Есің болса, экстремизмге «жоқ» де!

Есің болса, экстремизмге «жоқ» де!
ашық дереккөз
Есің болса, экстремизмге «жоқ» де!

Елімізде ертеден тамырын терең жайған ислам діні тәуелсіздіктен соң қайта түлеп, қазір елдің коғамдық-саяси өміріндегі өз орны мен маңызын айшықтай түсті. Тіпті, халықтардың салт-санасына етене кіріп, діни-рухани, мәдени құндылықтарының біріне айналды. Ислам діні адамзатты бейбітшілікке, татулыққа, ынтымаққа, ізгілікке, әділдікке, тазалыққа, тура жолға үндейді. Осы дінді ұстанудың, бабалар дәстүрін жалғастырып, халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, өскелең ұрпақты оған тәрбиелеудің демократиялық негізгі бағыты мен маңызы зор. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп көрсетілгендей, біз зайырлы мемлекеттер санатына жатамыз. Діни экстремизмнің пайда болуы мен көріністері бұл күндері жан-жақты зерттеліп, оған қарсы тұрудың саяси-әлеуметтік, құқықтық тетіктері жылдан-жылға жетілдірілуде. Соның нәтижесінде бірқатар кері ағымдар қызметі тоқтатылып, олардың теріс әрекеттері халық алдында әшкереленді. Сондай-ақ, Қазақстандағы діни ахуалдың өрбуі оның ішкі жағдайымен ғана емес, Орталық Азия және алыс-жақын басқа елдердегі саяси-әлеуметтік ахуалмен де байланысты деген де пікірлер айтылуда. Исламды зерттеп жүрген ғалым-сарапшылар Қазақстандағы діндар жамағаттың ағымдарға бөліну себептерін алдымен әлеуметтік факторлармен байланыстырады. Яғни, өмірден орнын таппаған, тұрмыс-тіршілігі нашар адамдар көп жағдайда көңіл жұбаныштарын діннен табуға тырысады. Осы оңтайлы жағдайларды радикалды идеологияны таратушылар ұтымды пайдаланып жүр. Олар діни тұрғыдан сауатсыз, сергелдең болып жүргендерге Құран сөздерін өздеріне қажетті мазмұнда түсіндіріп миларын улайды, осылайша, «тығырықтан шығар жолды» көрсеткендей болады. Жалпы, экстремизм деген терминге қазіргі әлем ғалымдары мен сарапшылары түрлі мағыналар берген. Бірақ ортақ бір шешімге келмеген. Бір анығы, ол қоғамға, мемлекетке, бүкіл әлемге қауіп төндіретін құбылыс. Ал соның ішіндегі діни экстремизм дегеніміз – дәстүрлі дінді бұрмалап, жат «идеяны» белсенді насихаттау, зайырлы жүйеге қарсы әрекет ету болып табылады. Мұсылмандық адал, таза тіршілікті лайлауға барынша тырысып баққан, бөгде пасық пиғылды адамдардың арамызға іріткі салып жатқаны жасырын емес. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегендей, ұлт болашағы өз қолымызда. Ол үшін жастарды жақсы жолға, діни сауаттылыққа тәрбиелегеніміз жөн.

Рамазан Абделиев, облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» аудан бойынша инспекторы.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар