«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кісілік кілті – кітапта

Кісілік  кілті – кітапта
ашық дереккөз
Кісілік кілті – кітапта

Кітап оқығанның жан дүниесі байып, көкірек көзі ашылып, сана көкжиегі кеңейе түседі. Әсіресе, жас ұрпақтың танымын ұлғайту және сөздік қорын молайту мәселесінде кітаптың көмегіне көбірек жүгінгеніміз абзал. Ашығын айтайық, бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында көркем әдебиет оқуға деген қызығушылық деңгейі төмен. Бірен-саран оқитындардың бар екенін жоққа шығармаймыз, бірақ нақты шындық осы. Кітаппен достасу арқылы адамшылық сапа биігіне көтерілуге болатынына күмәнмен қарайтын кейбір жастың бар кереметті ғаламтордан табуға тырысатыны көңіл құлазытады. Осы кеселді мінезбен, кертартпалықпен беттесіп отырған бүгінгі жағдайдан қалай шығуға болады, қайтсек бүгінгі буынды кітап оқуға ұйыта аламыз? Мінеки, осындай санаға салмақ салып тұрған сауалға жауап табу мақсатында жуырда Сарыкемер гимназия-мектебінің мәжіліс залында «Ата-анамызбен бірге кітап оқимыз» тақырыбында конференция болып өтті. Ата-аналар, оқушылар, белгілі азаматтар мен ұстаздардың қатысуымен өткен «дөңгелек үстел» сипатындағы осы конференцияны ұйымдастырған аталмыш білім ордасының кітапхана қызметкерлері Жібек Ивжанова мен Гүлнұр Базарбекова іс-шараны қызықты жүргізді. Ұлт болып ұйысуымыздың шежіресі мен үлгі-ережесі, кісілік кілті кітапта екеніне нақты мысалдар келтірген Жібек Жамбылқызының кәсіби маманға лайық тұшымды пікірін Гүлнұр Ұланбекқызы да мазмұнды түрде жалғастырды. Ол Абай, Мұхтар бастаған қазақ әдебиеті алыптарының шығармаларын аға буын өкілдерінің қызығушылықпен оқып, түйсінуін тілге тиек етіп, жиналғандарды кітап оқу жөніндегі орамды оймен ортақтасуға шақырды. Кітап оқудың адам өміріндегі пайдасы туралы келелі кеңестің мазмұнын арттыруға өздерінің ұл-қызымен бірге көркем әдебиет оқитын Х.Размұратова, А.Еримова, Г.Құлахмед, Ә.Жұмашева, К.Ермеков, Қ.Базарбаев сынды тағы басқа ата-аналар ерекше белсенділікпен атсалысты. Ата-анасымен бірлесе кітап оқуды дағдыға айналдыра бастаған Б.Әбілсейтова, А.Жұбатханов, А.Нұратова, А.Бейсенов, А.Кеңшілік, М.Юсупов секілді 5, 6, 7-сынып оқушылары поэзия, проза жанрлары бойынша белгілі қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан үзінділерді жатқа оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Қасқырбай ДӘРІБАЙҰЛЫ. ақын, сазгер.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар