«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таңдау неге неміс маркасына түсті?

Таңдау неге неміс маркасына түсті?
ашық дереккөз
Таңдау неге неміс маркасына түсті?

өйткені «SolarWorldAG» компаниясы панельдерінің жұмыс істеу мерзімі 25 жылға есептелген

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы арқылы іске қосылған ірі нысанның бірі – «Бурное Солар-1» күн электр стансасы. Күннен қуат өндіретін құрылым қызметімен танысу мақсатында Жуалыға арнайы бардық. Станса 50 МВт энергия өндіру әлеуетіне ие. Жалпы аумағы 150 гектарды құрайды. Мұндай алып энергетикалық құрылым әлемде санаулы-ақ. Алдағы уақытта оның қуаттылығын 100 МВт-қа арттыру жоспарлануда екен. Бұл жоба нақты іс жүзіне асырылар болса, аталған станса баламалы энергия өндіретін үздік «жиырмалықтың» арасынан ойып тұрып орын алмақ. Жалпы, «Бурное Солар-1» өз жұмысын 2015 жылы бастаған болатын. Мұнда Германиядан арнайы жеткізілген көлемі 1,5 шаршы метрлік 192 мың күн панелі орнатылған. Станса басшысы Иван Забариннің айтуынша, таңдаудың неміс маркасына түсуінің өзіндік себебі де бар. «SolarWorldAG» компаниясы панельдерінің жұмыс істеу мерзімі 25 жылға есептелінген. Мұншалықты ұзақ мерзімге кез келген ел өнімдерінің жарай бермейтіні белгілі.

Bakilau Ivan-ZavarinҚұрылыс жұмыстарына жұмсалған қаражаттың жалпы сомасы 23 миллиард теңгені құрайды. Бұл мақсатқа «Самұрық-Қазына Инвест» пен ұлыбританиялық «United Green» компаниялары инвестиция салған. Сондай-ақ, заемдік жолмен де қаржы тартылыпты. Мекеме мамандарының айтуынша, станса жұмсалған шығынды 16 жылда толық өтеу мүмкіндігіне ие. Ашылғанына көп болмаса да, нысанның жұмыс істеу сапасы шетелдіктер тарапынан жоғары бағаланып отыр екен. Еуразиялық ұйымдастыру және даму банкі бұл жобаны Лондонда өткен мәртебелі жиында арнайы сыйлықпен марапаттаған.

Күн электр стансасы жұмысының өзіндік ерекшеліктері бар. 192 мың күн панелінен жиналған қуат 32 инверторлық стансаға беріледі. Мұндағы қуат орталық стансаға жалғанған. Электр қуаты бірден «KEGOC» АҚ торабына жөнелтіледі. Оны өткеру – «KEGOC»-тың құзыретінде. Айта кетерлігі, әзірге күннен алынған электр қуатының құны қымбаттау. «Оның себебі – жобаны жүзеге асыруға қыруар қаржы жұмсалғандығына байланысты болып тұр. Станса өз құнын өтегеннен бастап қуат құны арзандайтыны сөзсіз», – дейді жоба менеджері Павел Комнаревцев. 192 мың панельді бақылап отыру бір ғана компьютерге жүктелген. Осы арада жауапты мамандар бәрін көз алдарында ұстап отырады. Алда-жалда бір панельден ақау шықса, ол осындағы монитордан көрініс табады. Ондай жағдайда жөндеуші мамандар бұзылған панельді қайта қалпына келтіреді. Жалпы, нысанның құрылыс-құрастыру жұмыстарына кезінде 300-ге жуық жұмысшы күші жұмылдырылған болса, бүгінгі күні бар жұмысты 40-қа жуық адам сәтімен үйлестіріп отыр. Тек бір өкініштісі, күн электр стансасының өзіндік кемшіліктері де бар. Күн көзі көрінбей қалған, бұлтты күндері қуат өндіру 5 есеге дейін төмендеп кетеді екен. Мәселенің бәрі күн шуағына тікелей байланысты. Бір қызығы, қуат жинақтауға ауа райының ыстық-суықтығы әсер етпейді. Керісінше, жаздың аптап ыстығында күн панельдері қоңыр салқын кездегіге қарағанда қуатты аздау өндіреді. Сондықтан жобаны Жуалының тау етегінде жүзеге асыру жоспарланған. Қыста күн шығып тұрса, панельдер әдеттегідей қуат жинақтайды. Алайда, қыста күн қысқа болғандықтан, өндіретін өнім мөлшері азая түсетін көрінеді. Сондай-ақ, жауған қардың станса жұмысына келтіретін кедергісі шамалы. Қар қанша қалың жауса да, күн түскенде панель қызып, қарды ерітіп жібереді екен. Әр қатардың бір басынан екінші басына жүріп өту үшін кемінде 10 минут кетеді. Ал мұндай қатардың саны – 180. Осы орайда, қардың өздігінен еріп кетуі жұмысты жеңілдетеді. «Осы кемшіліктерді ескере келе электр қуатын жинақтап тұратын аккумулятор сатып алу туралы ойлаған едік. Әр панельге жеке-жеке аккумулятор керек. Бірақ, олардың бәрін сатып алсақ, қазіргі станса құнымен бірдей болады екен. Ондай аккумуляторлардың қызмет көрсету мерзімі – 15 жыл. Яғни, сол мерзімнен кейін станса салуға жұмсаған қаржыны қайта құюға тура келер еді. Сондай-ақ, аккумулятор пайдаланғанда кететін электр шығыны көбейіп кетеді. Осыларды ескере келе, қазіргі күйінде қалдыруды жөн көрдік», – дейді Иван Забарин. Станса қуаттылығын арттыру мақсатында «Бурное Солар -2» жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Айта кетерлігі, жобаның осы екінші кезеңінде күн панельдері ЭКСПО-2017 жазуы үлгісінде қойылмақ.

Абай Асанкелдіұлы, журналист. Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар