«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тараздың» тасы өрге домалай бастады

«Тараздың» тасы өрге домалай бастады
ашық дереккөз
«Тараздың» тасы өрге домалай бастады

Футболдан Қазақстан премьер-лигасы қыза түсті. Төрт кезең бойы жеңістің дәмін татпаған «Тараз» Шымкенттің «Ордабасы» командасын ұтып, маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Тараз бен Шымкент арасы жақын болғандықтан әрі екі өңір командалары футболда нағыз бәсекелес саналғандықтан «Тараз» – «Ордабасы» кездесуі ұзақ уақыттан бері оңтүстік дербиі аталып кеткені мәлім. Сол себепті «Тараз» «Ордабасыға» қарсы ойында міндетті түрде жеңуі керек деген ұғым қалыптасқан. Бірден айтайық, дәл осы ойында мамандар «Ордабасы» басым түседі дескен. Өйткені біріншілік басталар шақта құрамын жасақтаған «Таразға» қарағанда ел чемпиондары «Астананы» ойсырата ұтқан «Ордабасының» бәсі биік еді. Алайда «Тараз» жеңіске сусап жүргенін байқатып, жанкешті ойын көрсетуге тырысты. Ойынның алғашқы он бес минуттығында жерлестеріміз жасындай жарқырады. Ресейлік легионер Руслан Мухаметшин әуедегі допты Алмат Бекбаевтың қақпасына тура бағыттап, есеп ашты. Бұдан соң «Ордабасы» ойыншылары белсенділік танытты. Біріншілік барысында айып соққыларын шебер орындай білетін қабілетімен көзге түскен жас пері Мардан Төлебек кездесудің 30-минутында айып соққысын сәтті орындап есепті теңестірді. Арада бір минут өткенде айып алаңының сыртынан жойқын соққы жасаған Жақып Қожамберді есепті 2:1-ге жеткізді. Таблодағы көрсеткіш ойын соңына дейін өзгеріссіз қалды. Осылайша «Тараз» футболшылары ағымдағы маусымдағы алғашқы жеңіске қол жеткізіп, жанкүйерлерді желпіндіріп тастады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар