Жуалы ауданының наубайханашылары көпшіліктің көңілінен шығуда
Аудан тұрғындарының нан өнімдеріне деген күнделікті сұранысын бүгінде бес шағын наубайхана мен бірнеше цех жеткілікті көлемде қамтамасыз етіп отыр. Оның сыртында cауда нүктелеріне Тараз қаласынан жеткізілетін түрлі нан өнімдері де бар. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мәліметіне қарағанда, аудан наубайханаларының технологиялық жарақтандырылуы мен өндіріс қуаттары да әртүрлі деңгейде. Мәселен, жеке кәсіпкер Жанна Құрмашеваның нан пісіру цехында бір ғана наубайшы «ФТЛ-2» маркалы, ал қалғандары қолдан жасалынған темір пештерді пайдалануда. Соған қарамастан, нан пісірушілер аудан орталығы мен елді мекендер тұрғындарының, мектептер мен балабақшалардың, басқа да мекемелердің нан өнімдеріне деген сұранысы қанағаттандырылып отыр. Олар нан өнімдерін күнбе-күнгі тапсырыс көлемінде ғана өндіріп, орталық базардағы сауда қатарларына, азық-түлік дүкендері мен мекемелерге арнайы көлікпен тасымалдап, жеткізіп те береді. Қысқасы, нан пісіру саласы нарығында бос қалған кеңістікті игеруге жергілікті кәсіпкерлер құлшына кіріскен. Қиындығы мен жауапкершілігі мол осынау істің көшбасшылары қатарында Доғдырбек Бақыбековтің де есімі аталады. Ілкімді кәсіпкердің нан пісірумен айналысып жүргеніне 20 жылға жуықтапты. Наубайшының өз ісін бастап, кәсібін аяққа тұрғызуы оңайға түсе қоймаған. Тоқсаныншы жылдардың ортасында Қаратаудағы тау-кен кәсіпорындарының бірінен кейін бірінің шаруасы шатқаяқтап, жұмысшылары айлап-жылдап жалақы алмайтын ауыр кезеңге тап болғаны есте. Солардың қатарындағы Д. Бақыбековтің де отбасының күнкөрісі күннен-күнге қиындай түседі. Осы бір сын сәтінде ол көп ойланбастан бала-шағасымен кенді қаладан Жуалы ауданына қоныс аударған. Әуелі базар жағалап, халық тұтынатын тауарлар сатумен айналысып жүреді.
Дегенмен, нан пісіріп, сатуға байланысты шешімге келуі де тосын болды. Сыры беймәлімдеу іске кірісу тәуекел мен мол ерік-жігерді де қажет ететіні белгілі. Әуелі нарықтағы жағдаятты мұқият зерделеп те алады. Қабырғасымен кеңесе келе, жоқтан бар жасап, жұмысты бастауға тәуекел еткен. Қолында бар азын-аулақ қаражатын үнемдеп жұмсап, шеберлерге 20-30 бөлкеге шақталған шағын пеш соқтырады.
Оның аталмыш кәсіпкерлікке келуі осылай басталған. Еңбегі еш болмай, өндіріс қуаты ай санап емес, күн санап арта түседі. Аз уақыт ішінде ол шағын пешін орталау 50-70, бертінде 80-120 бөлкелік пешке ауыстырып үлгерген. Ал бүгінде шағын цех тәулігіне 1000 бөлкеге дейін шығарады. Мұнда жұмыс ырғағы күнімен-түнімен бір тынбайды. 7-8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер жалға алған ғимаратқа орналасқан цехта ескі болса да жарамды жұмыс жабдықтары жеткілікті. Нан пісіру технологиясын цехтың ішкі, сыртқы тазалығын наубайшының өзі қатаң қадағалайды. Көлемі орташа қамыр араластырғышқа ұсақ көзді електен өткізілген ұн, тұз, су және ашытқы қосылып, араластырылады. Ұсақ көзді елек ұнға сырттан бөгде заттың түсіп кетуін болдырмайды. Бұлғағышпен әбден араласып, деңгейіне жеткізілген қамыр ашытуға қойылады. Ашыған қамыр қолмен мөлшерленіп үзіліп, ұзын үстелдің үстіне жағалай орналасқан қалыптарға салынады. Қалыпта тұрып, көтерілген қамыр бұдан әрі 300-400 градусқа дейін қыздырылған пешке түсіріледі. Пештен шыққан нан бөлме температурасында суытылып, дайын өнім тұтынушыларға арнайы жабдықталған көлікпен жеткізіліп, өткеріледі. Шикізат мәселесінде де еш кедергі жоқ. Серіктес фирма солтүстік өңірдің бидайының жақсы сұрыптарынан өндірілген ұнды келісімшартпен Тараздан жеткізіп беріп отыр. Қазір де қоймада ұнның бір-бір жарым айға жететін қоры жинақтаулы тұр. Экологиялық тұрғыдан таза ашытқы Алматы ашытқы зауытынан тікелей жеткізіледі. Айтпақшы, кәсіпкер азамат бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де естен шығармайды. Ауданда өткізілетін түрлі шараларға да демеушілік көмегін көрсетеді. Орталық базар маңында орналасқан екі бірдей «Әлеуметтік нан» дүңгіршегінде нанды өзіндік құнымен өткеріп те отыр. Аудандық әкімдік тарапынан бұл наубайхананы қысы қатал өңірде болып тұратын төтенше жағдайлар кезінде, зардап шегушілерді нанмен жабдықтаушы етіп белгілеуі де көп жайды аңғартса керек-ті. Дегенмен, кәсіпкер ісінің керегесі кеңейтілуіне жеке ғимаратының жоқтығы қолбайлау болуда. Жеке меншігіне жер телімі берілсе, бөлек үй-жай салып, жаңа технологиялық желілер сатып алуды да ойлайды. Бұл ретте кәсіпкер мемлекет ұсынатын жеңілдікті несиеге үміт артып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020», басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, айналым қаражатын толықтыруға, «доха-нанды» өз брендіне айналдырып, сапасын жақсартуға, өнім түрін молайтуға да ниеттенуде. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, оның бұл ниет-тілегі ауыл кәсіпкерлеріне жасалып жатқан қамқорлықтар аясында алдағы уақытта нақты іске асып та қалатын шығар. Абылайхан СӘРСЕН, журналист.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді