянск, Воронеж, үшінші Прибалтика, бірінші Украина майдандарында Брянсктен Шығыс Пруссияға дейінгі жорық жолдарымен жүріп өтеді. Ол 49-шы танк бригадасы құрамында орудия командирі, барлаушылар бөлімшесінің командирі, батарея командирінің орынбасары қызметінде Курск-Орлов иініндегі теңдессіз танк шайқасына, Днепрден өту, Одердің батыс жағалауындағы жау плацдармын басып алу тәрізді жойқын шабуылдарға қатысады. Иманберді екі мәрте жараланып, Мичуринск госпиталінде емделген соң соғысқа қайта кіріп отырған. Кейіннен Бас Қолбасшының резервіндегі 30-шы минометтік бригаданың взвод командирі болып, әскерге жаңа алынғандарды соғыс өнеріне баулумен айналысты. Жеңісті Потсдам қаласында қарсы алады. Мереке күндері оның омырауын түгел жапқан наградаларын көріп сүйсінетін едік. Әсіресе, соғыстан тағып қайтқан екі бірдей «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, қос-қосынан алған «Жауынгерлік үлесі үшін» медалі, бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені айрықша жарқырап тұратын. Ал өзі болса 1945 жылы 22 ақпанда Бас Қолбасшы Сталиннің атынан берілген үш бірдей Алғыс хатты осылардың бәрінен артық көретін. Соғыста алған жарақаты салдарынан әскери өмірден қол үзуіне тура келген аға лейтенант бейбіт майданда қырық жылдан аса ұстаздық қызметте де бір кітапқа жүк болғандай парасатты еңбек жолынан өтті. Алматыдағы пединституттың физика-математика факультетінде сырттай оқи жүріп, Шарбақты ауылындағы Ақтас жетіжылдық мектебінің директоры, Қордай аудандық оқу бөлімінің инспекторы, Абай атындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жас ұрпаққа терең білім, өнегелі тәрбие беруге атсалысты. И.Әлейбековтің білім беру саласындағы ерен еңбегі «КСРО Халық ағарту ісінің озаты» белгісімен және бірнеше рет одақтық Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен бағаланған. Майдангер ұстаз қызметтік міндетіне қоса қоғамдық өмірге де белсене араласты. Оның бастама көтеруімен Қордайдан шыққан әскери ұшқыш Алмабек Жұмабеков туралы облыстық газетте үлкен мақала жарияланып, 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығына орай аудан орталығындағы бір көшеге есімі берілген болатын. И. Әлейбековтің әр наградасының өзіндік тарихы бар. Мәселен, «Ерлігі үшін» медалін Рига түбінде бөлімшесімен барлауға шыққанда он үш жау офицерлері мен солдаттарын тұтқындап әкелгені үшін алыпты. 1945 жылы қаңтарда Сандомир ауданында неміс қорғанысын бұзып өтіп Польшаны азат етуде, Кельц қаласын жаудан тазартуда, ақпан айында Одер өзенінің батыс жағындағы жау қорғанысын талқандауда көрсеткен ерліктері үшін Бас қолбасшы Сталиннің алғыстарын алған. Өз әкесімен бірге туған Аман, Қайымқұл, Сұртай, Шәріпбай сынды төрт бірдей бауыры соғыстан оралмауының өзі қандай қасірет. Мұндай қайғы шекпеген шаңырақ бар ма өзі?.. Иманбердінің бала жастан бойына біткен қажыр-қайраты, еңбекқорлық қасиеті қартайғанша өміріне өзек болды. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен ептеп күн көруге, келеңсіздік атаулыға оның жаны қас еді. Беделіне, бет жүзіне қарамай кімге болса да кемшілігін көзге түртіп отырудан тайсалмайтын. Сонысы үшін әкім қараларға жақпай да қалып жүрді. 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығына арналған Мәскеудегі әскери парадқа барарда солай болды. Бастапқыда Қазақстаннан қатысатын майдангерлер тізіміне енгізілгенімен, кейіннен аудан басшылығы Әлейбековтің орнына басқа кісіні жібергісі келеді. Ал ол адам соғысқа қатыспағандықтан облыстан өтпей қалады. Осындай көпе-көрінеу қиянатқа жаны күйген майдангер Мақтай Сағдиев басқаратын республикалық Ардагерлер кеңесіне қайырылады. Сөйтіп, ол қайтадан тізімге енгізіліп, 9 мамырда Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысады. Сол жолы Президенттер Н.Назарбаев пен В.Путиннің қатысуымен Волоколамск қаласында генерал Панфилов пен Бауыржан Момышұлы бюстерінің ашылу салтанатына куә болады. Майдангер ұстаз осыдан бес жылдай бұрын тоқсан бір жасында өмірден озды. Соңғы сағатына дейін санасы сергек қалпында зайыбы Рәтайдың қасында, ұл-қызы мен немерелерінің ортасында оларға өсиет тілегін айта отырып ақ өліммен аттаныпты бақилыққа. Артында өшпейтін өнегелі іздері қалды.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар