«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азия чемпионаты. қазақ Боксшыларының қарымы қандай?

Азия чемпионаты.  қазақ Боксшыларының қарымы қандай?
ашық дереккөз
Азия чемпионаты. қазақ Боксшыларының қарымы қандай?

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан Азия біріншілігінің жалауы желбіреді. Онда өнер көрсетіп жатқан боксшыларымыз әзірге ерлеп тұр. Алдымен 56 келі салмақ дәрежесінде рингке көтерілген Қайрат Ералиев филиппиндік Марио Баутистаны айқын басымдылықпен жеңсе, кейіннен жапон жігіті Риомея Танакадан айласын асырып, жартылай финал жолдамасына иелік етті. Сонымен қатар 64 келі салмақ дәрежесіндегі оғланымыз Бекдәулет Ибрагимов та алғашқы кездесуін сәтті бастады. Ол малайзиялық Хиром Азмиді ұтып, кейін ширек финалдық айқаста шри-ланкалық Душан Сапарамадуды жарыс жолынан ығыстырып, жартылай финалға өтті. Ел сенімін арқалаған 75 келі салмақтағы жамбылдық оғлан Әбілхан Аманқұл да бабында екенін байқатуда. Қытайлық Юн Хан Венмен қолғап түйістірген жерлесіміз қарсыласын бірінші раундта нокдаунға да түсіріп үлгерді. Үш кезең бойы қытайлық боксшыны соққының астына алған Әбілханның мықтылығын төрешілер бірауыздан мойындады. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 91 келі салмақтағы үмітіміз Василий Левит (ол жарысқа екінші айналымнан араласты) алғашқы шайқасында өзбек оғланы Санжар Тұрсыновпен жұдырықтасып, қарсыласынан басым түсті. Сондай-ақ 60 келі салмақ дәрежесінде жарыс жолына шыққан Әділет Құрметовтің де алғашқы жекпе-жегі жеңіспен аяқталды. Ол малайзиялық Алназирул Отманнан жеңісті жұлып алды. Алайда, екінші жекпе-жегінде рейтинг көшбасшысы, моңғолиялық Отгондалай Доржнямбумен жұдырықтасқан Әділеттің бірінші раундта қабағы жарылып, дәрігерлер кездесуді жалғастыруға рұқсат бермеді. Нәтижесінде моңғол боксшысы жеңімпаз атанды. 81 келі салмақ дәрежесіндегі Ерік Әлжанов та сенім үдесінен шықты. Ол рейтингте өзінен жоғары тұрған қырғызстандық Еркін Әділбекұлымен шайқасып, мерейі үстем болды. Алғашқы кездесуін тайландтық Танес Онгжунтаға қарсы өткізген 52 келідегі боксшымыз Азамат Исақұлов та ширек финал жолдамасын қанжығасына байлады. 69 келі салмақтағы жас пері Абылайхан Жүсіпов те жанкүйерлерді жарқын жеңісімен қуантты. Ол жапондық Хироаки Кинжоны оңай жеңе білді. Алыптар айқасында сынға түсіп жатқан Қамшыбек Қоңқабаев моңғолиялық Ерболат Тұрлыбекпен қолғап түйістіріп, мерзімінен бұрын жеңіс тойын тойлады. Өкінішке қарай жарысты жақсы бастаған 49 келідегі боксшымыз Ержан Жомарт ширек финалда Олимпиада чемпионы, өзбек оғланы Хасонбой Дусматовқа есе жіберіп алды. Азия біріншілігі келесі жылы Германияда жалауы желбірейтін әлем чемпионаты алдындағы іріктеу додасына телініп отыр. Әзірге жартылай финалға өткен 56 келідегі Қайрат Ералиев пен 91 келідегі Василий Левит және 64 келі салмақтағы Бекдәулет Ибрагимов әлемдік доданың жолдамасына ие болды. Дода жалғасуда.

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар