«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Бақытты елдер» рейтингінде Қазақстан 60-орында

«Бақытты елдер» рейтингінде Қазақстан 60-орында
ашық дереккөз
«Бақытты елдер» рейтингінде Қазақстан 60-орында
2017 жылға арналған «Әлемнің ең бақытты елдері» рейтингі жарияланды. Онда бірнеше жыл қатарынан бірінші орыннан түспеген Данияны Норвегия ығыстырды.

БҰҰ бастамасымен 2012 жылы құрылған Тұрақты даму саласында тиімді шешімдер шығару желісімен (SDSN) құрастырылған рейтинг биыл 155 мемлекетті қамтыды. Осымен бесінші жыл құрастырылған рейтингте Қазақстан 6 сатыға төмендеп, 60-орынға тұрақтаған. Былтыр Қазақстан 54-орында болатын.

ТМД елдері ішінде World Happiness Report 2017 рейтингінде Өзбекстан алда келеді – 47-орын. Ресей бұл тізімде 49-орынға тұрақтаған. ТМД елдері арасында Қазақстанның алдын ораған тағы бір мемлекет – Түрікменстан (59-орын). Ал бауырлас Қырғыз елі былтырғы 85-орыннан 98-ші орынға сырғып түскен.

Үздік үштікке Новегиядан бөлек Дания мен Исландия енді. Ал ең бақытты он мемлекеттің тізімінде Швейцария, Финляндия, Нидерланды, Канада, Жаңа Зеландия, Австралия мен Швеция бар.

«Бақытты елдер дегеніміз – молшылық пен әлеуметтік капиталдың тұрақты балансы бар елдер. Яғни, қоғамның жоғары сеніміне ие болған, теңсіздік деңгейі өте төмен, билігі әділ мемлекеттер», - деді SDSN директоры әрі БҰҰ бас хатшысының кеңесшісі Джеффри Сакс.

Тізімнің соңында Сахара шөлінен оңтүстікке қарай орналасқан Африка елдері тұр. Мәселен: Оңтүстік Судан, Либерия, Гвинея, Того, Руанда, Танзания, Бурунди мен Орталықафрикалық Республика.

Биылғы қорытынды бойынша, Германия 16-орында, Біріккен Корольдік – 19, Франция – 31. АҚШ бір саты төмендеп, 14-орынға жайғасты.

Сакстың айтуынша, АҚШ-тың өз позициясын жоғалтуына елдегі теңсіздік, билікке деген сенімсіздік пен парақорлық ықпал еткен. БҰҰ бас хатшысының кеңесшісі Американың жаңа президенті Дональд Трамп пен оның жаңашылдықтары жағдайды керісінше ушықтыра түседі деген пікірде.

Бұл баяндаманың басты мақсаты – ел үкіметтеріне, бизнес пен азаматтық қоғамға өркендеудің қосымша инструменттерін ұсыну.

Рейтингті құрастыруда 6 фактор ескерілді, олар: адам басына шаққандағы ЖІӨ, дені сау адам өмірінің ұзақтығы, еркіндік деңгейі, жомарттық, әлеуметтік қолдау және үкімет немесе бизнесте парақорлықтың болмауы.

Ұқсас жаңалықтар