«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Астана арландары» қытай еліне аттанды

«Астана арландары»  қытай еліне аттанды
ашық дереккөз
«Астана арландары» қытай еліне аттанды

Бүкіләлемдік бокс сериясының жетінші маусымында сәтті өнер көрсетіп жатқан «Астана арландары» командасы «С» тобының соңғы кездесуін Қытайдың Санья қаласында жергілікті «Қытай айдаһарлары» командасына қарсы өткізеді. 22 сәуірге жоспарланған шайқасқа қатысатын «Астана арландарының» құрамы анықталды. Соңғы кезеңнің нәтижесіне қарамастан, топтық кезеңнен шығып қойған қазақстандық команда бапкерлері қытайлық боксшыларға қарсы кездесуде де жеңіске жетуді көздеп отыр. Саньяда керілген шаршы рингте 52 келі салмақ дәрежесінде ел намысын Анвар Музапаров қорғаса, 60 келі салмақта Закир Сафиуллин рингке көтерілмек. 69 келі салмақ дәрежесінде жамбылдық жампоз Асланбек Шымбергенов кезекті жекпе-жегін өткізеді. Сондай-ақ, 81 келі салмақта «Астана арландары» сапынан Арман Рысбек жеңісті жорығын жалғастыруға күш салса, алыптар айқасында бапкер Нұрлан Ақүрпеков Олжас Бұқаевқа сенім артуды жөн деп тауыпты. Топтық кезең аяқталған соң ширек финалдық бәсекелер басталатыны белгілі. Қазірдің өзінде үздік сегіздікке жолдаманы алып қойған «Астана арландары» клубының жетекшілері қазақстандық команда ширек финалдық шайқасын Алматыда өткізетінін хабарлады. Ел намысын абыроймен қорғап жүрген қазақстандық команданың қарсыласы әзірге белгісіз. Дегенмен, 20 мамырға жоспарланған ширек финалдық жекпе-жекті «Астана арландары» «Алматы-Арена» спорт кешенінде өткізбек. Бүкіләлемдік бокс сериясының жаңа форматына сәйкес ширек финал мен жартылай финалға өткен ұжымдар түзде және өз алаңында қарсыластарымен күш сынасатынын айта кеткен жөн.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар