«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Берлиоздың қателігі немесе «алтын белортаны» анықтау

Берлиоздың қателігі немесе «алтын белортаны» анықтау
ашық дереккөз
Берлиоздың қателігі немесе «алтын белортаны» анықтау

 Қуат БОРАШ,

журналист- публицист.

Философия ғылымында «алтын белорта» деген ұғым бар. Тіршіліктегі үндестікті үкілейтін, тепе-теңдікті үйлестіретін ұлағатты ұғым. Аристотельдің айтуынша, ернеуінен асқан астатөк байлықтан да, тақырланған жұтаң жоқшылықтан да ешқашан ізгілікті іздей алмайсың. Өйткені, екеуі де бір аттасаң жардан құлататын дүниеауи шарықтау мен шамырқанудың қос қиырында тұр. Сондықтан, «алтын белорта» бір қиыр дан келесі қиырға шиырлап, ортабелдегі орнықты бағдарын анықтай алмай, «артық қыламын деп тыртық қылатындарға» тəрбие беріп, тəубесіне келтіретін ұғым. Бүгінде екі дəуірде өмір сүріп, бір-біріне қайшы келетін қос қоғамның өзіне ғана тән құндылықтарын санасында сапырылыстырған, ақырында адами ізгіліктің алтын қазығын анықтай алмай жүрген біздің бəзбір замандастарға сабақ болатын пəлсапалық сала. Михаил Булгаковтың əйгілі «Шебер мен Маргарита» шығармасындағы Мəс кеудің əдебиетшілер қауымдастығының төрағасы, атеист Берлиоздың ібіліспен ілініскен сəті еске түседі. Жаратқанды жоққа шығарамын деп басынан айырылған бейбақтың бейшара тағдыры сол замандағы барша қоғамға тəн құбылыс еді. Айтты не, айтпады не, атеизм бізді он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла тағаладан алшақтатты. Құдайға тіл тигіздіріп, рухани құлдыраудың шегіне сүйреді. Сөйтіп, қос жанардағы иманның нұрын, жүректегі мейірімнің шұғыласын өшірді. Қазада стақан қағыстырып, көрбасында үлкеннің жағасына жармасатын имансыз ұрпақ өсті. Бұл бір қиырдың шегі еді. Араға уақыт салып Алланың рахымы, құдайдың құдіретімен бейəдеп қоғамның орнына азаттықтың арайлы таңымен бірге жаңа жарылқап заман келді. Бəріміз Жаратқанмен қауышқан, иманыңмен достасқан мейірлі дəуірді көріп, мəре-сəре болдық. Жастарымыз жаппай сəждеге жығылды. Ақ дастарқан басынан арам сусындар алынып, адал асқа орын тиді. Құдайын ұмытып құтырғандар тəубесіне келді. Осылайша, қуаныштан бөркімізді аспанға лақтырып алып, оны қайта қағып алу қажеттігін қаперге алмаппыз. Келе-келе діннің қағидаты осы екен деп, ұлттық тамырды ұмытқан, ата салтымнан аһидам жақын, баба жолынан мазһабым артық дейтін тағы бір адасқан ұрпақ өсті. Бұл келесі қиырдың шеті еді. Өмірден мысал келтірсек. Бір танысымыз кезінде жастықтың буымен ащы суды аямай сіміруші еді. Түбі көрінбейтін көк шөлмекті жастанып жатып, ішкіліктің шегіне жетуге таяғантын. Үйінен береке кетіп, шаңырағы шайқалуға шақ қалған жолдасымызды əке-көкелеп жүріп, имандылықтың жолына бағыттауға тырыстық. Ерік-жігерін бойына жинаған ол əуелі ораза ұстады, соңынан намазға жығылды. Бəріміз қуандық. Алайда, араға уақыт салып əлгі танысымыз тағы да келесі қиырдан бір-ақ шықты. Шариғаттың барша шартынан жаңылыспас үшін бала-шағасының нан-пұлын айырып отырған жұмысын біржолата қойды. Діни фанатизмнің құрбанына айналып, дəстүрдің бəрін жын-шайтан көріп, жалпы, қоғамға жиһад жариялап, қару асынып жаһандық соғысқа аттанғысы келді... Бұл тұста мына бір тəмсіл еске түседі. Аллаға деген құлшылығынан Рахманның ізгілік лебі есіп тұратын шапағаты ерек сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) əрбір іс-əрекеті мен жүріс-тұрысын қайталағысы келетін мүміндердің сол заманда көп болғаны белгілі. Алланың расулы бір күні əдеттегідей мешітке кіргенде ішінде екі ағашқа керіп тартылған арқанды көреді. Мұның мəнісін сахабаларынан сұрағанда, олар Зейнеп анамыздың күндіз-түні үздіксіз құлшылық жасап, қатты қалжыраған сəтте құлап қалмауы үшін əдейі тартқызғанын айтады. Сонда пайғамбар жанындағылардан арқанды шешуді өтініп, əрбір адам шектен шықпай, шамасына қарай құлшылық жасау қажет екенін өсиет етіпті. Тағы бірде пайғамбарымыз дін жолында асыра кінəмшілдік пен шектен тыс қаталдық танытқандардың ақыры болмайтынын айтып, сендерге дейінгілер де шектен тыс сенімнің құрбаны болды деп ескертіпті. Алла елшісінің ізгілікті жолын жалғастырған имам хазіреті Əлі: «Белорта жолды ұстаныңдар, артта қалып қойғандар да жəне алға озып кеткендер де бұл жолға түсуді мұрат етеді» деген екен. Бүгінгі берекелі де бейбіт заманды көріп, Берлиоздар аңсаған атеистік, құдайсыз, құнсыз қоғамнан енді бізді Алла тағала сақтасын дейсің. Бірақ Жаратқан иеміз бізге ана құрсағында жатқанда жан бітіріп, жарық дүниені көрсетіп, тіршілік етуді нəсіп еткенде, ең əуелі, дүниеге ұрпақ əкел, оларды өсіріп, жеткіз, білім бер, имандылыққа тəрбиеле, отбасыңды адал еңбегімен асыра, Отаныңа қалтқысыз қызмет ет деген маңызды миссиясын белгілеген шығар деп ойлаймыз. Замандастарымыз біз айтып отырған «алтын белортаны» осы төңіректен іздесе екен деген ниет басым.

(«Егемен Қазақстан», 29 наурыз, 2017 жыл).

Ұқсас жаңалықтар