«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жалбыраған «жабайы» жарнамалардан қалай құтыламыз?

Жалбыраған  «жабайы»   жарнамалардан  қалай  құтыламыз?
ашық дереккөз
Жалбыраған «жабайы» жарнамалардан қалай құтыламыз?

Көресіні көргенде «жабайы» жарнамалардан көрдік қой. Қайда қарасаң да, алабажақ плакаттар ілулі тұрады. Көзге тым қораш. Жапсырғандар соңынан жарамсыз жарнамасын алып тастаса, қанекей. Желмен бірге желбіреп, желп-желп етіп тұрғаны. Көшелердегі тал-дарақ, электр бағаналарын айтпағанда, әртүрлі мазмұндағы хабарландыруларды адам жақындауға болмайтын «электр қуаты жоғары» деген ескертпе белгілеріне де жапсырып кететінін қайтерсіз. Ал оларды «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жинаумен әуре. Біз барғанда қала көшелерінің бірінде «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС жұмысшыларының бір тобы жол бойындағы талдарды ақтап, енді бірі электр бағаналарын сырлап, бірнешеуі заңсыз ілінген әлгі жарнамаларды жинастырып жүрді. Күн аралатып көретініміз осы жағдай болған соң бұған аса назар аудара қоймадық. Тек тазалыққа жауапты жандарды сөзге тартып, олардың тілегіне құлақ асқанда ғана ойланғандай болдық. Аталған мекеменің жол тазалығын сақтау учаскесінің басшысы Жақсыкүл Есбергенова жапсырған жарнамаларды жұмысшылардың күшімен күніне екі рет жинайтынын айтқанда, кісі еңбегін бағаламау осы дестік іштей. IMG_9467-– Қарамағымдағы 340 адамның 170-і қаладағы 11 аумақтық округке бөлінген. Қалғаны қала орталығындағы көшелерді ретке келтірумен айналысады. Тал-дарақты ақтап-сырлаудан бұрын жарнама жапсырмаларын жинаудан шаршадық. Бір аялдамадағыны алып тастап, орнын тазартып қайта айналып келсек, басқасы ілініп тұрады. Жарнаманың дені – жұмысқа шақыру мен жұмыс іздеу, бір түнге немесе бір сағатқа жалға пәтер беру туралы хабарландырулар. Жарнама скотчпен жапсырылса, қуанып кетеміз. Себебі, оны жұлып тастау оңай. Ал желімделсе қиын. Әсіресе, әншілердің жарнамасының желімін кетіру қиын. Оңай жұлып немесе жыртып ала алмайсың. Жуып-шайғанға да кетпейді. Қырнап алмасаң, орны ағарып, алабажақтанып, аялдаманың сұрқын қашырады. Тазартқанда желімнің айғыздалған орны қалады. Қырналған із пластиктерді бүлдіреді. Адамның санасына бермесе, қоғамдық көзқарас өзгермесе, мұны тоқтату қиын секілді, – дейді Жақсыкүл Жайшыбекқызы. Көбінесе, автобус аялдамалары мен тал-дарақтарға, қоршаулар мен электр бағаналарына елге белгілі әншілердің жарнамасын жапсырады. Олардың концертті тегін өткізбейтіні белгілі. Ендеше неге ақылы жарнама ілетін арнайы орынды пайдаланбайды? Осыны білмек болып біз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне хабарласқанымызда, бөлім басшысы Бақыт Тоқсанбаева нақ осы мәселе титықтатып отырғанын қозғап, мәселенің мәнісін түсіндірді. Оның айтуынша, әншімен концерт ұйымдастыру қабілеті бар кез-келген адам келісім жасап, жарнамасын іле беретін көрінеді. Облыстық филармониямен концерт ұйымдастырушылары келісімшартқа отырғанымен, талап бойынша жарнаманы ілуге рұқсатты қалалық ішкі саясат бөлімінен алуы керек. Ал мәдениет саласының мамандарына айыппұл салып, шара қолданатын құзырет берілмеген. Өз тараптарынан ең болмаса ескерту жасау үшін «жабайы» жарнамадағы қалдырылған нөмірге хабарласса, олар студент немесе жұмыссыз жастар болып шығады екен. Оларға біреулер бес-он теңге төлеп, ілдіретін көрінеді. Осы мәселеге қатысты шартта көрсетілген талаптарды білу үшін біз облыстық филармонияның бас есепшісінің орынбасары Гүлбаршын Тәжіқұлованы да сөзге тартып көрдік. – Кез-келген әнші концерт қойғысы келсе, біз тек орталық «Баласағұн» концерт залын ғана жалға бере аламыз. Концерттің билеттерінің таратылуына, тамашалаушы тұрғындардың санына, әнші жарнамасына жауапты емеспіз. Бірақ келісімшартта жарнаманың көрінген жерге емес, арнайы орынға ғана орналастырылатыны, бұл талап бұзылса, айыппұл төлейтіні көрсетілген. Сонымен қатар, концертті ұйымдастырушыларға жарнама орналастыру үшін тиісті орыннан рұқсат алуы керектігін ауызша ескертеміз. Бір жолы бір әншінің жарнамасы жеке кәсіпкердің сауда нысанына жапсырылып, иесі шағым түсіргеннен кейін, фотоайғақтар арқылы тиісті орындар акт жасағанын, актімен әнші танысқанын естігенмін. Бірақ, соңы немен аяқталғанынан хабарсызбын. Көбіне, концертті ұйымдастырушылар қала бойынша жарнама ілетін он алты ғана орын бар екенін, бұл аздық ететінін айтып, назын білдіріп жатады. Жалпы, әншінің жарнамасына қатысты шағым концерт өткенге дейін жасалса, шара қолдануға болады. Бұрын осы іспен қалалық ішкі саясат бөлімі айналысатын. Қазір нақты қай мекеме айналысатынынан хабарсызбын, – дейді ол. «Жабайы» жарнамаларға бақылау жасайтын бір мекеме болса осылар шығар деген үмітпен Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне хабарласқанымызда олар қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөліміне сілтеді. Бұл бөлім осы іспен айналысу міндеті қала әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құзырына тапсырылғанын хабардар етті. Сұрай- сұрай аталған бөлімнің де телефон нөмірін тауып, қоңырау шалдық. Олар бұл міндеттің өздеріне жақында ғана жүктелгенін айтып, қол қусырды. Қысқасы, жарнама ілушілерді тауып шара қолдануға бола ма, болмай ма деген сұраққа жауап табу қиынға соқты. Әйтсе де, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабаймен тілдесудің сәті түсіп, мәселеге біршама қаныққандай болдық. Оның айтуынша, жыл сайын сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыруға рұқсат беретін уәкілетті орган Үкіметтің қаулысымен бекітіліп, оған облыс әкімі шешім шығарады екен. Әзірге уәкілеттілік қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінде екен. Алдағы уақытта нақты қай бөлімге берілетіні белгісіз. – Жарнама ілушілерге айыппұлды жергілікті полиция қызметі салады. Егер олар жеке тұлға болса, заңға қайшы. Ал әншінің концертін өткізу үшін облыстық филармониямен келісімшарт жасасатындар негізінен жай адамдар. Сондықтан оларға заңмен тыйым салу мүмкін болмай отыр. «Жабайы» жарнамаға тосқауыл қою үшін құрамына қалалық ішкі саясат, сәулет және қала құрылысы, мәдениет және тілдерді дамыту, тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары секілді әр бөлімнен бір-бір өкіл енген жұмысшы тобы құрылған. Бұл жұмысшы тобы да құзыреті болмаған соң, ештеңе істей алмай отыр. Қолдан келгені – жарнаманың мәтіні қатесіз жазылуын қадағалап, тек рұқсат етілмеген жерге жарнама ілуге болмайтынын түсіндіру. Қысқасы, түсіндіру жұмыстарын жүргізумен ғана шектеліп отырмыз. Егер жарнама біреудің есігінің алдында немесе үй қабырғасында жапсырылып тұрса, оған шара қолданбақ тұрмақ, алып тастауға да құқығымыз жоқ. Заңның осындай солқылдақтығы қала көркіне сын келтіріп тұр. Көшедегі бейберекет ілінетін жарнамалар жеке адамның ісі болғандықтан, шарасызбыз. Сол үшін концертті ұйымдастырушылармен келісімшарт жасарда олардың заңды тұлға болуын талап етуіміз қажет. Сол кезде ғана жеке кәсіпкер талапты бұзса, айыппұл салып, бұл бассыздықты тоқтатуға болады. Бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деп күтілуде, – дейді Кенжебек Мамашбайұлы. Қай жаққа қарасаңыз да, жалбыраған «жабайы» жарнамалар. Олардан қашан және қалай құтылатынымыз белгісіз. Өйткені, осындай жарнамаларды көрінген жерге ілетін жеке адамдарға тыйым салатын заң қабылданбайынша, әлем-жәлем жарнама көшелерде жалбырап тұра берері анық.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар