АҚШ-тың он алтыншы Президенті Авраам Линкольннің тылсымға толы өмірі ешкімді бейжай қалдырмаса керек. Саясат сахнасында айтулы орны бар, бүкіл құрама штаттарды билеген оның елестер мен өзге планеталықтарға, өлілер рухы мен вампирлерге сеніп, тіпті олармен «байланыс» орнатқанын көпшілік біле бермес. Өмірі мистикаға толы оның өлгеннен кейін де «Ақ үйді» кезіп жүрген елесі мен «қаралы отарбасы» жайлы аңыз әңгімелер жетерлік. Сонымен, әңгіме желісін Линкольннің спиритизм, яғни, өлген адамдармен тілдесу ғылымына қатты қызыққанынан бастасақ... Авраамның ұлы Уилли кенеттен өмірден өтіп, оның қазасына қатты қиналған оған әлдекім ұлының рухымен «тілдесуге» кеңес береді. Кейбір дереккөздерде, әсіресе тарихшылардың жазбаларында сол «әлдекімнің» Авраамның жары Мэри Тодд екені айтылады. Сөйтіп, ең алдымен өз ұлының рухымен тілдескен Линкольн кейіннен бұл ғылымды меңгергені соншалық, ол арнайы құрал-саймандарсыз-ақ өлі адамдармен еркін тілдесе алатын болған. Ал қаза табардан сәл бұрын ол өз шәкірттеріне спиритикалық тақтайдың арғы жағынан өлілермен тілдесетін болса, бірінші кезекте өзінің рухын шақыруға кеңес беріп, ол шақыруды жедел қабылдап, тез жететінін айтқан. Бүгінде көптеген медиумдар Авраам Линкольннің рухы шынында тез табылып, байланысқа шығатынын айтады. Досы Джошуа Ф. Спидке жазған хатында ол өзінің мистикаға қатты қызығатынын және оны беймәлім сыртқы күштер оған итермелеп тұратынын жазады. Тарихшылар Линкольннің медиумдармен көп байланысып, мистикаға сенуі әлем тарихындағы айтулы өзгеріс жасауына септігін тигізген. Атап айтқанда, сол заманда ушығып тұрған құл иеленушілікке соңғы нүкте қойып, оған тыйым салуды Линкольн рухтармен «кеңесіп» шешкен көрінеді. Сөйтіп, 1863 жылы АҚШ-та құл иеленушілікке қарсы алғашқы манифест жарияланады. Сол замандағы атақты медиумның бірі Кранстон Лори өзінің естеліктерінің бірінде Президенттің құл иеленуге түбегейлі қарсылық саясатын ұстанғанын және арнайы сеанс кезінде рухтармен осы мәселе төңірегінде көп сұхбаттасатынын жазады. Линкольннің бұл саясаты оның өліміне себепші болғанын да айта кету керек. 1865 жылдың 14 сәуірінде Джон Уилкс Бут Линкольнді Вашингтондағы Форд театрында желкесінен атып өлтіреді. Ал АҚШ-тың он алтыншы Президенті өзінің бұл өлімін де алдын ала екі рет ескертіп, арнайы тапсырмасын беріп кеткен екен. 1860 жылғы сайлауға аз ғана уақыт қалғанда ол өзінің айнадағы бейнесін көреді. Ол онда өлі адамдай сұп-сұр болып көрінеді де, оны анығырақ көрейін десе бейнесі мүлде жоғалып кетеді. Мэри Тодд мұны Авраамның екінші рет сайланып, бірақ оны көре алмай өліп кететініне жорамалдайды. Сондай-ақ, Линкольн өлерінен тура 10 күн бұрын түс көреді. Түсінде ол өз өлімін көріп, сол туралы күнделігінде жазып қалдырады. Күнделік күні бүгінге дейін музейде сақтаулы. Ол өлетін күні кешкісін қарамағындағы қызметкерлерге өзіне шабуыл жасалып, жалдамалы жансыздың қолынан қаза табатынын айтады. Сондай-ақ, оққағары У.Г.Крукке өзінің үш күннен бері ұйқысыз жүргенін және жақын арада өзіне оқ атылатынын айтады. Сол күні кеште Крук Линкольнге театрға бармай-ақ қоюға өтініш білдіреді. Бірақ Президент: «Тағдырдан бәрібір қашып құтыла алмайсың. Егер маңдайға өлім жазылып тұрса, онда өлуге тура келеді. Мен бүгін әйеліммен бірге театрға баруға уәде берген болатынмын. Ал әйелдерді алдауға мүлде болмайды» деп қалжыңдаған. Кейіннен Линкольннің бұл сөзі афоризмге айналып кетті. Сөйтіп ол Крукке күнделікті әдетінше «көріскенше» деудің орнына «кешір және қош бол» дейді. Оған театрда оқ атылып, көз жұмған соң, оның денесін қаралы пойыз АҚШ астанасынан Иллинойс штатындағы Спрингфилд қаласына жеткізеді. Халықпен қоштасу рәсімі ретінде бұл пойыз бірнеше қаланы айналып өтеді. Бір қызығы, бұл қаралы пойыз туралы да аңызға бергісіз әңгіме әлі де айтылады. Ол әңгімеге сүйенсек, жылда тура Линкольннің денесін алып өткен сәуір айының соңында елес пойыз жүріп өтеді. Оның вагондарының бірінде Президенттің денесі салынған қара табыт болса, өзгелерінде қаралы музыка ойнап, жоқтаған әскерилер орналасқан. Мұны жоққа шығаруға тырысып, әбден зерттеу жүргізген журналистер де тылсым құбылысқа таңғалып, арнайы мақалалар жазған. Бір қызығы, ол пойыз не суретке, не бейнеге түспейді екен. Бір анығы, пойыз жүріп өткен жолдардың бойында уақыт тура 5-7 минутқа кешігіп, сағат тілі тоқтап қалатын көрінеді. Сондай-ақ, күні бүгінге дейін АҚШ-тың «Ақ үйін» Авраамның елесі кезіп жүргендігі туралы айтқан адамдар таусылар емес. Ең алғашқы болып бұл жайында АҚШ-тың отызыншы Президенті Кальвин Кулидждің әйелі Грейс Кулидж айтқан. Одан кейін де ақын Карл Сэндберг, патшайым Вильгельмина Нидерландская, Элеонора Рузвельт, Президент Гарри Трумен, Президент болған Рональд Рейганның қызы Морин де Авраам Линкольннің елесін көргендерін айтқан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді