Әкесі Ортай көкірегі ояу, көзі ашық жан еді. Бәлкім оның қазақ тілі мен әдебиетіне деген құмарлығы содан да шығар. Оның үстіне Ойық (қазіргі Д.Қонаев) орта мектебінде ұлағатты ұстаздар көп болатын. Мектептен екі бірдей Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалімдердің шығуы да – оқу орнының әлеуетін танытып тұратын. Олар: Смағұл Молдабеков пен Ұлтуар Рысжанова болатын. Шәкірттерін қанаттандыратын, өрге сүйрейтін мектептен білімді өрендердің көптеп шығуы – сөз жоқ ұстаздар қауымының біліктілігімен байланысты. Оның ұстаздық жолды таңдауына немере ағасы Шәйбек Шоңов ықпал еткені анық. Өзгенің бақытын аялаған, сол үшін өз уақытын аямаған, мұғалімдік жолды таңдаған Мамлекат Ортайқызы Шоңова С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетінің түлегі. Талай майталман азаматтардың батасын алған өз ісінің кәнігі маманы. – Мектептегі белсенділігімді ескерген болуы керек, мен 1977 жылы Ақкөл ауылындағы Талас аудандық пионерлер үйінің үйірме жетекшісі қызметінен бастадым еңбегімді, – дейді сол күндерді сағынышпен есіне алған Мамлекаттың өзі. – Арада көп уақыт өтпей, Ойық орта мектебіне қайта оралып, аға пионер жетекшісі қызметін атқардым. Университетті аяқтаған соң, ол Өкен Мамытбаевтың отбасына келін болып түсті. Кейіннен мамандығы бойынша жұмысын жалғастырды. Атасы да, енесі де ауданға белгілі ұстаздар еді. – Біз ұстаздар әулетіненбіз, – дейді жүзінен шаттықтың табы ұшқындаған кейіпкеріміз. Ұзын бойлы, аққұба өңді, қос бұрымы тобығына түскен ажарлы келіншек Мамлекат Ортайқызы Ақкөл ауылы мен Қаратау қаласындағы орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып 15 жыл еңбек етті. – Оқушылардың ана тіліне деген құрметін қалыптастыру үшін аянбайсың ғой, осы күні алдымнан білім алған біраз шәкірттерім жолыққан сайын: «Әпкей, ана тілімізге деген құрметті Сіз үйреттіңіз», – десе мейірленіп қаламын, – дейді ол өз ойын білдіріп. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқығанда есіме Мамлекат түсті. Оның Талас ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарған жылдардағы іскерлігіне риза болғаным бар-ды. Сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Мұрат Жарылқапұлы (ол қазір Тараз қаласында мектеп директоры) және Мамлекатпен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған кезде үшеуміз бірігіп, көшелер мен мекемелердегі ілмелер мен андатпалардағы жазулардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы жайында көп жұмыстар жасадық. Сынды дұрыс қабылдамағандар, үшеумізге қырын қарап, аудан әкіміне шағымданады екен, ол: «Олардың талаптары өте дұрыс», – деп беттерін қайтарыпты. Обалы не керек, әкіміміз ұлтжанды, ақынжанды азамат болатын. Қазақтың салт-дәстүрлері мен өнерінің дамуына Мамлекат қолынан келгенінше көмектесетін. Әділін айту керек, ұлттық мүддеге келгенде Мамлекат барын салатын. Мамлекат біраз уақыт аудан әкімінің бас инспекторы қызметін атқарды. 2014 жылдан бері күні бүгінге дейін аудан әкімі аппараты кеңсесінің басшысы қызметін атқарып келеді. Мұнда да ол құрметке ие. Оған аудандық, облыстық басқару органдарынан алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары дәлел. – Басты бақытым – отбасым, адал қызметім, – дейді ол қарапайымдылығына салып. Енді, міне оның да зейнетке шығатын сәті туыпты. Еңбегінің рәтін көрсін!
Талас ауданы.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді