Қаруын – жауға, қаламын – дауға кезенген

Қаруын – жауға, қаламын – дауға кезенген
ашық дереккөз
Қаруын – жауға, қаламын – дауға кезенген

Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында ерлік көрсетіп, елге жеңіспен оралған соң, бейбіт өмірдегі еңбек жылдарын қолына қалам алып баспасөзге арнаған ағаларымыздың бір легі біздің облыстық газетте қызмет атқарды. Солардың бірі – 1912 жылы Әулиеата қаласында өмірге келген Әшірбай Есмұрзаев соғысқа дейін Қазақстан Жазушылар одағында, ұлы ақын Жамбылдың көмекшілерінің бірі болып қызмет атқарады. Әскери әуе-десант құрамасы қатарында соғысқа қатысты. 1945 жылы елге оралып, облыстық «Сталин жолы» газетінде, кейіннен «Еңбек туы» газетінің қабырғасында ұзақ жыл журналист болып тер төкті. 1899 жылы дүниеге келген Мадазим Мадибраимов соғысқа дейін Свердлов аудандық «Колхозшы» газетінде хатшы, редактор болып қызмет атқарған. 1942 жылы майданға аттанып, елге жеңіспен оралып, 1968 жылға дейін газетімізде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып 20 жылдан аса қызмет атқарған. І-ІІ дәрежелі Отан соғысы, ІІІ дәрежелі Даңқ, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. 1925 жылы Свердлов ауданы, «Қызыл Дихан» колхозында өмірге келген Рахмет Омаров 1943 жылы әскерге шақырылып, Мәскеуді, Ленинградты қорғау шайқастарына қатысқан. Облыстық «Еңбек туы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, кейіннен облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Тарих ғылымдарының кандидаты, бірнеше майдан наградаларымен марапатталған еді. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Әкпарбек Доспанбетов алғашқыда аудандық, кейіннен облыстық «Еңбек туы» газетінің қабырғасында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, құрметті демалысқа шықты. Халқымыздың ата-тек шежіресінен, салт-дәстүрінен мол хабардар қазыналы қария артына құнды дүниелер қалдырды. 1925 жылы Талас ауданы, Қызыл Октябрь ауылында дүние есігін ашқан Смет Ағысов 1942 жылдан 1945 жылға дейін қан майданда қолына қару алып, Отанды қорғады. 1952 жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдап, біздің газетімізде хат-хабар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Кейіннен Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінде тер төгіп, осында құрмет демалысына шықты. Баспасөздің тағы бір тарланы Райхан Сапабеков майданнан оралған соң, бірер жыл «Еңбек туында» еңбек етіп, кейіннен радиода еңбек жолын жалғастырды. Қан майданда от кешкен майдангер аталарымыздың бірі – Исраил Керімбаев күні кешеге дейін арамызда жүрді. Соғысқа дейін Меркі, Луговой аудандық газеттерінде қызмет істеген ол 1941 жылдың желтоқсан айында майданға шақырылды. Сталинград шайқасына, 4-Украина, 3-Белоруссия, 2-Балтық бойы майдандарында Ростов қаласын, Қырымды, Белоруссияны, Латвия, Литва, Эстонияны азат етуге, жау бекінісі Кенингсберг қаласын алу шайқастарына қатысты. Майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін І-ІІ дәрежелі Отан соғысы, ІІ-ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен наградталған. Соғыстан кейін облыстық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. 1981 жылы республикалық мәндегі дербес зейнеткерлікке шықты. Тараз қаласының Құрметті азаматы. Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан еді. Ел басына күн туғанда етігімен қан кешіп, бейбіт өмірде қолына қалам алып ел игілігі жолында тер төккен аталарымыздың ерлік ісі қашанда қастерлі. Олардың қай-қайсысы болмасын артына кейінгі ұрпақ үлгі-өнеге етіп жүрер өнегелі іс қалдырды.

Ұқсас жаңалықтар