немесе Нұрғиса күйші мен Айша бибі
Эссе
Айша бибі – «темір тұлпарлы» кісі бір «тебінсе» жетіп баратын жер. Сенбі, жексенбі күндері тараздық жас жұбайлар осы махаббат мазарының алдына жиналып, күншуақтағы көгершіндердей «уілдесіп», бейбіт жұптары жарасып, қаптап кетеді. Тәңірінен Төлегеннің амандығын тілеген Жібектің тәтті тіліне Алла тағаладан кейін оралған қасиетті есімдердің бірі Айша бибі ғой, сірә, көңілдері жарасқан ғашықтар арудың әруағынан рух алатын шығар, жақсылыққа ырым қылатын шығар, әйтеуір, сырнайлатып-кернейлетіп бірінен кейін бірі ерекше салтанатпен ағылып жатады.
Бұл болса жердің жыртығын жамамақ боп далбасалаған бейбақтай «ұлттық рухтың жоқ-жітігін түгендейік» деген сөзін сазбеттерге өткізе алмай сандалып жүрген соқа басты пенделерге тән жабырқау жалғыздықпен әлгі қарлығаштай қанаттасқан жұптарға қызығып қарап қалады. Қарап-қарап тұрып, жастарға сәукеле мәнзелдес, ару мүсіндес мазардың ортасында көлбеп жатқан суық тастың астындағы арулап көмілген мәйіттің кірпік қаққандай келте ғұмырын емес, мың жасаған махаббатын тілейді. Тас ақ кебінге оранған. Алақаныңды тигізсең суық ұрады. Мазар іші де салқын. Сонда жастар бұл арадан не іздеп жүр? Жылылық па? Ол жылылық мыңжылдықтар тоңының арасында мұз боп қатып қалған жоқ па? Тапты. Жылылық атадан балаға мирас болып келе жатқан Айша бибі туралы жыр мен сырда екен. Ауыз әдебиеті, ана тілі, аңыз, шежіре һәм абыз тарих болмаса, мына дүние не боп кетер еді?! «Осы маған ең алғаш Айша бибінің мазарына апаршы» деген Күйші емес пе еді?.. Соқа басы состиып тұрған кісінің ойына көп жыл бұрынғы оқиға түсті. Бастығы шақырып алды да: «Анау атақты күйшіні білесің ғой, сол облысқа келе жатыр екен, «жанымда жүретін бір адам тауып беріңдер» деп қиғылық сапты. Сол көкеңе ілесесің», – деді. Үнінде мысқыл бар. Мысқылына көңіл бөлген жоқ. Қуанып кетті. Бірақ құжырасына оны-мұнысын жинастырып, құнжыңдап отырып «Ау, әшейінде, төрді бермейтін, бас пен жамбасты былай қойып, құлақ пен сирақты да өздері орап ап кететін бұларға не көрінді? Атақты Күйшінің қасында жүру бақытын маған қалай ғана қиды?», – деп, ойланып қалды. Дегенмен, «Бірер күн қасына ерсем ерейін»,– деп, Күйшіні асыға күтті. «Әне келеді, міне келеді» деген күйші жоқ. Бірақ дабысы жетіп жатыр. «Борандының бекетінен» түсіп қапты...» деді біреулер. «Директорлар мен парткомдарды тұрғызып қойып «Менің Қазақстаным» деген әнін хормен айтқызыпты» деді екіншілері. Сөздерінің сыңайында сүйсінуден гөрі «сұмдық қой, мынаусы... » деген шошыну бар. Бастықтардың «індеріне» неге зып беріп кіріп кеткендерінің сыры осы кезде ғана санасына сарт ете қалған. Байзақ ауданы ол кезде «Свердлов ауданы» деп аталады. Мәдениет сарайында болған Күйшінің концерті көңілсіз өтті. Аупарткомның салқындығына зал ішінің салқындығы қосылды. Жиналған жұрт та аз. Бастықтар жым-жылас. Күй құдіретін ұғынатын қарапайым халық қана отыр. Күйші концерттен кейін жұпыны думанханада (бұл арада салқын екен) терең күрсіне отырып, өзегін өртеген өкінішті ащы сумен басты. – Қазақ «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді. Сен кім боласың? Қырлы стакандағы «отты» Күйшіден қалыспай бұл да қылғытып сап отырған. «Жеті атасының» жөн жобасын білгенінше айтқан болды. – Онда тоқалдан туғансың! Бұл ыңғайсызданып қалды. Күйші көкесінің сөзі төбеден түскендей екен. «Бастықтардың қашатынындай бар екен-ау» деп ойлады. Бірақ шамданған жоқ. Арғы ата-бабаларының көп қатын алғаны өтірік емес. Бұның аталары соның екіншісінен бе, үшіншісінен бе туыпты. Бүгінге жеткен шежіреде дәлдік кем. Әрқайсысы өзінікін дұрыс дейді. Дегенмен, Күйшінің үнінде ұрсудан гөрі, рухтас, ұрандас бауырға тән іштарту бар. Бақандай бір облыстан сыр бөлісер зиялы қауым, сөз ұғар білікті басшы таппай қиналғанда, қасына ілескен баласындай бозымды ренжітіп алмайын деп ойлайтын сияқты... Коммунистер «Химпром» деп атаған (қандай күлкілі, ә...) Мәдениет сарайындағы концертте де көрермендер аз болды. Әншейінде алдыңғы қатарды еншілеп алғандай қарапайым адамдарға орын бермейтін бастықтардың боз бастары көрінбейді. Ішіктерін көрсетуге келетін әйелдері де көзге түспейді. Айналаны жайлап алған рухсыздыққа шыдамаған Күйші осы арада бомбадай жарылды. – Орталарыңда сөз ұғатын, жөн білетін жан бар ма? – деді ол залдағы көрермендерге қарап. – Мына облысты, қаланы басқарып отырған басшылар қазақ елінің әні мен күйінен безген қандай көргенсіздер еді?! Әй, сен қайда отырсың?... Бұл Күйшінің екі-үш күннен бергі тұрақты «көрерменіне» айналған. Күйшінің күйін де тыңдады, күйінішін де сезді. Күйшіні – командир десе, оркестр – жауынгер сияқты екен. Бұйрық мұнда да талқылауға жатпайды екен. Бірауыз артық сөз жоқ. Оркестрдің сол жақ қанатында Күйші-дирижерге таман отыратын келіншек... кім еді... ұмытты... алақұйын ағасы соның атын жиі атайды екен. Анау болса үндемейді. Бұл орнынан тұрды. Залдың барлығы енді бұған қарады. Екі-үш күн Күйшінің «атқосшысына» айналған жиырма бестегі жігіт жауынгер сияқты қалшиып тұр. – Сен ертең менің осы сөзімнің бірін қалдырмай анау бастықсымақтарыңа айтып бер! Ертеңіне Жамбыл қонақ үйінің алдына кеп тұрды. Біруақытта «Келдің бе?» деп іштен Күйші шықты. Кеше кешке концерттен кейін бұған: «Ертең мені Айша бибі мазарына алып бар», – деген. Күйші қасына ешкімді ертпеді. Тіпті, оркестрдің сол жақ қанатында отыратын келіншекті де... Айша бибінің кесенесін қоршаған шарбақ құлыптаулы тұр екен. Кілті мазардың іргесіндегі үйдің иесінде көрінеді. Күйшіні көріп үй иесі жақындады. Ауыл адамдарының өңі ерте ескіреді. Күйшінің «Ассалаумағалейкум, ақсақал» деп амандасқаны «ақсақал» болмай шықты. Жас сұраса келе екеуі құрдас боп, күліп жатыр. Күліп, көңілденген кезде Күйшіден мейірімді жан жоқ. Айша бибі мазарына тәу етіп, құран оқытқан Күйші мың жылдық тарихы бар мазардың ою-өрнекті кірпіштерін сәби ұстағандай алақанымен аялай сипады. Кірпіштерінің жартысын қалап, жартысын шашып кетіпті. – Мыналардың қайсысы мазардың төл кірпіші? – деді, «мінездің» бәрін ұмытып, момақан кейіпке түскен Күйші. Қарауыл аяқтың астында шашылып жатқан кесектердің арасынан бір түпнұсқаның қалдығын тауып көрсетті. Түпнұсқа мен реставраторлардың домбаздарының арасындағы айырма адам таңғаларлық. Күйші кірпіштің ою-өрнегі бұзылмаған кішкентай бір сынығын алда да: – Айша бибі анамыздан теберік болсын, – деп, беторамалына аялай орап, қалтасына салды. – Бір сынығын сен де ал, балам... Күйші көкесі ертесіне оркестрін алып Алатауына қайтып кетті. Елді емін-еркін аралап, жата-жастана концерт қоя алмады. Күйшіні күтіп екі көздері төрт болған етектегі ел облыс идеологиясының тізгінін ұстағандарға қатты кіжінді. Қаратауында қап қойған бұл да содан кейін Күйші ағасымен кездескен жоқ. Күйші де оркестрін ап қайта ат ізін салмады. Бірақ ел-жұртты «Пау, шіркін!» дегізген Құдіретті күйлері бұрынғыдан да көбейе түсті. Жарықтан қашатын тарақандарша қуыс-қуысқа тығылған баяғы бастықтар, енді Күйшіні өздері іздейтінді шығарды. «Бізді тікемізден тік тұрғызып қойып «Менің Қазақстанымды» айтқызып еді, жарықтық» деп мақтанған кезде «қызыл директорлардың» әңгімесін арқан керіп тоқтата алмайтын. Ақ патшаның Құрманғазыдан қорыққан генералдарындай «бунтарь» Күйшіні қарсы алуға мән бермей, қысастық жасаған бірінші, екінші һәм үшінші хатшылардың сырлары да белгілі бола бастады. Күйші мұны сол кезде-ақ сезген екен. Сезген екен де, өзіне емес халыққа, исі қазақтың өнерлі ұландарына жасалып отырған қысастық деп қабылдаған екен. Құдайдың құдіреті, сол жылы (16-17 желтоқсан) бүкіл қазақ қосылып «Менің Қазақстанымды» айтты емес пе?! Кеңестік сана да қанша қасарысқанымен Күйші рухына төтеп бере алмапты ғой. Мазар тұрған дөңнің етегінде отардай жусап, бір момақан қазақы ауыл жатыр. Бұл – Айша бибі ауылы. Кім келіп, кім кетпеген ауыл бұл. Айша бибі мазарына келіп, зиярат еткен күйшінің НҰРҒИСА аты бүгінде қазақ өнерінің тарихында алтын әріптермен жазулы тұр...
Тараз қаласы.Айша бибі – «темір тұлпарлы» кісі бір «тебінсе» жетіп баратын жер. Сенбі, жексенбі күндері тараздық жас жұбайлар осы махаббат мазарының алдына жиналып, күншуақтағы көгершіндердей «уілдесіп», бейбіт жұптары жарасып, қаптап кетеді. Тәңірінен Төлегеннің амандығын тілеген Жібектің тәтті тіліне Алла тағаладан кейін оралған қасиетті есімдердің бірі Айша бибі ғой, сірә, көңілдері жарасқан ғашықтар арудың әруағынан рух алатын шығар, жақсылыққа ырым қылатын шығар, әйтеуір, сырнайлатып-кернейлетіп бірінен кейін бірі ерекше салтанатпен ағылып жатады. Бұл болса жердің жыртығын жамамақ боп далбасалаған бейбақтай «ұлттық рухтың жоқ-жітігін түгендейік» деген сөзін сазбеттерге өткізе алмай сандалып жүрген соқа басты пенделерге тән жабырқау жалғыздықпен әлгі қарлығаштай қанаттасқан жұптарға қызығып қарап қалады. Қарап-қарап тұрып, жастарға сәукеле мәнзелдес, ару мүсіндес мазардың ортасында көлбеп жатқан суық тастың астындағы арулап көмілген мәйіттің кірпік қаққандай келте ғұмырын емес, мың жасаған махаббатын тілейді. Тас ақ кебінге оранған. Алақаныңды тигізсең суық ұрады. Мазар іші де салқын. Сонда жастар бұл арадан не іздеп жүр? Жылылық па? Ол жылылық мыңжылдықтар тоңының арасында мұз боп қатып қалған жоқ па? Тапты. Жылылық атадан балаға мирас болып келе жатқан Айша бибі туралы жыр мен сырда екен. Ауыз әдебиеті, ана тілі, аңыз, шежіре һәм абыз тарих болмаса, мына дүние не боп кетер еді?! «Осы маған ең алғаш Айша бибінің мазарына апаршы» деген Күйші емес пе еді?.. Соқа басы состиып тұрған кісінің ойына көп жыл бұрынғы оқиға түсті. Бастығы шақырып алды да: «Анау атақты күйшіні білесің ғой, сол облысқа келе жатыр екен, «жанымда жүретін бір адам тауып беріңдер» деп қиғылық сапты. Сол көкеңе ілесесің», – деді. Үнінде мысқыл бар. Мысқылына көңіл бөлген жоқ. Қуанып кетті. Бірақ құжырасына оны-мұнысын жинастырып, құнжыңдап отырып «Ау, әшейінде, төрді бермейтін, бас пен жамбасты былай қойып, құлақ пен сирақты да өздері орап ап кететін бұларға не көрінді? Атақты Күйшінің қасында жүру бақытын маған қалай ғана қиды?», – деп, ойланып қалды. Дегенмен, «Бірер күн қасына ерсем ерейін»,– деп, Күйшіні асыға күтті. «Әне келеді, міне келеді» деген күйші жоқ. Бірақ дабысы жетіп жатыр. «Борандының бекетінен» түсіп қапты...» деді біреулер. «Директорлар мен парткомдарды тұрғызып қойып «Менің Қазақстаным» деген әнін хормен айтқызыпты» деді екіншілері. Сөздерінің сыңайында сүйсінуден гөрі «сұмдық қой, мынаусы... » деген шошыну бар. Бастықтардың «індеріне» неге зып беріп кіріп кеткендерінің сыры осы кезде ғана санасына сарт ете қалған. Байзақ ауданы ол кезде «Свердлов ауданы» деп аталады. Мәдениет сарайында болған Күйшінің концерті көңілсіз өтті. Аупарткомның салқындығына зал ішінің салқындығы қосылды. Жиналған жұрт та аз. Бастықтар жым-жылас. Күй құдіретін ұғынатын қарапайым халық қана отыр. Күйші концерттен кейін жұпыны думанханада (бұл арада салқын екен) терең күрсіне отырып, өзегін өртеген өкінішті ащы сумен басты. – Қазақ «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді. Сен кім боласың? Қырлы стакандағы «отты» Күйшіден қалыспай бұл да қылғытып сап отырған. «Жеті атасының» жөн жобасын білгенінше айтқан болды. – Онда тоқалдан туғансың! Бұл ыңғайсызданып қалды. Күйші көкесінің сөзі төбеден түскендей екен. «Бастықтардың қашатынындай бар екен-ау» деп ойлады. Бірақ шамданған жоқ. Арғы ата-бабаларының көп қатын алғаны өтірік емес. Бұның аталары соның екіншісінен бе, үшіншісінен бе туыпты. Бүгінге жеткен шежіреде дәлдік кем. Әрқайсысы өзінікін дұрыс дейді. Дегенмен, Күйшінің үнінде ұрсудан гөрі, рухтас, ұрандас бауырға тән іштарту бар. Бақандай бір облыстан сыр бөлісер зиялы қауым, сөз ұғар білікті басшы таппай қиналғанда, қасына ілескен баласындай бозымды ренжітіп алмайын деп ойлайтын сияқты... Коммунистер «Химпром» деп атаған (қандай күлкілі, ә...) Мәдениет сарайындағы концертте де көрермендер аз болды. Әншейінде алдыңғы қатарды еншілеп алғандай қарапайым адамдарға орын бермейтін бастықтардың боз бастары көрінбейді. Ішіктерін көрсетуге келетін әйелдері де көзге түспейді. Айналаны жайлап алған рухсыздыққа шыдамаған Күйші осы арада бомбадай жарылды. – Орталарыңда сөз ұғатын, жөн білетін жан бар ма? – деді ол залдағы көрермендерге қарап. – Мына облысты, қаланы басқарып отырған басшылар қазақ елінің әні мен күйінен безген қандай көргенсіздер еді?! Әй, сен қайда отырсың?... Бұл Күйшінің екі-үш күннен бергі тұрақты «көрерменіне» айналған. Күйшінің күйін де тыңдады, күйінішін де сезді. Күйшіні – командир десе, оркестр – жауынгер сияқты екен. Бұйрық мұнда да талқылауға жатпайды екен. Бірауыз артық сөз жоқ. Оркестрдің сол жақ қанатында Күйші-дирижерге таман отыратын келіншек... кім еді... ұмытты... алақұйын ағасы соның атын жиі атайды екен. Анау болса үндемейді. Бұл орнынан тұрды. Залдың барлығы енді бұған қарады. Екі-үш күн Күйшінің «атқосшысына» айналған жиырма бестегі жігіт жауынгер сияқты қалшиып тұр. – Сен ертең менің осы сөзімнің бірін қалдырмай анау бастықсымақтарыңа айтып бер! Ертеңіне Жамбыл қонақ үйінің алдына кеп тұрды. Біруақытта «Келдің бе?» деп іштен Күйші шықты. Кеше кешке концерттен кейін бұған: «Ертең мені Айша бибі мазарына алып бар», – деген. Күйші қасына ешкімді ертпеді. Тіпті, оркестрдің сол жақ қанатында отыратын келіншекті де... Айша бибінің кесенесін қоршаған шарбақ құлыптаулы тұр екен. Кілті мазардың іргесіндегі үйдің иесінде көрінеді. Күйшіні көріп үй иесі жақындады. Ауыл адамдарының өңі ерте ескіреді. Күйшінің «Ассалаумағалейкум, ақсақал» деп амандасқаны «ақсақал» болмай шықты. Жас сұраса келе екеуі құрдас боп, күліп жатыр. Күліп, көңілденген кезде Күйшіден мейірімді жан жоқ. Айша бибі мазарына тәу етіп, құран оқытқан Күйші мың жылдық тарихы бар мазардың ою-өрнекті кірпіштерін сәби ұстағандай алақанымен аялай сипады. Кірпіштерінің жартысын қалап, жартысын шашып кетіпті. – Мыналардың қайсысы мазардың төл кірпіші? – деді, «мінездің» бәрін ұмытып, момақан кейіпке түскен Күйші. Қарауыл аяқтың астында шашылып жатқан кесектердің арасынан бір түпнұсқаның қалдығын тауып көрсетті. Түпнұсқа мен реставраторлардың домбаздарының арасындағы айырма адам таңғаларлық. Күйші кірпіштің ою-өрнегі бұзылмаған кішкентай бір сынығын алда да: – Айша бибі анамыздан теберік болсын, – деп, беторамалына аялай орап, қалтасына салды. – Бір сынығын сен де ал, балам... Күйші көкесі ертесіне оркестрін алып Алатауына қайтып кетті. Елді емін-еркін аралап, жата-жастана концерт қоя алмады. Күйшіні күтіп екі көздері төрт болған етектегі ел облыс идеологиясының тізгінін ұстағандарға қатты кіжінді. Қаратауында қап қойған бұл да содан кейін Күйші ағасымен кездескен жоқ. Күйші де оркестрін ап қайта ат ізін салмады. Бірақ ел-жұртты «Пау, шіркін!» дегізген Құдіретті күйлері бұрынғыдан да көбейе түсті. Жарықтан қашатын тарақандарша қуыс-қуысқа тығылған баяғы бастықтар, енді Күйшіні өздері іздейтінді шығарды. «Бізді тікемізден тік тұрғызып қойып «Менің Қазақстанымды» айтқызып еді, жарықтық» деп мақтанған кезде «қызыл директорлардың» әңгімесін арқан керіп тоқтата алмайтын. Ақ патшаның Құрманғазыдан қорыққан генералдарындай «бунтарь» Күйшіні қарсы алуға мән бермей, қысастық жасаған бірінші, екінші һәм үшінші хатшылардың сырлары да белгілі бола бастады. Күйші мұны сол кезде-ақ сезген екен. Сезген екен де, өзіне емес халыққа, исі қазақтың өнерлі ұландарына жасалып отырған қысастық деп қабылдаған екен. Құдайдың құдіреті, сол жылы (16-17 желтоқсан) бүкіл қазақ қосылып «Менің Қазақстанымды» айтты емес пе?! Кеңестік сана да қанша қасарысқанымен Күйші рухына төтеп бере алмапты ғой. Мазар тұрған дөңнің етегінде отардай жусап, бір момақан қазақы ауыл жатыр. Бұл – Айша бибі ауылы. Кім келіп, кім кетпеген ауыл бұл. Айша бибі мазарына келіп, зиярат еткен күйшінің НҰРҒИСА аты бүгінде қазақ өнерінің тарихында алтын әріптермен жазулы тұр...
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді