«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қимылы ширақ қарттар

Қимылы ширақ қарттар
ашық дереккөз
Қимылы ширақ қарттар

IMG_8007Ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл және Ұлы Жеңістің 72 жыл толуына орай ардагерлер арасында облыстық турнир өтті. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы және облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Тараз-Арена» спорт сарайында өткен шараға 11 команда бойынша барлығы 121 спортшы тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисі, бильярд, асық ату ойындарынан бақтарын сынады. Жарысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Саламатты өмір салтын ұстанған ардагерлер спорттық киімдерін киіп сақадай сай келіпті. Ойдың ұшқырлығы мен дененің ширақтығына ерекше мән берген олардың арасындағы бәсеке тартысқа толы болды. Жарыс нәтижесі бойынша тоғызқұмалақтан ерлер арасында Сыпатай Төребеков І орынды жеңіп алса, әйелдер арасында Райхан Туғанбаева алғырлығын танытып топ жарды. Ал шахмат ойынынан ерлерден Серікбай Кабираев жеңіс тұғырынан көрініп, әйелдер арасынан Елена Деревянко жеңімпаз атанды. Сондай-ақ дойбы ойынынан ерлер арасынан Тоқабай Тастанбеков, әйелдер арасынан Айсұлу Биғазиева І орынды қанжығасына байлады. Үстел теннисінен ерлерден Артур Ли мен әйелдер арасынан Вера Придановаға қарсылас шақ келмеді. Сонымен қатар, бильярд ойынынан Анатолий Ким шеберлігін танытып, бәсекелестерін қапыда қалдырды. Атам заманнан келе жатқан асық ату ойынында Тынышбек Мадышаев әлі де болса икемді, мерген екенін дәлелдеп қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Жалпы командалық көрсеткіш бойынша Тараз қаласы топ бастап, Қордай ауданы ІІ, Т.Рысқұлов ауданы ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар