«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ҚАРАТАЙ ТҰРЫСОВТЫҢ ҚАЙЫНАТАСЫ

ҚАРАТАЙ  ТҰРЫСОВТЫҢ  ҚАЙЫНАТАСЫ
ашық дереккөз
ҚАРАТАЙ ТҰРЫСОВТЫҢ ҚАЙЫНАТАСЫ
Жамбайбек кеңес-фин соғысынан жараланып келгеніне қарамастан 1943 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа өз еркімен аттанған

Халықты күштеп ұжымдастыру, орташа ғана шаруасы бар адамдарды «бай-құлақ» деп мал-мүлкін тәркілеу, «ит жеккенге» жер аударып, елден бездірудің зобалаңын көзбен көргендердің бірі Ырысымбет болатын. Бала-шағасын асырап отырған азын-аулақ тұяғынан қарадай айырылған жұрт баяғы жұпыны тіршілігіне зар боп, аштан қырыла бастады. Кеңес өкіметінің қысымына көнгісі келмеген естілер көштің басын жат мекендерге қарай бұра бастады.

Көсемәлі Сәттібайұлы.

1fb34841-e618-425a-bb59-d80f8bbaf664Ырысымбет атының басын қырғыз елінен бір-ақ тартқан. Төрт түлікті қойшы, бір жұттық қой ол, бар ойы – көзінің қарасы мен ағындай болған Жамбайбегі мен Зиякүлін аранын ашып келе жатқан аштықтан аман алып қалу еді. Қазақтардай емес, қырғыздар жағы әкіреңдеген әпербақандардың қуғын-сүргінінен тыныштау екен. Қызылдар келгенге дейінгі дәулетінен айырылса да, жан сақтауға жетерлік жантығы жеткілікті болды. Мал-мүлкіне көз алартқан «шолақ белсенділердің» қиқуынан да құлағы тыншыды. «Ақ патшаны» тағынан құлатқаны аздай, бәлшебектер енді бейбіт елді қойша топырлатып, бастарына ойран салып жатқан жиырмасыншы жылдың мамырында жарық дүниеге іңгәләп келген бейкүнә сәби Жамбайбек, әрине, мұның бәрінен бейхабар. Ал Ырысымбеттің қызылдарға деген қыжылы ішінде бұрқ-бұрқ қайнап жатыр. Сол ызамен жалғыз ұлы Жамбайбекті «орыстың оқуына» бергісі келмеген әуелгіде. Бірақ алғыр бала қолына қалам-қағазды кештеу алса да сол кездегі жеті жылдық мектепті жақсы оқып бітірді. Он сегіз жасқа толғанда Қырғыз елінен әскерге аттанды. Бұл кезде ол жүрек қалауымен Тілеубайқызы Қатипамен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Әскерге кетіп бара жатып аяғы ауыр әйеліне «құрсағыңдағы ұл болса атын Әскер, қыз болса Әскерге «гүл» дегенді қосып қоярсың» деп аманаттады. Талас облысының Киров ауданы, Жуантөбе айылында қолын бұлғап қалып бара жатқан Қатипа көзінің жасын сығып тұрып, жар тілегіне бас изеген. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов ағамыздың үйіндегі әзіз анамыз Әскеркүлдің аты, міне, дүниеге осылай келген. Соғысты көрмеген ұрпақ соғыс туралы жаза алмас. Кітаптан оқығаны мен кинодан көргендерінің бәрі көркем дүние. Сондықтан, деректерге жүгінген жөн болар. Біздің естігеніміз, Жамбайбек әскери борышын өтеп жүрген кезінде кеңес өкіметі мен фин елінің арасында бір бүлік бұрқ ете қалып, жазықсыз жас қазақтың кеңес-фин соғысына қатысуына тура келеді. Ленинград әскери округінің 412-ші артиллериялық полкінің нысана көздеушісі, он тоғыз жастағы Жамбайбек, осы жастағы бозымдар біле жүрсін, қақаған қыста 7-ші армияның құрамында «Маннергейм сызығын» бұзып өтуге байланысты сұрапыл шабуылға қатысады. «Маннергейм» дегеннің