Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған...
Ұшса құстың қанаты талатын байтақ даламыз, еліміз шүкір, жыл өткен сайын өркениет көшінен қалмай, өркендеп келеді. Жылдар жылыстаған сайын еліміздің дамуына тоқмейілсігенімізбен, қоғамда жүрекке жүк артатын мәселелер азаяр емес. Бұл бәлкім сананы тұрмыс билеген нарықтық экономика заңдылығы шығар... Әлде... Қалай десек те, бойында жастықтың оты жалындап тұрған бұрымдыларымыз бұрынғылардың тәлім-тәрбиесін қаперінен шығарып, ойнақтап жүріп от басып жатады. Шалалыққа толы балалық соңы желіккен желөкпелікке ұласып жатса, одан асқан қасірет бар ма? Тоқшылықтың қадірін жоқшылықта сезетініміз секілді албырт сезім арбауына түсіп, енді бойжеткен шағында бала көтеріп, құрсағын жарып шыққан тұла бойы тұңғышын көшеге тастап немесе сәбилер үйіне өткізіп жатқан безбүйректердің әрекетін естігенде, өзекті өкініш оты өртейді. Жаутаңдаған жанарлар ата-ананың ыстық құшағында емес, үкіметтің тас қабырғадан қаланған үйлерінде тәрбиеленіп жатыр. Тамақтары тоқ, көйлектері көк. Бірақ жұдырықтай сәбидің жетім жүрегі жаралы. Ертеңгі тағдыры беймәлім. Тамырынан нәр берер ағаш діңі – ата-ана қаныпезер, өз сәбиінен өзі жеріп, түк болмағандай өмір сүруде. Жігітте қарындасқа обал болмасын деген сезім, ұрпағы алдындағы жауапкершілік жоқ, не өз құрсағынан шыққан бала тағдырын ойыншық еткен ессіз қызда түйсік жоқ.
Анасының емес, «Аналар үйін» мекендегендер
Жастықпен ойланбай қателік құрбаны атанып жатқан қыздарымыз баршылық. Өз отбасына, өз үйіне сия алмаған қыздарымызды белгілі кәсіпкерлер «Ана үйі» қоғамдық қорын ашып, қамқорлығына алып отыр. Кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың ұйымдастыруымен 2013 жылдың сәуір айында құрылған бұл жоба аясында бүгінде республикамыздың 18 өңірінде 26 «Ана үйі» қоғамдық қоры жұмыс жасауда. Мұнда аналарды жүктіліктің 6 айынан бастап қабылдап, бала 1,5 жасқа келгенше баспана, ыстық тамақ, дәрі-дәрмек, киіммен толықтай тегін қамтамасыз етеді және заңгер мен психологтар көмек көрсетеді. 2014 жылдан бері Таразда да осындай екі орталық жұмыс істеп келеді. Екі үйде 21 ана мен 19 бала тұрып жатқан көрінеді. «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Нұрсұлу Дайрабаеваның айтуынша, осы уақыт ішінде 120-ға жуық ана осында келген. – Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік жетімдіктің алдын алу. Тағдыр тәлкегіне түскен бала мен анаға қолдау көрсетіп, аяққа нық тұрып кетуіне мүмкіндік тудыруға тырысамыз. Бұндай үйлерді Қазақстанда көбірек ашып, бүлдіршіндердің анасымен болуына жағдай жасалса, «жетімдер үйі» азаяр еді. Мұндағы қыздардың тағдыры әртүрлі. Бірі әке-шешесінің кешірмеуі салдарынан барар жер, басар тауы қалмай келсе, енді бірі өз қылығынан қысылып, жасырын тұрып жатыр. Өмір бар жерде қателік бар. Қазір бізге тігін мәшинесі жеткізілді. Қыздарға тігіншілікті үйрету мақсатында арнайы тігінші жалдадық. Кейін олар жұмыс киімдерін тігіп, ақша табады. Бұл мерзім аяқталған соң, біз оларды далаға қуып шықпаймыз. Жоба аясында осы уақыт ішінде аналарға жатақхана сияқты белгілі бір орын іздестіреміз, жұмыс та қарастырамыз, балаларын балабақшаға орналастыру жағын да қолға аламыз. Ал егер жас аналар студент болса, оқуларын жалғастыруға мүмкіндік береміз. «Ана үйінен» шығып кетсе де, біз олармен байланысты үзбейміз. Кейбірімен телефонмен тілдесіп, басқаларымен әлеуметтік желілерде хат-хабар алмасып тұрамыз. Олардың қайсыбірі осы жерді сағынғандықтарын, тіпті қайтып келгісі келетіндіктерін де айтады. Әрине біз жақын адамдарының орнын баса алмаймыз, бірақ біршама уақыт жанында болып, сәбиімен жалғыз қалған қиын кезеңде қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз, – деді Нұрсұлу Ауданбайқызы. Қалалық жұмыспен қамту орталығының келісімшарты бойынша бұл аналардың ешқандай мамандығы болмаса, оларды тегін оқытып, қолдау көрсетіп, жұмысқа орналастыру мүмкіндігі де қарастырылғанын ескерсек, мұндағы балғындардың болашағының күңгірт еместігіне сенгендей болдық.
Тәлкекке түскен тағдырлар
Сыртынан қарасаң бір байдың үйі екен дейсің. Екі қабатты зәулім үй биік дуалмен қоршалып, аулаға тас төселген. Жалпы, үйдің іші-сыртына бейнебақылау құрылғылары орнатылған. Нысана 24 сағат бойы күзетіледі. Мұнда үйлестірушінің кабинеті мен тігін шеберханасы және аналарға арналған бөлмелер қарастырылған. Әр бөлмеде 3-4 жас ана сәбилерімен тұрады екен. Сонымен қатар, үйлестірушіден бөлек, мұнда мейірбике, психолог, тігін шебері және шаруашылық меңгерушісі таңертеңнен кешке дейін еңбек етеді. Сол сияқты ас үйге де барлық қажетті жабдықтар қойылған. Жалпы, мұндағы жас аналарға барлық жағдай қарастырылған. Тек жас аналар бөпелеріне жақсылап қараса болғаны. Ал егер балаларына дұрыс қарамай, шылым шегіп, ішімдікке әуестеніп, жеңіл жүріске бой алдырып, тәртіпке бағынбаса, оларға қатаң жаза қолданылады. Яғни, бұл жерден шығарылып, «Ана үйінің» босағасын екінші қайтара аттай алмайды. Мұнда келген қыздардың тағдыры сан түрлі. Бірін сүйіктісі алдап кетсе, екіншісі «сенгенімнің әйелі бар болып шықты» деп көз жасын төгеді, енді бірі құлдықта болған, келесісі күйеуінің теперішінен қашып пана сұрап келгендер. – Мен анамнан жастай айырылдым. Әкемнің басқа отбасы бар. Өзім талма ауруымен ауырамын. Тұрмыс құрмас бұрын күйеуіммен 1,5 жылдай араласып жақсы дос болдық. Ол кездері ол мүлдем басқа адам еді. Менің ауыратынымды білетін. Дәрілерін алып, мереке сайын сыйлық жасап, мені қуантуға әрдайым дайын тұратын. Осындай жақсы адам жолықтырғаныма қуанып, Аллаға разылығымды айтып жүруші едім. 2015 жылы шаңырақ көтердік. 2-3 ай өтер өтпестен таяқтың астына ала бастады. Мүлдем басқа адам болып шыға келді. Өз жұбайымды танымай қалдым. Жүктілігіме 3 ай болғаннан бастап, ұр-тоқпақтың көкесін көрсетті. Тепкілеп, ұрып тастайтыны сондай, ауруханаға талай мәрте жатып шықтым. Күйеуімнен көрген қорлығым аздай, оған қайын атам қосылды. Араққа тойып алып, зорламақ та болды. Жолдасыма айтсам өзімді сабай жөнелетін. Ілгеріде интернеттен «Ана үйі» ашылды дегенді естіп, көріп жүретінмін. Тұңғышымды босанғаннан кейін осында қашып келуіме тура келді. Бұл үйде тұрып жатқанымды жолдасым біліп, іздеп келіп, екі рет кері алып кеткен. «Енді бәрі жақсы болады, ішпеймін, ұрмаймын» деп уәдесін үйіп-төкті. Бірақ, өзгеріс болмады. Мұнда қайта келгенде көкала қойдай болып келетінмін. Қазір екі балам бар. Бірінші ұлымның денсаулығы жақсырақ, екіншімнің жағдайы қиын. Жүктілігіме 6 ай болғанда дәрігерлер ауру болып туылады, түсік жасату керек деген болатын. Ішімде қимылдап жатқан тірі жанды өлімге қимадым. Өзімнің сырқатым мен күйеуімнің таяғының зардабын енді балам тартып жатыр, – деп егілді 25 жасар бойжеткен бастан өткен қиындықтарды жайып салып. Иә, өз өмірбаяны жазылған ғұмырлық дәптерінің ақ парағына дақ түсіріп алып, беймезгіл уақыттың уысында шерменде күй кешкен қыз бала онсыз да – күйреуік. Осындай ойсыз қадамнан қаншама құрсақтағы шикіөкпе жарық дүниенің есігін ашпай жатып о дүниелік болса, тағы біразы тірі жетімге айналып, перзентханадан кейінгі ғұмырын балалар үйінің қабырғасында өткізіп жатыр. Бұған енді «Ана үйі» қосылды. Бұл қазіргі қоғамның дерті, жазылмас жарасы. Исі қазақта оң босағада отырып бала тапқан қызы бар шаңырақ елдің өсегіне ілігетіні анық. Дегенмен, «енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» демекші, әр бала ананың бауырында өскені дұрыс шығар. Болары болып, бояуы сіңген тағдыр тақтасындағы жазу өзгермейді. Тек тірі жетімнің көз жасы мен бейкүнә сәбидің күлкісі жанарды жасқа шылайды...
Фариза АЙТБЕК, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді