«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Судан келетін қауіп сейілді

Судан келетін  қауіп сейілді
ашық дереккөз
Судан келетін қауіп сейілді

Бірақ Талас, Сарысу аудандарындағы су қоймалары мен айдындарының жағалаулары нығайтылуда

Ақпан айында  жауған қалың қар мен нөсер жауын және сәуірде күннің күрт жылынуы ақ қар,  көк  мұздың еруін жылдамдатып, таулар мен қыраттардан ойпаңға қарай жамырай аққан су өзен, көл, су қоймаларын айналасы екі апта ішінде лық толтырып, елді мекендердегі жұртшылықты әбігерге салды.

Тіпті, кей жерлерде өзендер арнасынан асып, тас жолдарды шайып кете жаздағаны бар. Облыс, аудан басшылары шұғыл шешім қабылдап, жұртшылықты су тасқынының алдын алу ісіне жұмылдыруының арқасында қауіптің беті қайтты. DSC_0077 DSC_0008 20170425_111033 20170425_110839Талас ауданындағы Үшарал ауылына барар тұстағы Аса өзенінің арнасынан асып, көл табанды толтырып, тасқын судың тас жолды жыра аққан тұсы айналасы екі тәулік ішінде қалпына келтіріліп, жол қатынасы реттелді. Ал сыйымдылығы 265 миллион текше метр суға есептелінген Ақкөл көлінде қазір 235 миллион текше метр су жиналған. Бөгеннен сыртқа су дер кезінде жіберілмегенде елді мекенге қауіп төндіретіні де айдан анық еді. – Облыс, аудан басшыларына рахмет, – дейді «Талас-таза су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Мұрат Несіпбай, – «Қазфосфат» ЖШС-на қарасты кәсіпорындардан қуатты техникалар жеткізіліп, бөгет биіктетілді. «Қаратау-Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқали Сәрсеновтің айтуына қарағанда, 5 «БелАЗ» және «КамАЗ» ауыр жүк көліктері мен түрлі мекемелер экскаваторларының көмегімен бөгетті нығайту үшін 160 мың тонна қиыршық тас әкелініп, төгілген. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. 5-6 метрлік бөгеттің енін 10-12 метрге жеткізу көзделінуде. – Ақкөл көлінің бөгетінен өзен арнасы мен каналдарға секундына 130 текше метр су жіберілуде, – дейді Мұрат Несіпбай. Тасқынның алдын алу жұмыстарына байланысты күні кеше ғана канал бойындағы үйлердің тұрғындарымен жеке-жеке әңгіме өткізіліп, оларды сақтық шараларын жасауға жұмылдырды. – «Құдай сақтанғанды сақтайды» демекші, жеке үйлерді тасқын судан сақтау үшін қосымша күштер тартып, канал жағалауларын да құм салынған қаптармен бекемдеуге кірістік, – дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Дадабаев. – Бұл жұмысқа елді мекендерден де адамдар келіп көмек қолын созуда. «Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» болады ғой, дер кезіңде көмекке келген аудандық «Игілік» көпсалалы мемлекеттік кәсіпорнының (директоры Рашид Сейдалиев) жұмысшыларының еңбегіне дән ризамыз. Аудан әкімінің орынбасарының айтуына қарағанда, Ақкөл су бөгені әзірге ауылға қауіп төндіре қоймайды. Үрейленетіндей де дәнеңе жоқ. Жалпы, ауданда су қоймаларын сақтап, әсіресе бөгеттер мен су реттегіш құрылғыларды қалпына келтіру өз жемісін беріп отыр. Мысалы, ауданда 17 су қоймасы бар. Былтыр жергілікті халықтың тілегіне құлақ асқан аудан басшылығы істің ығытын тауып, Көшек ауылындағы Бөлекқызыл су қоймасының су реттегіш құралдарын жөндеп, бөгеттерін нығайтқан. Соның арқасында шамадан тыс су Арна маңына жіберіліп, ауылға судан келетін қауіп сейілді. Шәкіров ауылындағы Қазақпай су қоймасы да ретке келтірілді. Бірақ, соңғы кездері бұл қойма жұртшылықты әбігерге сала жаздаған. Абырой болғанда кемшілік дер кезінде түзетілген. Ал Қаратау қаласының іргесіндегі Тамды су қоймасының жай-күйі Тамды ауылының тұрғындарын алаңдатып жүрген. Өткен жылы аудан әкімі Б.Рысмендиев жұртшылықпен кездескенде бұл сауал тағы да алдан шықты. Аудан әкімінің тікелей қолдауымен су реттегіш құрылғыларын жөндеуге өткен жылы облыстық бюджеттен – 7,7 миллион, сметалық құжатын жасауға қосымша 3 миллион теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Ал биыл су қоймасының бөгеті мен су құрылғыларын қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 54,3 миллион теңге бөлінісімен, ауа райының қолайсыздығына қарамастан «Севолана» ЖШС жөндеу жұмыстарын бастап та кетіпті. – Алғашқыда Тамды өзенінен келген суды қоймаға жинамай, су құрылғыларын бетондап алғанбыз, сонымыз дұрыс болды – дейді осы жұмыстың басы-қасында жүрген Сламбек Тілегени. Бүгінгі таңда бөгеттер биіктетіліп, нығайтылуда. Су қоймасының салынғанына ғасырға жуықтаған. Содан бері қомақты қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жүріп жатқаны осы екен. Сыйымдылығы 2,14 миллион текше метрге есептелінген қоймада әзірге 0,85 миллион текше метр су бар, алайда, артық су өзен арқылы Билікөлге жіберілуде. – Бүгіндері су қоймасын қалпына келтіруге фирманың 1 экскаваторы мен 1 «КамАЗ» жүк көлігі және бірнеше адам пайдаланылуда, – дейді Тамды ауылының әкімі Саят Момбеков, – жұмыстың сапалы атқарылуы қатаң бақылауда. Жалпы, аудандағы су қоймаларын одан әрі жаңартып, әсіресе техникалық жағдайын күшейту аса қажет. Осы мақаланы дайындау барысында Сарысу ауданындағы су тасқыны жайында да білуге тырыстық. Аудан әкімі Балабек Нарбаевтың айтуына қарағанда, Талас өзенінің суы күрт көбейіп, Тоғызкент пен Досбол ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерге қауіп төне жаздаған. Алайда, шұғыл шара қолданудың арқасында жағдай тұрақтанып, қалпына түскен. Бізге мәлім болғаны, бөгеттердің бекемделу ісіне облыс, аудандардағы мекеме, кәсіпорындар қолұшын беруде. Сарысулықтар өткен жылдың күз, биылғы қыс айларында су тасқынына қарсы бөгеттер жасап, тынбай еңбек етіп жатқан Шолақтау тау-кен өңдеу кешені мен Жаңатас қаласындағы көріктендіру-көгеріштендіру мекемесінің жұмысшы-қызметкерлеріне алғыстарын жаудыруда. Алайда су – тілсіз жау, оның алдын алу жұмыстарын бір сәт те босаңсытуға болмайтындығы айтпаса да түсінікті. Биылғы су тасқыны кезінде тас жолдар да қатты жапа шеге жаздады. Мамандар қатқыл жол салынғанда жер ыңғайына қарап, су өткелектерін жасаудың ұмыт қала беретінін айтып дабыл қағуда. Қалай дегенде де, аудандарда билік пен бұқараның біріге іске кірісуінің арқасында, төтенше жағдай орын ала қоймады. Ең бастысы – осы.

Талас және Сарысу аудандары.

Ұқсас жаңалықтар