Әуесқой бокстан Азия чемпионаты 30 сәуір мен 7 мамыр аралығында Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өтетіні белгілі. Ұлттық құраманың сары құрлық додасында бақ сынайтын саңлақтары кімдер? Таяуда ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов құрлық біріншілігіне қатысатын спортшылардың есімін жариялады. 49 келі салмақ дәрежесінде ел намысын Оңтүстік Қазақстан облысының жампозы Жомарт Ержан қорғаса, 52 келі салмақ дәрежесінде Маңғыстау облысының атынан шаршы алаңға шығып жүрген Азамат Исақұлов сынға түспек. 56 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының қола жүлдегері, оңтүстікқазақстандық Қайрат Ералиев жарыс жолына шығады. 60 келі салмақта Мырзағали Айтжанов шығысқазақстандық Әділет Құрметовке сенім артса, 64 келі салмақ дәрежесінде оңтүстікқазақстандық Бекдәулет Ибрагимов рингке шықса, 69 келі салмақта қарағандылық Абылайхан Жүсіпов күш сынасады. Ал, 75 келі салмақ дәрежесінде жамбылдық жампоз, ұлттық құрамадағы ең жас боксшының бірі – Әбілхан Аманқұл Азия біріншілігінде бақ сынамақ. 81 келіде маңғыстаулық боксшы Ерік Әлжанов рингке көтерілсе, 91 келіде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, қостанайлық Василий Левит, 91 келіден жоғары салмақта қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев жүлдеге таласады. Ташкентте өтетін Азия біріншілігінде құрлықтағы басты қарсыластарымыз саналатын Өзбекстан құрамасы қалайда жалпыкомандалық есепте жеңіске жетуді көздеп отыр. Мамандар құрлық біріншілігінде Василий Левит пен Қайрат Ералиевке сенім артатын секілді. Одан өзге қай боксшыларымыз алтынға таласуы ықтимал? Әрине, әр боксшымыздан, сондай-ақ, жерлесіміз Аманқұл Әбілханнан жеңіс күтетініміз сөзсіз. Жамбылдық боксшы соңғы қатысқан додаларда жеңіс тұғырынан көрініп жүргенін, сондай-ақ, атақты өзбек боксшысы Бектемір Меликузиевтің 81 келі салмаққа ауысқанын ескерсек, Аманқұлдың жасындай жарқырайтын сәті осы екені анық. Ендеше, сайыпқырандарымызға сәттілік тілейміз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




