Қазақ тілі, қазақ әдебиеті және Қазақстан тарихы...

Қазақ тілі, қазақ әдебиеті және Қазақстан тарихы...
ашық дереккөз
Қазақ тілі, қазақ әдебиеті және Қазақстан тарихы...

2009 жылы бекітілген классификатор өзгертілген жоқ

Соңғы уақытта Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындарындағы мамандықтар классификаторының жаңа жобасы жайлы, «Серпін» бағдарламасының тоқтатылатыны және қазақ-түрік лицейлері төңірегінде әртүрлі алып-қашпа әңгіме көп. Әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан негізгі тақырып та осы. Осыған байланысты министр Ерлан Сағадиев «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы» пәндері жоғары оқу орындарынан алынбайтындығын, жоғары оқу орындары 2009 жылы бекітілген классификатормен жұмыс істеп жатқандығын, сонымен қатар, «Серпін» бағдарламасы тоқталмағанын, керісінше, оның жаңа биікке, жаңа деңгейге көтерілетіндігін айтып, ресми мәлімдеме жасады. Білім саласында еңбек етіп жүрген маман болғандықтан гу-гу сөздің, бұл пікірталастардың негізсіз екендігін айтуды жөн көрдім. 2017 жылдың 1 ақпанынан бастап жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі бойынша мамандықтардың ешқандай да жаңа классификаторы қолданысқа енгізілген жоқ. Қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 5В020300 – «Тарих», 5В020500 – «Филология: қазақ тілі», 5В050400 – «Журналистика» мамандықтары бойынша студенттер күндізгі және сырттай оқу түрлері бойынша білім алуда. Сондай-ақ, университеттің 1-курс студенттері қандай мамандықты таңдаса да, «Қазіргі замандағы Қазақстан тарихы» пәнін оқиды. Республикамыздың өзге жоғары оқу орындарында да қоғамдық дау-дамай тудырып отырған өзгерістер орын алмаған. Ал жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік беретін «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы өз жалғасын тауып, жастарға мемлекет тарапынан қажетті деңгейде қолдау көрсетіліп отыр. Солтүстік, батыс және шығыс өңірлерде тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасамын дегендерге еш кедергі жоқ. Тіпті, осы өңірлердің әлеуметтік хал-ахуалын көтеруге бағытталған «Серпін» бағдарламасына бөлінетін грант саны да жыл сайын артып келеді. Көпшілік арасындағы гу-гу әңгіменің бірі – қазақ-түрік лицейлеріне қатысты. Елімізде қазақ-түрік лицейлері 1992 жылы екі елдің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғұт Өзалдың келісімімен ашылғаны белгілі. Аталмыш оқу орындары Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық академия жасаған және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен мемлекеттік оқу бағдарламасымен жұмыс істейді. Аталған білім ошақтары еліміздің жастарына сапалы білім беруге өз үлестерін қосып келеді. Қазақ-түрік лицейлері Елбасы көтеріп отырған Үш тұғырлы тіл саясатын іске асырған тиімді тәжірибе алаңы болды. Жыл сайын қазақ-түрік лицейлері түлектерінің 97 пайызы мемлекеттік гранттар, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарының стипендияларының иегері атанады. Қазақстанның алдыңғы қатарлы білім ордаларымен бірге, лицей түлектері Түркияның, Еуропаның және Американың танымал университеттерінде оқып, өз елінің мақтанышына айналуда. Тараз қаласындағы қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары бірнеше жылдан бері республикалық және халықаралық пән олимпиадаларында топ жарып, облыс көрсеткішін жоғары деңгейде төмендетпей ұстап тұр. Осының өзі екі ел арасындағы бұл келісімнің жемісті болғанын көрсетеді. Білім беру ісі – жауапкершілігі мол, абыройлы жұмыс. Сондықтан, оқыту үдерісі белгіленген тәртіп, бекітілген құжат негізінде жүзеге асады. Демек, әлі бекітіліп, қолданысқа енбеген жобаның төңірегіндегі дау-дамайға еруге еш негіз жоқ.

Гүлжан Өтепбергенова, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, магистр.

Ұқсас жаңалықтар