АРЫСТАНДЫДАҒЫ КҮРДІЛЕР

АРЫСТАНДЫДАҒЫ КҮРДІЛЕР
ашық дереккөз
АРЫСТАНДЫДАҒЫ КҮРДІЛЕР

Ә. Бүркітбаев, Арыстанды, Үшбас және Қаратас ауылдары Түркістан ауылдық округіне қарайды. Көсегенің көк жонындағы құйқалы өлкеге қоныс тепкен түркістандықтар қазыналы Қаратаудың күнгейі мен теріскейін қоныс еткен. Содан болар теріскейдегілерге қарағанда күнгей беттегі Арыстанды ауылында күн ертерек жылына бастайды. Сондықтан бұл жақта егіс алқаптарына түрен он күн бұрын түседі. «Алайда Арыстандыда Қарабастың желі шаруаға қолбайлау болады», – дейді ауылдық округ әкімі Дүйсен Борсықов. Арыстанды-ауылыӘрбір жер атауының өзінің тарихы бар. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсеткендей, өлкеңнің тарихын білу –азаматтың парызы. Арыстанды – осы елді мекеннің тарихи атауы. Кеңестік кезеңде бұл ауыл Буденный деп аталған. Кеңес одағының алғашқы маршалдарының бірі – Буденный соғыстан соң Түркістан ауылына келген деседі мұндағы жұрт. – Түркістан ауылдық округінде 6 ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, – дейді әкім, – соның ішінде қазақтан кейінгі саны басым күрді ағайындар, олардың жалпы саны 300-ден асады. Айтса-айтқандай-ақ, Арыстандының тұрғындарының 90 пайызын күрділер құрайды. Олар «бұл ауыл – біздің ата мекеніміз» дейді. – 1937 жылы Әзербайжаннан Қазақстанға жер аударылып келгенде мен әлі бала едім. Сонда да қазақтың бізді жатсынбай бауырларына басқаны көз алдымда сурет болып сақталып қалыпты, – дейді ауылдың ең қарт тұрғындарының бірі Вали Ахметов. Ауылдағы қадірменді азаматтардың бірі Мәжит Махамбетовтің жасы 66-да екен. Мәжиттің әкесі күлпаршасы шығып сынған сүйектің өзін қайта құрастырып салатын сынықшы болыпты. Ол қасиеті ұлына қонған, бүгінде оның сынықшылығын білетіндер Жаңатас, Тараз, тіпті Алматыдан іздеп келеді екен. Жалпы, Арыстанды – аймақтағы бақуатты елді мекеннің бірі. Ауылдағы 52 отбасының 46-сы күрділер. Ауылда мемлекеттік тілде білім беретін бір орта мектеп, Мәдениет үйі, кітапхана, медициналық пункт бар. Бізбен жолыққан мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Күлхан Ибраимова білім ошағында кадр тапшылығы сезілмегенмен, компьютердің жеткіліксіз екенін айтып қалды. Интерактивті тақта жоқ, бірқатар пәндік кабинеттердің материалдық жабдықталуы төмен болғандықтан, зертханалық жұмыс жасау қиын соғатын сыңайлы. Мектеп директоры Хамит Исмаилов күрді этномәдени орталығының жетекшісі екен. Мектепте сабақ қазақ тілінде өткенімен, күрді ұлтының балаларына өз ана тілдері де қоса оқытылады дейді. Біз мектептің іргесінен бой көтерген жаңа спорт залда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен таныстық. Нысанның мердігері – «Нұрбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылысқа 90 миллион теңге бөлініпті. Спорт зал тамыз айында толық пайдалануға беріледі деп жоспарланған көрінеді. Алдағы уақытта ауылды қақ жарып ағатын өзеннің жоғары жағындағы ойпаттың қылтасынан бөгет салынатын болыпты. «Бөгет салса, бақша салып, жеміс-жидек, көкөністі өсіріп, базарға шығарамыз», деп қуанып отыр арыстандықтар. «Кешегі кеңестік кезеңде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мән берілгенімен, көп мәселенің шешімі табылмайтын. Ал еркін еңбек, өз қабілетіңді көрсетуге мүмкіндік бізге тәуелсіздік алғаннан кейін берілді», – дейді күрділер. Иә, ел тәуелсіздігінің жемісін көріп отырған арыстандықтардың Елбасына айтар алғысы шексіз. Сондықтан рухани жаңғыруға бастаған Ұлт Көшбасшысының бастамаларын жүзеге асыруға дайынбыз деседі олар.

Арыстанды ауылы, Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар