Шеберлігінде шек жоқ чемпион

Шеберлігінде шек жоқ чемпион
ашық дереккөз
Шеберлігінде шек жоқ чемпион

украин боксшысы Василий Ломаченко америкалық Джейсон Сосаны техникалық нокаутпен тізе бүктірді

Олимпиада ойындарында екі мәрте топ жарған соң кәсіпқой боксқа ауысқан украиналық боксшы Василий Ломаченко жеті жекпе-жекте екі салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанып, әлемдік рекордқа түзету енгізген болатын. Бұған дейін тағы бір рекордқа түзету енгізуді жоспарлап отырғанын айтқаны да бар. Ол: «Мен он жекпе-жекте үш салмақта әлем чемпионы атанып, рекорд орнатқым келеді. Бұл – сөзсіз тарих» деген Вася сегізінші кездесуінде де жұрт сүйсінетін бокс көрсетті. Америкалық боксшы Джейсон Сосаға қарсы екінші жартылай жеңіл салмақта рингке шыққан Вася қарсыласына тоғыз раунд бойы бокс әліппесін үйреткендей әсер қалдырды. Бас айналдыратын шалт қимылдарымен көрерменді баурап алған Ломаченконың жойқын соққылары мен көз ілеспес жылдамдықпен жасалатын комбинациялары Сосаның бапкерлерін ойландырып тастады. Тоғызыншы раундта түгесілген шайқаста Сосаны командасы нокауттан құтқарып қалды. Осылайша Вася техникалық нокаутпен жеңіс тойын тойлады. Бұған дейін жеңіл салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Майки Гарсиямен жұдырықтасуға ниетті екенін Ломаченко бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Алдағы екі кездесуінің бірінде Гарсиямен қолғап түйістіріп, жеңіске жетіп жатса, Ломаченко шынында да тарихқа өз атын алтын әріптермен жазбақ. Айтпақшы, Василий Ломаченконың бокс кешінде рингке көтерілген украиналық сайыпқырандар бірінші ауыр салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Александр Усик төрешілер шешімімен америкалық Майкл Хантерді жеңсе, жартылай ауыр салмақтағы Александр Гвоздик үшінші раундта кубалық Юниески Гонсалесті нокаутпен ұтты.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар