Бас редактор бақыты
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Бас редактор Арғынбай Бекбосынов – шығармашылық қуаты да, талабы мен таланты бір-бірімен жарасқан қаламгер. КСРО деген құрақ көрпеше сынды қырық құрау елдің соңғы демі қалған тұстағы басшысы Михаил Горбачев мәлімдеген «қайта құрудың» бір арнасы, бейнебір, облыстық газетте жүргізіліп жатқандай еді. Жаңа айдарлар, түрен түспеген тың тақырыптар, көздің жауын алатын макеттер, ҚазМУ-дың қабырғасындағы оқытушыларымыз айтқандай, бұқараның үніне айналып, халықтың нағыз жоқтаушысы бола бастады. Бұрынғы «жуастау» делінетін газет демнің арасында арқаланып, айбаттанып, сөзіне ел тоқтайтын басалқалы биге ұқсады. Таралымы көбейді, авторлары жоталанды, сол жоталы авторларымен бірге газеттің айтар уәждері де іріленіп, мазмұны маңыздырақ бола түсті. Облыс авторларын былай қойғанда, сол кездегі астанамыз Алматыда тұратын ақын, жазушы, публицист, ғалым, тарихшы, этнографтардың өздері «бірдеңемізді жариялауға сұрап қалмас па екен» дегендей облыстық «Еңбек туына» қарап, елеңдей бастаған. Ер Баукең-Бауыржан Момышұлының «Қанмен жазылған кітабын», есте жоқ ескі замандардан жеткен «Тоны көк», «Білге қаған» мұралары ел газеттерінен бұрын «Еңбек туында» жарияланып еді сонда. Сол тұстағы хатшылардың тілдік қорындағы «Сендіруге рұқсат етіңіз...» деп аяқталатын сөздерінен шығарып, айдарға айналдырылған тақырыптағы сыни мақалалар өңірдегі қай саланың да жақсысы мен жаманын түпкіштей түгендеп, зерделей зерттеп жариялауы да газет редакторының біліктілігі мен ой ұшқырлығының ұшқыны ретінде бағаланған.
Қазір журналистика факультеттеріндегі студенттерге профессор-ұстаздардың газет басшысының білімі мен білігі туралы не айтып, не оқытатынын қайдам, ал менің өмірден ұққан өз «тезисім» – газет ұжымына басшы болу үшін тек журналист қана емес, сонымен бірге жазушы, ақын һәм суретші болу керектігі. Өйткені газет жетекшісі күнделікті хабар-ошарды ғана емес, сонымен бірге елді аузына қаратқан азулы ақын, жазушылардың шығармаларын да оқиды, тіпті, «түзетіп» те жібереді. «Журфакта» оқып жүрген кезімізде профессор Тауман Амандосов ағамыз ба, әлде Темірбек Қожакеев көкеміз бе, бәлкім, Әзілхан Нұршайықов болар: «Жақсы редактор түзейді, жаман редактор күзейді» деуші еді. Арекең осы редакторлардың тек қана «түзейтіндерінің» санатынан болды.
Кейін Арекең басшылық ететін ұжымға мен де қызметке келдім. Разы болғаным, жақсы мақаланың «аяғын» жерге тигізбейтіндігі. Ұнатқан дүниесінің үстіңгі бұрышына «нөмірге» деп қол қояды да, В. Ким деген кәріс суретшіге «клише» жасатуға тапсырма береді. Одан кейін «лездемеде» әлгі мақаланы ерекше атап өтіп, авторына сыйақы беруге бұйырады. Мақала авторының аты-жөні жазылған ол бұйрық редакция қабырғасындағы көрнекті жерде журналистерді ынталандырып апталап ілулі тұрады.
Сөйтіп Арекең басқарған басылыммен оқырмандар былай тұрсын, облыс басшыларының өздері де санаса бастады. Өйткені қаламымен бірге ойы да жүйрік редактор облыстық партия комитетінің бірінші хатшысынан бастап бөлім меңгерушілеріне дейін тең дәрежеде сөйлесті. Сол тұстағы оқиғаларға сәйкес ой-пікірлерін де күлбілтелемей бетке айтты. Бірде облыстық газеттің бірінші бетіне Арекеңнің «Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса... не себеді?» деген қысқа да нұсқа өткір мақаласы жарияланды. Ал Арекеңнің «тұзға» теңеп отырғаны... облыстың кіл ығай мен сығайлары екені айтпаса да түсінікті.
Арғынбай Бекбосыновтың тағы бір қасиеті редакциядағы болашағынан үміт күттіретін жас журналистерді жеке-жеке шақырып алып, шығармашылық жоспарларын сұрап, тың тақырыптарға бағыт-бағдар беріп отыратын. Сондай әңгіменің бірінде журналист Рахметбек Өзбеков өзін қаладағы қазақ мектебінің мәселесі қатты толғандырып жүргенін айтады. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» деген, бұл идеяны Арекең де қуана қолдап, «олай болса жақсылап жаз осы мәселені» деп тапсырма береді. Соның нәтижесінде көп ұзамай жарық көрген «Азаматтық диалектикасы» атты проблемалық мақала облыс партократтарын қалың ұйқыдан оятып, дүр сілкіндірген-ді. Бірақ обкомның қоңырауы шырылдап, өзін ұжымға кеше ғана редактор ретінде таныстырған обкомның хатшысы шақыртты. Түсі суық, үстелінің үстінде «Еңбек туы» жатыр. Ондағы қазақ мектебі мен қазақ тілінің мәселесі сөз болған мақала қып-қызыл шимай болған. Ары қарай айтпаса да түсінікті, «бұлай жазуға болмайды...», «үй артында кісі бар...» деген тұрғыдағы өкпе, реніш, таусылу... Бірақ өзінің редакторлық міндетіне адал Арекең хатшы алдында ақталған да жоқ. Міне, содан бері арада отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Ал облыс орталығындағы сол кездегі жалғыз қазақ мектебінің саны бүгінде отызға жетеқабыл болды. Міне, осы жетістіктің басында азаматтық диалектикасын алға ұстаған Арекең бастаған патриот қаламгерлер армиясының азаттық үні тұрған болатын. Айтпақшы, осы мақала жарияланғаннан кейін Алматыда Желтоқсан көтерілісі бұрқ етіп, Кремль билігі қазақ халқына «ұлтшылдық» таңбасын басқан кезде газет редакторы мен мақала авторын еске алып, КГБ-ға құлаққағыс жасаған «сыбырлақтардың» да болғаны өтірік емес.
Әлі есімде, бірде газеттің келесі нөмірі жоспарланып жатты. Әркім әртүрлі ұсыныстар айтып жатыр. Сол кезде бір ағамыз: «ҚК ОК бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбин рушылдық мәселесін орынды көтеріп отыр. Біз неге осы мәселені қолдап, мақала жазбаймыз? Мысалы, мына Талас ауданында Ойық деген рудың атын алып отырған үлкен ауыл бар. Онда бұрынғы бірінші хатшы Д. А. Қонаевтың руластары тұрады. Осы Ойық деген атты неге Октябрь деген атқа ауыстыру туралы мәселе көтермейміз?!.» деп «ой» тастасын. Журналистер тым-тырыс. Ұсыныс иесін жақтағандары да, жақтырмағандары да белгісіз. Бәрі ұжым басшысы Арғынбай Бекбосынов не дер екен дейтін сықылды. Біраз үнсіздіктен кейін Арекең: «Бұл мәселені редакцияның көтергені дұрыс бола қоймайтын шығар. Егер сол ауылдың тұрғындарынан хат түсіп жатса, онда әңгіме басқа» деді де, тақырып ауанын басқа жаққа аударып жіберді. Мен ішімнен «үһ» дедім. Ұсыныс иесінің қитұрқы ойынан әп-әдемі құтылып кеткен Арекеңе де риза болдым. Ал Горбачев пен Колбин тұрмақ, Сталиннің заманында да Ойық ауылы атанған ауыл тұрғындарының ит жеккенге айдаса да аталарының атын Октябрьмен айырбастамайтындарына сенімді едім.
Арекеңнің ел, жер және демография тағдыры тұрғысындағы азаматтық позициясы айқын болды. Мысалы, көрші елдермен салыстырғанда қазақ халқының демографиялық ахуалының әлжуаздығы да оны қатты алаңдататын. Бірде көңілін күпті еткен осы мәселені жазуды маған тапсырды. Іздендім. Толғандым. Не керек, мақала жазылып бітті. Арекең оқып шығып, «менің айтқан тапсырмамнан да асырып жіберіпсің», деп өте қатты риза болды. Өзінің үйреншікті әдетімен мақаланың үстіңгі бұрышына «нөмірге» деп қол қойды. «Лездемеде» атап өтіп, 15 рубль сыйақы бергізді. Ал мақаланың «Көп бала көгергенімізге жақсы» деген аты газеттің тұрақты айдарларының біріне айналды да кетті.
Арекең ірі істерді ірі журналистердің күшімен атқаратын. Атақты ақын Жақсылық Сәтібековті шығармашылық еркіндікте жүрген жерінен шақырып алып, мәдениет бөліміне меңгеруші етіп тағайындады. Соның нәтижесінде «Өмірдің ғибратты сәттері» деген тамаша айдар дүниеге келді. ҚК ОК бірінші хатшысы Г. Колбиннің сүреңсіз саясатының салдарынан еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д. Қонаев қоғамнан оқшауландырылып, ал А. Асқаровтай арыс абақтыға қамалған жылдары оларды жанұшыра жақтаған мақалалар сериясын ұйымдастырған да осы Арекең мен Жақаңның және журналист Қыстаубай Байтуовтың жарасымды шығармашылық одағы болатын. Белгілі балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаевтың әлемі өз алдына бір төбе еді. Қордай ауданындағы меншікті тілші Несіпбек Дәутаевтың мақалалары облыстық газетте салақұлаш болып жарияланып жатса, повестері Алматыдағы «Жалын» баспасынан бәйге алып, «Жалын» журналында жыл сайын жарық көріп жататын. Балалар ақыны Асқаржан Сәрсековтің Арекең сүйсіне оқитын фельетондары ше?!. Ақын, жазушылар Кәрім Баялиев, Мейірхан Қуанышбаев, Дулат Шалқарбаев, Совет Әлімқұлов, Пернебай Дүйсенбин, Қуандық Шолақов, Мұрат Сыздық, Толымбек Әлімбеков, Шырын Мамасерікова, Айша Көпжасарова, Серік Томанов, Маралтай Райымбековтер де газеттің жанашыр авторлары болатын. Маралтайдың өлеңі алғаш рет «Ақ жолда» жарияланған.
Сонау 1989 жылы көктемде Арекең Мәскеуге, КОКП ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясы курсына барып, сол кездегі бас идеолог В. Медведевтің лекциясын тыңдайды. Ел алдындағы азаматтық позициясына адал Арекең сол сәтті пайдаланып: «Қазақ Республикалық партия ұйымы туралы қаулыларыңыз тұтас бір халыққа жабылған жала, жасалған қиянат болды. Осыны қайта қарамас па екенсіздер?!» деп саңқ ете қалады. Мұндай өжеттікті күтпеген хатшы қабағын түйіп, тыжырына түседі де: «Жақында қайта қарап қалармыз...» дейді. Курс тыңдаушылары мынандай тосын және батыл сауалға таңғалып: «Скажите, вы откуда?» деп қалады. Сол кезде қиямпұрыстыққа жаны қас редактор: «Я – казахский националист!» деп найзағайдай шатыр ете түседі.
Десек те, оның ел тұлғалары Д.Қонаев, А.Асқаровтай арыстарды кеңестік-горбачевтік-колбиндік саясат шеңгелінен қорғап, арашалау жөніндегі қайраткерлігі өз алдына сөз етуді қалайтын үлкен тақырып. Димекеңмен сұхбатының шынайылығы да жүрегіңді шым еткізбей қоймайды. Сірә, Димекеңнің: «Маған таяқ қатты тиіп жатқан кезде алдымен араша болған «Ақ жол» ғой, мына Арғынбай ініміз ғой» деуі бекер болмаса керек. Бас редактор бақыты деген осындай-ақ болар.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді