«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мәрзия Ибрагимова... 29 жаста

Мәрзия  Ибрагимова... 29 жаста
ашық дереккөз
Мәрзия Ибрагимова... 29 жаста

Еңбек ері атанып, елге танылған

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, журналист, публицист, облыстық мәслихаттың депутаты.

Атақты диқан, Социалистік Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимова сонау 1947 жылы түскен, яғни, ерен еңбегі үшін «Алтын жұлдызға» ие болған кездегі тарихи суретін 60 жылдан бері іздеп жүрген еді. «Алтын жұлдыз» алған жыл мен күнді уақыт өлшемі мен тарихи жағдаймен салыстырып қарасаң көл-көсір қуанышқа бөлеген деуден гөрі, бейнеті адам айтқысыз ауыр кәсіптің иесі күні-түні бел жазбай еткен еңбегінің зейнетін көрген бір сәті десек дұрыс болар. Тарихтан белгілі, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына жарамды ер-азаматтардың бірі қалмай аттанып, ал жас балалар мен әйелдер зауыт-фабрикаларда ересек кісілердің орнын басып, жанқиярлықпен еңбек етсе, қыр қазақтары мал бағып, егін салды. Олардың әр күні «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен өтті. Ешкім аянған жоқ. Ұлы Отан соғысы біздің батырлардың жеңісімен аяқталып, жұрт енді-енді есін жиған сәтте сол кездегі өкімет еңбек адамдарын мемлекеттік жоғары наградамен ерекше құрметтеу саясатын мықтап қолға алады. Солардың қатарында Жамбыл облысының көптеген диқандары мен малшылары да 1947 және 1948 жылдары Отанымызды өркендеуге қосқан зор үлесі үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды. Атап айтсақ, жамбылдық қызылша өсіруші әйелдер арасынан Сындыбала Оңғарбаева, Дариға Жантоқова және Мәрзия Ибрагимова еліміздің ең жоғары наградасын алды. Сол 1947 жылдан бері біздің батыр апаларымыз үнемі ел құрметіне бөленіп келеді. Олар жайында баспасөз бетінде үзбей жазылып, теледидардан хабарлар ұйымдастырылып, деректі фильмдер де түсірілгенін жақсы білеміз. Әрбір адам үшін өз өміріне өте қымбат сәтті еске салатын дүниелер болады. Мәрзия апай үшін ондай дүние – 1947 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған кезде кеудесіне тұңғыш рет «Алтын жұлдыз» тағып түскен фотосуреті екен. Қарт кісінің өткен күндерін еске түсіріп, қаз-қалпында айтуына қарағанда, үкімет фотографтары түсірген сурет әуелгіде өз қолында болған, сандықта сақталып келген, тек беріде Мәскеу, Алматыдан келген журналистер «қайтарып әкеп береміз» деп алып кеткен. Қызыл жұлдыз ауылындағы үйінің төрінде суретшілердің қолымен салынған сурет сол фотодан алынуы да мүмкін. Сол фото қазір қайда? Жауабын ешкім айта алмайды. Жергілікті мұрағатшылар да іздестіріп көрген, әйтсе де «қолды болған» фото табыла қоймады. Биыл жыл басында Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, Тараз мемлекеттік институтының ректоры Дәрия Қожамжарова және біз апайды мерекемен құттықтауға барғанбыз. Сонда асыл апамыз: «Үшеуің де танымал жандарсыңдар. Оған қоса облыстық мәслихаттың депутаты екенсіңдер. Сендерге аманатым бар. Менің 1947 жылы тарихи күні түскен суретімді тауып беріңдер!» деп өтініш айтқан еді. Шынымды айтсам, ол кісінің жоғалған фотосын қайдан табарымызды білмедік. Содан «Қайдан іздесек екен?» деп жүргенде, өткен сенбі күні Ш. Уәлиханов атындағы орталық кітапханаға бас сұғып, кілең ескі кітаптар сақталатын бөлімге барғанбыз. Ескі кітаптар дегеніміз ХХ ғасыр дәуірінде жарық көрген кітаптар. – Диқандар туралы кітап бар ма? – Бар. – Қызылша өсірушілер жайында жазылған кітаптар бар ма? – Бар болуы керек... Көп уақыт өтпей «Герой Социалистического труда» (по полеводству Казахской ССР) деген жинақ қолымызға тиді. Үміт сәулесі де жарқ ете қалды. Кітаптың сыртқы мұқабасы қызыл түстес. Апайдың іздеп жүрген кітабы осы болар, сірә. Мұқабасы ескірген, парақтары сарғайған, талай қолдан өткен бұл кітап 1950 жылы «Қазақстан мемлекеттік» баспасынан орыс тілінде шыққан. Еңбек Ері атағын алған адамдардың өмірбаяны жазылған, әрине, ортақ тәртіп бойынша суреттері қоса жарияланған. Әне, Сындыбала Оңғарбаева, міне, Дариға Жантоқова, ал мынау Мәрзия апайымыз... 1938 жылы колхозға мүше боп кіреді, 1942 жылы звено жетекшісі болады. Содан бастап әр жылдың жоспарын артығымен орындайды. Тіптен, 1947 жылы жоспардағы әр гектардан 220 центнердің орнына 822 центнерден қызылша жинаған. Адам таңғаларлық оқиға. Ол уақытта бәрі де қолымен атқарылатынын еске түсіріңіз. 1947 жылы Мәрзия апайға осындай жанқиярлық еңбегі үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріледі. Біз облыстық «Ақ жол» газетінің оқырмандарына ұсынып отырған бұл сурет сол жылы түсірілген жәдігер фотосуреттің тарихи мәні де осында. Егер сол заманда әрбір сөзге емес, әр әрпіне дейін үңіле қарайтын тәртіпті және баспа жұмыстарының дайындығына кемінде екі-үш жыл жұмсалатынын ескеретін болсақ, онда сөзсіз мұндай кітапқа ресми түсірілген фото пайдаланылады. Байыптап қарасаңыз, апай бұл суретте 29 жаста деп шамалауға болады. Тұңғыш ресми суреті де осы. Арада қанша жыл өтті... Бүгіндері ел мақтанышына айналған, жаратылысы ерекше, мінезге бай апайымыз ортамызда аман-есен жүріп жатыр, жасы биыл 99-ға келді. Еңбек Ерінің суреті табылып, апайдың өтінішін орындауға атсалысқан Мұқаш Ескендіров пен Дәрия Қожамжарова да қуанып жатыр. Бір суреттің тарихы міне, осылай болды. Жастық жалыны, әдемі келбеті, сүйкімді бейнесі... өткен өмір жолдың жарқын сәті, ол кісілер де жас болған.

Тараз қаласы.

 

Ұқсас жаңалықтар