кім екенін білгілеріңіз келсе, ол – Финляндияның әскери және мемлекет қайраткері, маршал Карл Густав Эмиль Маннергейм деген адам. Соның ұсынысымен Карель мойнағына ұзындығы – 135 шақырым, ені – 90 шақырым терең орлар мен тікенді сым темірлерден тұратын қоршаулар жасалған. Жауға қарсы оқ ататын доттары мен дзоттарының қалыңдығы адамның құлашы жетпейтін қалың болған. Міне, осындай алынбас қамалға қарамастан Жамбайбек сияқты жастар жанталаса ұрыс салды. Қай елдің басқыншы, қай елдің тәуелсіздік құрбаны екені жайлы әңгіме ол кезде айтылмайтын. Бұл тақырыпты жауынгерлер де талқыламайтын. Ал абыз тарих сол соғыста бір әділетсіздіктің болғанын айтып, бүгінде қинала бас шайқайды. Сонымен, 1942 жылдың қаңтарында Выборг қаласынан бірнеше шақырым жерде жау оғынан ауыр жараланған Жамбайбек майдан даласында қалады. Қар астында жатқан қатардағы жауынгер Жолтаевты санитарлық взводтың қызметкерлері алғашында өлгендердің бірінен санайды. Есін жиғанда госпитальда жатыр екен. Алғашқы естігені қан тапсырушы бойжеткеннің «Неткен келбетті қазақ!» деген үні болады. Ұзын бойлы, көмірдей қап-қара шашты, көзінің ұясы үлкен, ал жанары жасындай жарқ-жұрқ еткен Жамбайбекке «көркем» деген сөз шынында жарасып тұрар еді. Госпитальдан кейін жауынгер Жамбайбек еліне оралды. Дүниеге Әскер емес, Әскергүлдің келгенін көрді. Жарымен, қызымен қауышып, өміріндегі ең бір бақытты сәттерді басынан кешірді. Бірақ, көп ұзамай батыс тағы да отқа оранды. Бұл жолғы бүлік гитлершіл неміс фашистерінің тұтқиылдан жасаған соғысынан басталды. Өр мінез, өжет жігіт сұрапыл майдан даласына енді өзі сұранды. «Ауылға да ер-азамат керек, шаруашылыққа басшылық ет» деген сөздерге де тоқтамады. «Өзім сияқты азаматтар соғыста етігімен қан кешіп жүргенде, мен үйде тығылып жата алмаймын» деп, қайғы ойлап, қамыққан әкесін де жұбатты. Сөйтіп, кеңес-фин соғысының жанына жара салғаны аздай, 1943 жылы батысқа қарай тағы да аттанып кете барды. Әскергүлден кейін өмірге келген Аманкелдісін аман-есен өсіруді жарына тағы да аманаттады. Жамбайбек бұл соғыста 645-ші атқыштар полкінің құрамында болды. 1943 жылдың 30 тамызы мен 9 қыркүйегі арасында Орлов облысына қарасты Комаричск ауданының Глубокая, Радогощь, Кокино және тағы басқа елді мекендерін азат етуге қатысты. Қолбасшы штабы мен алғы шеп арасындағы байланыстың үзілмеуін қамтамасыз етті. Сол үшін алғаш рет «Ерлігі үшін» медаліне ие болды. Арада көп уақыт өтпей қарша бораған оқтың астында жүріп үзілген байланыс желісін жалғаған жанкештілігіне орай «Ерлігі үшін» медалімен екінші рет марапатталды. Ал 1945 жылдың 24-26 қаңтарында Катовице ауданында жау тарапының зеңбіректермен атқылаған сұрапыл соғысында көрсеткен жанқиярлық батырлығы үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін омырауына тақты. Сондай-ақ, 1945 жылы 18 сәуірде барлаудан өте маңызды мәліметті қолға түсіріп әкелгеніне байланысты үшінші рет «Ерлігі үшін» медаліне ие болды. Бұл – 1-ші Украина майданына қарайтын 17-ші атқыштар дивизиясының 22-ші минометті бригадасының 239-шы минометті полкінің барлаушы-бақылаушысы Жамбайбек Жолтаевтың батыр боп туған перзент екеніне қанды көйлек достарының көзін жеткізе түсті. 1945 жылдың мамыр айын сержант Жамбайбек Алмания жерінде, 239-шы минометті полкінің құрамында жауынгерлік аса маңызды тапсырманы орындап жүріп қарсы алды. Кеудесіндегі орден, медальдар қатарында «Ерлігі үшін» медалі төртінші рет жарқырап, 9 мамыр – Жеңіс күнін Берлинде тойлады. Сөйтіп, қаһарман қазағымыз соғыс аяқталғаннан кейін бір жылдан соң қырғыз еліне қайта оралды. Ұзаққа созылған жорық жолына өз қолымен осылайша біржола нүкте қойды. Бейбіт өмір соғыс емес. Бұрынғы білімінің аздығын сезіп, Жамбыл педагогикалық училищесінде оқыды. Осы қара шаңырақтың алғашқы түлектерінің бірі болды. Кейін педагогикалық институтты, одан соң Бішкектегі жоғары партия мектебін бітірді. Қару ұстаған қол қаламға да төселді. Әкесі Ырысымбет жаны күйзеліп елден көшкенде пана болған қырғыз байкелерімен етене жүріп еңбек етіп, Фрунзе және Талас облыстарында ферма меңгерушілігінен бастап мектеп директоры, аудандық партия комитетінің қызметкері, партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Жан жары Қатипаның денсаулығына байланысты 1959 жылы атамекені Қазақстанға, оның ішінде Жамбыл облысына қоныс аударды. Туған жері де кеудесінен кері итерген жоқ. Куйбышев совхозында партия комитетінің хатшысы, Ильич атындағы совхозда директордың орынбасары болды. – Жамбайбек қырғыз жағында жүріп, кейін біздің Қызыләуітке көшіп келген. Менің Әйтіміш, Бәйімбет деген ағаларым колхозда жақсы қызметтерде болатын. Солар «бір туысқанымыз табылды» деп, көмек көрсетті. Әйтіміш аға өзі атқарып жүрген жылқы фермасының меңгерушісі қызметін ұсынды. Бірақ, Жамбайбек ауылда тұрғысы келмейтін сыңай танытты. Мен ол кезде облыстық партия комитетінде қызмет істеймін. Идеология жөніндегі хатшының орынбасарымын. Әйтіміш аға маған хабарласып, «Қырғыз жақтан туысқаның келді. Соған бір қызмет тауып бер» деді. Ол кезде Байзақ, Жуалы аудандары бір ғана Жамбыл ауданының қарамағында болатын. Партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртаза деген кісі еді. Ол менімен көрші тұратын. Мен аудан басшысынан Жамбайбек Жолтаевты бір кеңшарға партия комитетінің хатшысы сайлануына ықпал етуін өтіндім. Сөйтіп, Жамбайбек Жолтаев «Куйбышев» кеңшарына партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Қырғыз елінде де осындай қызметті атқарған екен. Ол – тік мінезді, әділ және батыр адам еді. Міні болса кеңшар директорынан да жасқанбай, шындықты айтып, әділдігін дәлелдей білетін. Ал Жамбайбектің қызы Әскергүл – Жамбыл қаласында тұратын біздің бауырымыз Амангелді Мыңатаевтың үйінде жүріп оқыды. Осы үйде жүргенде болашақ мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовпен көңілі жарасып, екеуі отау құрды. Менің Жамбайбек Жолтаев жөнінде білетін деректерім осындай, – дейді облыстың Құрметті азаматы, белгілі журналист, публицист Баттал Жаңабаев. Жамбайбектің жары Қатипа Тілеубайқызы 1970 жылы дүние салды. Ал Жамбайбектің өзі 1977 жылы 57 жасында өмірден озды. Сүйегі өзі туып-өскен Талас ауданының Қызыләуіт ауылының маңындағы қорымға жерленді. Биыл дүниеден өткеніне 40 жыл болады екен. Қызыләуіттен ұшқан қыранның ордендері мен медальдары бүгінде оның өмір жолындағы өшпес із сияқты жарқырап тұр. Одан да үлкен із – артында қалған ұрпағы. Ырысымбет ақсақалдың арманы орындалып, Жамбайбек жалғаған ұрпағы үбір-шүбір боп өсіп жатыр. Бүгінде оның тоғыз баласынан 30 немере, 53 шөбере, 10 шөпшек бар. Әке қамқорлығының арқасында қызылдардың қуғын-сүргіні мен қолдан жасаған ашаршылығынан әупіріммен аман қалған Зиякүлдің көзі – Дәмен ана қазір қара қазан, сары баласының қам-қарекетімен дегендей Қырғыз елінің Талас облысындағы Шолпанбаев атындағы ауылда, кейбір ұл-қыздары Бішкекте бақытты өмір сүріп жатыр. Осы жолдардың авторы бір жолы белгілі жазушы Шерхан Мұртазамен әңгімелесіп отырып, досы Қаратай Тұрысов жайлы сұраған. Сонда Шерағаң: «Жамбыл мектебінде оныншы оқып жүргенде үш-төрт баланы обком комсомолдың бірінші хатшысы Асанбай Асқаров шақырды. Қаратай Тұрысов, Ергеш Есімов, сосын Әбдуәлі Данаев дейтін бір жігіт бар. «Мәскеуден разнарядка келді. Төртеуің Тынық мұхит әскери училищесіне оқуға барасыңдар» деді. Оның не екенін түсініп жатқан жоқпыз. Бастық «барасыңдар» деген соң, «барсақ барайық» дедік. Бірақ жәйдан-жәй жібере салмайды екен. «Жарайсың ба, жарамайсың ба» деп, денсаулығымызды тексерді. Қаратай деген досым о кезде бойы кішкентай, шынжау, тырылый арық жігіт еді. Оны «сен жарамайсың» деп бірден шығарып тастады. Менің кәдімгідей әл-қуатым бар. Біздің интернатпен бір қорада «РУ» дейтін (Ремесленное училище – К.С.) болатын. Кілең зіңгіттей-зіңгіттей орыстың балалары оқиды. Солармен ұдайы төбелесіп жататынбыз. Тоғызыншы класта оқып жүргенде болған бір қырғын «соғыста» мына құлағыма (Шерағаң сол құлағын көрсетті – К.С.) кілтпен ұрды ма, әйтеуір, жарғағы жарылып кетіпті. Комиссияның қырағы көзі сол жарғағы жарылып кеткен құлақты көріп қойып, «сен жарамайсың» деп мені де шығарып тастады. «Ойбой, мыналарды Асқаровтың өзі Мәскеуге жібергелі жатыр екен. Жоқ, Владивостокқа жібереді екен», – деп жұрттың бәрі құлақтанып қалған. Сондықтан, «жарамай қапты» деген сөзге қатты намыстандық. Қарекең, Қаратай – Мәскеудегі Геология институтына баратын болды. Мектепте газет шығарып, әдебиеттен кәдімгідей тәуір баға алып жүруші ем, мен де Алматыға барып Московский полиграфический институттың редакционно-издательский деген факультетіне тәуекел деп құжат тапсырдым. Өтіп кеттік, әйтеуір» деген. Шерағаңның досы, сол «шынжау» Қарекең кейін еліміздің ең жоғары лауазымды қызметтерінде болды. Қай кезеңде болмасын халқына адал қызмет етті. Жамбайбектей асыл азаматтың ару қызын алып, өсіп, өнді. Қайран, біздің әкелер-ай!..

Қызыләуіт ауылы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар