Облыстық «Ақ жол» газетінің 2017 жылғы 6 сәуірдегі №37 санында жарияланған «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» атты мақалаға байланысты мына төмендегі жайларды баяндаймыз. Жалпы аудан бойынша 2016 жылы аусыл ауруына қарсы вакциналар 73 500 бас мүйізді ірі қараға, 865 500 бас қой-ешкіге – үлкен малға 2, төлдерге 3 мәрте егіліп, ауыл шаруашылығы жануарларында иммунитет қалыптастырылды. Кейінгі 5 жылда аудан бойынша аса қауіпті жұқпалы аусыл ауруы тіркелмеген. Алайда, кейбір ауылдағы мал егелері мал ұстау, өсіру мәдениетін дұрыс қалыптастырмай немқұрайлылықпен қарап, бүгін бордақылаймыз, ертең оны сатып жібереміз деген ұғыммен уақтылы егу жұмыстарын естен шығарып алады. Мұның соңы ветеринариялық шаралардың дер кезінде жүргізілмеуіне әкеліп соғады. Ал уақтысында аса қауіпті ауруларға қарсы егілмеген ауыл шаруашылық жануарлары сол ауруларға бейім болып тұратыны анық. Мақалада айтылғандай, Шу ауданы, Өндіріс ауылдық округінің тұрғыны Аят Карбозовтың 1 бас ірі қара малы аусыл ауруынан емес, мал ұстау мәдениеті қалыптастырылмай, мал азығының құнарлығының төмен болуының себебінен көтерем болып өлген. Ал қалған 7 басы сол кезде барып, зерделеу жұмыстарын жүргізген ветеринар мамандарының қорытындысы бойынша «стоматит» ауруына шалдыққаны байқалған (аурудың диагнозы ветеринариялық зертхана биосынаманы тексергеннен кейін нақтыланады). Журналист мал маманы болмағандықтан, ауыл тұрғындарының айтқанын жеткізген. Сонымен қатар, сол ауылдың тұрғыны Зайыр Молдабековтің малы аусыл ауруынан өлді дегені де шындыққа жанаспайды. Себебі, ол азамат барлығы 37 бас бұзауды үстіміздегі жылдың ақпан айының аяғында сатып алған және оларды өсіріп, бағу кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай дұрыс азықтандырмаған. Соның салдарынан 9 бұзауы шығынға ұшырап отыр. Мал иесі оларды сатып алғаны туралы жергілікті ветеринар мамандарына хабар бермеген. Қазіргі таңда Өндіріс ауылдық округіне қарасты Абай ауылында эпизоотиялық ахуал тұрақты, жыл басынан әр түлікке жоспарланған аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы қан сынамалары алынып, егу жұмыстары уақтылы ай сайын жүргізілуде. Ал «лимфангит» мәселесіне келсек, бұл ауру адамдарға жұқпайды. Тек жылқылар, есектер, қашырлар ғана ауырады. Аудан бойынша жылқының бұл індеті ең алғаш Балуан Шолақ ауылдық округі аумағында 2014 жылдың ақпан айында тіркелген. Аудандық аумақтық ветеринариялық инспекциясының сол жылғы ұсынысы негізінде ауыл әкімінің шешімімен карантин іс-шаралары енгізілген. Эпизоотиялық лимфангитпен ауыратын жануарларды қан шықпайтын әдіспен жояды. Өлекселері терісімен қоса өртеледі. Бүгінгі күнге осы қағида бойынша ауру мал жойылып келеді. Себебі, ауру жылқылар емделмейді. Жойылған мал иелеріне заң талаптарын сақтаған жағдайда өтем ақысы төленіп беріледі. Аудан көлемінде осы індет тіркелген округтерде аурудың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында ағарту-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Орталық мал базарында тиісті ветеринариялық қызметтер мамандары күшімен 4 рет клиникалық тексерулер жүзеге асырылды. Бұл мәселе күнделікті бақылауда ұсталынып отыр.
Әлихан БАЛҚЫБЕКОВ, аудан әкімінің орынбасары.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді