Біртұтас ұлт болудың басты шарты – достық

Біртұтас ұлт болудың басты шарты – достық
ашық дереккөз
Біртұтас ұлт болудың басты шарты – достық

Көне Тараз тарихи-мәдени орталығының аумағы көкке оранып, жайнай түскен. Ұлы ақын Жамбыл ата ескерткішінің айналасын қоршай, биік қамал бой көтеріпті. Қоршау кәдімгі қыш кірпішпен қаланғандай әсер қалдырады. Көне шаһарға апарар жол осы қамалдың үш қақпасынан басталады екен. Үш қақпа да халқымыздың ешкімді жат санамайтын дос құшағындай айқара ашық тұр. «Берекенің бастауы – бірлік» деп түсінетін қала тұрғындары осында жүр. Жамбылдықтар мен Тараз қаласының қонақтары үшін этномәдени бірлестіктер мен облыстық филармония өнерпаздары концерттік бағдарламалар әзірлепті. IMG_4521 IMG_50++90 IMG_49++43 IMG_46+02Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұртшылықты мерекемен құттықтап, ынтымағы жарасым тапқан өңір тұрғындарының қуанышымен бөлісті. – Тәуелсіздігімізбен қатар жаңа сипатқа ие болған 1 мамыр – қазақстандықтар үшін ерекше күн. Өйткені, ол көктем мен еңбектің, татулық пен ынтымақтың, келісім мен бірліктің мерекесі. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана халқымыз. Біздің бірлігіміз –дамудың стратегиялық негізі, ертеңгі күнге деген сенімнің бастауы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер басшылығымен халқымыздың берекелі бірлігі мен жасампаз тірлігі арқасында іргелі ел болдық. Қысқа уақыт ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Ұлттық экономика – инновациялық даму жолында. Ендігі міндет – әлемдегі дамыған отыз мемлекеттің қатарына ену, тәуелсіз мемлекетімізді Мәңгілік Елге айналдыру.

Президентіміз Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында тұрақтылық, бірлік, келісім арқылы біртұтас ұлт болу керектігін баса айтып, Ассамблея мүшелерінің қоғамдық сананы жаңғыртуға белсене атсалысатынына сенім білдірді. Сондықтан барша жамбылдықтарды жаңа дәуірдегі жаңа қоғамдық сананы қалыптастыруға, ел бірлігі жолында аянбай еңбек етуге шақырамын. Ортақ шаңырағымыздың астында тыныштық мәңгі орнасын. Бейбіт өміріміздің берекесі артып, тәуелсіз еліміздің бақыты баянды болсын. Мәңгілік Қазақстан – Мәңгілік Ел, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Бұдан кейін өңір басшысы Жамбыл ескерткіші маңына шатыр тіккен түрлі ұлт өкілдерінің өнері мен салт-дәстүрін тамашалап, олардың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Күрді және грузин ұлтының өкілдері №8 шатырды таңдапты. Дәстүр-салты бөлек болғанымен, пейілі кең меймандос ұлттар оны өздерінің келін түсіру дәстүрін көрсету арқылы анық аңғартты. – Тараздағы бірнеше білім беру мекемесі түрлі өндіріс орындарымен бірлесіп мерекелік бағдарлама ұсынуда. Біз №6 орта мектеппен біріктік. Осы білім беру ошағындағы 940 оқушының 140-ы күрді ұлтының балалары. Ал грузиндер – 9 пайыз. Күрділердің ұлттық тағамдары біздің ұлттық тағамымызға өте ұқсас келеді екен. Соның бірі – грар. Ол қазақтың наурыз көжесіне ұқсайды. Айырмашылығы – тағамға айран және су жағасынан жиналған шөптер молырақ қосылатындығында, – дейді «ҚазТрансГазАймақ» Жамбыл өндірістік филиалының кәсіподақ төрайымы Айтбике Тоқсабаева. Кәрім Нәсбекұлы Көне Тараз тарихи-мәдени орталығының батыс жағындағы алаңға да барды. Мұнда түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық ойындарынан жарыс өткізіліп жатқан. Шығыс жағында облыстық филармонияның «Балауса» цирк ұжымы өнер көрсетті. Музей жанында фольклорлық ансамбль әннен шашу шашты. Тарихи жәдігерлер көрмесі де осы алаңқайға қойылған екен. Бір жағында жігіттер спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстарда күш сынасса, «Сиқырлы бояулар» алаңында қылқалам шеберлері өзара бәсекеге түсіп, мереке қыза түсіпті. Түрлі ұлт өкілдерінің өнері мен қолөнер шеберлерінің туындысы қойылған көрмені аралаған облыс әкімі өзге ұлт өкілдерімен естелікке суретке түсті. Жалпы, мерекелік жиында қырғыз ұлтының «Құрық ілу», татар-башқұрт ұлтының «Жастықпен ұрып құлату», тәжік ұлтының «Кураш», орыс ұлтының «Бағанаға шығу», қазақ ұлтының «Қой көтеру» сынды спорттық жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлық үлестірілді. Орыстың биік бағанаға өрмелеу ойынында №29 орта мектептің оқушысы, 10 жастағы Владимир Казловский жеңімпаз атанды. Бағанаға бірінші болып өрмелеп шыққан ол ілулі тұрған сыйлықтың біріне ие болды. Қазақта бір тайды бір өзі арқалап кететін нар тұлғалы азаматтар болған. Ертеде сондай азаматтар өзара бәсекелесіп, жарысқа түскені тарихта да бар. Бұл жолы мәрт жігіттер отырып-тұру арқылы қойды кім көп көтерсе, соған беруді ұйғарған екен. 13 адам қатысқан жарыста олжа 80 рет көтерген Шыңғысхан Жақыпқа бұйырды. Ал бірі 62, бірі 65 мәрте көтерген Жасұлан Құдайбергенов пен Бақыт Галиакпаровқа бағалы сыйлық тарту етілді. Бұдан басқа да спорттың 12 түрінен сайыс өткізілді. Осылайша 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде жамбылдықтар ұлттық-мәдени мұра мен салт-дәстүрдің, бірлік пен татулықты сақтаудың, отбасын қастерлеудің ерекше үлгісін көрсетті.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар