«Астана арландары» «Өзбек жолбарыстарына» жол берді

«Астана арландары»  «Өзбек жолбарыстарына» жол берді
ашық дереккөз
«Астана арландары» «Өзбек жолбарыстарына» жол берді

Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) бесінші туры кезінде «Астана арландары» «Өзбек жолбарыстарына» жол берді. Өткен сенбіде Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен кездесу 1:4 есебімен шаршыалаң иелерінің пайдасына шешілді. Бірінші жұп 64 келі салмақта Ділмұрат Мижитов пен Эльнур Абдураимов кездесті. «Арланымыз» Ділмұрат Мижитов тегеурінді қарсылық танытқанымен бес раундтың қорытындысы бойынша төрешілер кездесуді бірауыздан «Өзбек жолбарысының» пайдасына шешті. Бұдан соң 56 келіге дейінгі салмақта Ілияс Сүлейменов пен Абдулхаю Шарахматов қолғап түйістірді. Қазақстандық боксшы Сүлейменов те жаман жұдырықтаспады, кемінде тең өнер көрсетті дегенімізбен, төрешілердің шешімі Шарахматовтың мерейін үстем етті. Үшінші кездесуде қазақстандық Сапарбай Айдаров өкінішке орай өзбекстандық Исроил Мадримовқа есе жіберіп, «Өзбек жолбарыстары» кездесуде мерзімінен бұрын жеңіске қол жеткізді. Десек те, төртінші жұп болып шаршы алаңға шыққан «Астана арландарының» күрзі жұдырықты боксшысы Антон Пинчук (91 келіге дейін) Зухриддин Махкамовты айқын жеңіп, жанкүйерлерін бір серпілтті. Ал соңғы жұпта жұдырықтасқан (49 келіге дейін) Теміртас Жүсіпов Вел Баркер кубогінің иегері Хасанбой Дусматовтан айласын асыра алмады. Осылайша, «Астана арландары» қарымта кездесуінде «Өзбек жолбарыстарына» 1:4 есебімен есе жіберді. Бір айта кетерлігі, бұл жекпе-жекте өзбек бокс клубы әр салмақ бойынша кіл мықтыларын яғни 1-нөмірдегі былғары қолғап шеберлерін шығарған. Ал «Арландар» сапында 2, 3-кезектегі спортшыларға сенім артылды. Біздің де алғы шептегі боксшыларымыз шаршы алаңға көтерілгенде нәтиже басқаша болар ма еді, бәлкім?!. Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында Талдықорғанда өткен осы екі команданың бірінші кездесуінде қазақстандық боксшылар да қарсыластарын дәл осы есеппен жеңген болатын. Бұған дейінгі бес кездесуінде қарсылас шыдатпаған былғары қолғап шеберлеріміз уақытынан бұрын топтық кезеңге шыққан. Әзірге, «Астана арландары» топтағы бірінші орнын сақтап тұр.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар