«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз қаласында мұз айдыны болады

Тараз қаласында  мұз айдыны болады
ашық дереккөз
Тараз қаласында мұз айдыны болады

бірақ бұқаралық спортты дамытуды да естен шығармау керек

«Дені саудың – жаны сау». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы негізінде 2020 жылға қарай ел тұрғындарының 30 пайызы бұқаралық спортпен қамтылуы тиіс екені мәлім. Ол үшін, әрине барлық облыстар мен аудан, ауыл халқының бұқаралық спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы керек. Бұл ретте өңірімізде де біраз шаруалар атқарылып жатқаны сөзсіз. Дегенмен, Мемлекет басшысының тапсырмасы облысымызда қай деңгейде орындалып жатыр? Облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде осы тақырып кеңінен қозғалып, жан-жақты сараланды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков өңірімізде бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде орындалып жатқандығын айтып берді. Сонымен қатар қазіргі таңда облысымызда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары – халықтың 26,9 пайызын, яғни, 300 мыңнан астам адамды құрап отырғандығын, былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 мың 400 адамға көбейгендігін сөз етті. Тараз қаласы мен аудандарда 1600-ден астам мүмкіндігі шектеулі адам спорттың әр түрімен шұғылданып жатқандығын және өткен жылы дене мүмкіндігі шектеулі спортшыларға республикалық және халықаралық деңгейдегі 39 жарысқа қатысуға мүмкіндік жасалынғанын да Гамлет Төреханұлы тіліне тиек етті.

Сондай-ақ өткен жылы облыс спортшылары әлем, Азия чемпионаттарынан 166 медальға, Қазақстан Республикасы чемпионаттарынан 714 және халықаралық турнирлерден 159 медальға қол жеткізгендігін баян етті.

– Соңғы екі жылда 5 спорт кешенін пайдалануға бердік. Жалпы спорт нысандарының саны 2026-ға жетті. Олардың қатарында облыстық бюджет есебінен Тараз қаласындағы және Жуалы, Мойынқұм аудандарында салынған спорт нысандары бар. Сонымен қатар демеушілердің көмегімен Қордай және Шу аудандарында жаңа спорт кешендері іске қосылды. Облыс орталығынан 7 көшеде жаттығу алаңшалары ашылды. Жақында еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен тағы осындай 4 алаңша салу көзделіп отыр. Сондай-ақ, шалғай ауылдардағы жасөспірімдер мен жастарды спортқа тарту, олардың арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында аудандарда облыс чемпионаттары мен ашық турнирлер өткізіп жатырмыз. Қазіргі таңда жастар арасында дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылардың саны 131 мыңнан асты. Бұл облыстағы жалпы жастардың 48,3 пайызын құрап отыр. Бүгінде ұйымдастырып жатқан ең басты жоспарларымыздың бірі – Тараз қаласынан мұз айдынын салу, – деді Гамлет Төреханұлы. Сондай-ақ Байзақ, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарында спорт кешендерінің, №1 облыстық спорт мектебіне ангарлық типті және №4 облыстық спорт мектебінің велосипед базасының құрылысы басталғандығын сөз етті. Бұл нысандар алдағы уақытта өңірімізде спорттың, оның ішінде бұқаралық спорттың дамуына ықпал ететіндігін де айтып өтті. Жиын барысында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрман-бекова облыс бойынша 451 мектептің 107-де спорт залдың жоқтығын сөз етті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұқаралық спортты дамыту бағытында әлі де белсенді жұмыс жасау керектігін баса айтты. Себебі Елбасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту – саламатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты екендігін айтқан болатын. Расында өңірімізде бұқаралық спортпен шұғылданушылардың қатары 26,9 пайызға жеткеніне де біраз уақыт болып қалды. Әлбетте, салада бірқатар оңды тірліктер атқарылып жатқаны талас тудырмайды. Мәселен, «Аула ойындары» секілді кең көлемдегі шараларға жүздеген адам қатысып, өз өнерлерін көрсеткені мәлім. Аты аталған шараларға спортқа әуестігі бар жандар қамтылғанын пайымдасақ, ұтқанымыз анық. Демек, өңірімізде бұл көрсеткішті бір орнынан қозғап, пайыздық жағынан да, сапа тұрғысынан да арттырамыз десек, жоғарыда айтып өткен «Аула ойындары» секілді шараларды жалғастырып, жаңа идеялармен толықтыра түскен ләзім. Сонда отыз пайызға жететін күн де алыс болмас. Мұны Кәрім Нәсбекұлы баса айтты. Өйткені, асық ойнау мен ләңгі тебуді кез-келген қазақ баласы меңгергеніне осы шара аясында көз жеткізе түскен болатынбыз. Осындай жайшылықта көзден таса қалып кететін көптеген спорт түрлерін басқарма жандандыра түссе спортты жанына серік ететіндердің қатары арта түсері сөзсіз.

Фариза Айтбек, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар